Талай отбасыға қуаныш сыйлаған «Асар» дәстүрі

Әулиеатада белсенді түрде жүзеге асуда

 

Дұрысынан бағамдай білсек, өткен күннен, тарихтан алатын үлгі-өнеге аз емес. Осынау байтақ даланы ұрпаққа мирас еткен бабаларымыз ертеден-ақ кездескен қиыншылықтарды бірге еңсеріп, ұйымдаса өткеріп отырған. Сын сағаттарда ортақ күш біріктіріп, жауға топтаса тойтарыс берген. Ауыл ағайын, жақындарына көптеп қол ұшын созып, көмектескен. Өйткені, олар бірлескен істе береке бар екенін әуел бастан-ақ түйсінген-ді. Соның бір керемет үлгісі  ретінде «Асар» игі дәстүрі қалыптасқан. Онда ауылдастары мен туыстары мұқтаждарға қол ұшын созып, үлкен істерді әп-сәтте тындыратын болған.

Бұл дәстүр былтырдан бастап облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен Әулиеата топырағында да өз жалғасын тапты. Игі бастаманы көтерген жергілікті «Рухани жаңғыру» жобалық офисі арнайы «Асарлатып үй салу» жобасын әзірлеп, іске қосқан-тұғын. Оның мақсаты ауылдастырының бірлескен күш-жігерімен көршілеріне, мүгедектерге, аз қамтылған отбасыларға және көпбалалы шаңырақтарға асарлатып тұрғын үй салып беру болатын. Бұл ретте, бірінші кезекте кімдерге көмек көрсетілетінін жергілікті ақсақалдар кеңесімен келісе отырып, тұрғындардың өздері шешті. Жергілікті атқарушы органдар да игі бастамадан тыс қалмай, барынша қолдау-көмек көрсетіп жатыр.

 

 

«Жамбылдықтар көптеген игі бастамаларды батыл түрде жүзеге асырып, елдің ықыласына бөленуде. Олардың қатарында «Асарлатып үй салу» жобасы да бар. Облыс тұрғындары ата-бабаларымыздың ежелгі дәстүрін қайта жаңғыртып жатыр. Жанашыр азаматтардың қолдауымен былтыр 100-ден астам мұқтаж отбасы баспаналы болды. Осынау шараға белсенді атсалысқан барлық облыс тұрғындарына алғыс айтамын. Мұның бәрі бізді баршаға оңай тимеген 2020 жылы одан әрі жақындастыра түскендей. Бұл жобаны биыл да жалғастырамыз. Асар әдісімен тағы 100 үй салу жоспарлануда», деген еді аймақ басшысы Бердібек Машбекұлы.

Былтыр бұл іске Байзақ ауданының Мәдімар ауылының тұрғындары алғашқылардың бірі болып кірісіп кеткенінен хабардармыз. Олар жалғыз өзі төрт баланы тәрбиелеп отырған Ғалия Құрмановаға төрт бөлмелі үй салып беруді қолға алған-ды. Ауылдық округ әкімінің шешімімен жергілікті мектепке күрделі жөндеу жүргізу кезінде босаған жер учаскесі мен құрылысқа жарамды материалдар бөлінген. Ауыл тұрғыны Ж.Дәулетов те негізгі құрылыс материалдарымен көмектессе, қалған көршілер, әсіресе жастар үй құрылысына белсене атсалысқан. Қабырғалары көтеріліп, шатыры жабылып, әрлеу жұмыстары жүргізілген, ішіне тұрмыстық жиһаздарына дейін қойылған баспана иесіне салтанатты жағдайда тапсырылған. Іле-шала осы аудандағы Үлгілі және Бәйтерек ауылдарында тұратын тағы екі отбасы жаңа үйге қоныстанғанын естіп, қуаныстық.

 

 

Жалпы, былтыр Байзақ ауданының 18 ауылдық округінің әрқайсысында асар әдісімен мұқтаж отбасыларға арналған бір-бір үйден салынған болатын. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев атап өткендей, ата-бабаларымыздың игі салт-дәстүрлері бүгінде өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ол өскелең ұрпақты мейірімділік пен өзара көмекке, жергілікті халықтың қолдауын бағалай білуге үндеді.

Өңірде биылдың өзінде «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 134 үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Кейбір елді мекендер тұрғындарының ұйғаруымен 16 баспана сатып алынатын болды. Қазіргі таңда 54 үйдің іргетасы қалана бастады, 18 үй пайдалануға беріліп үлгерді. Ал мұны тарқатып айтатын болсақ, Тараз қаласында ағымдағы жылы 14 үй салынады, бүгінде 6-уының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жамбыл ауданында да жоба аясында 8 үй салыну қажет болса, 5-уі иесіне тапсырылы, қалғандарында жұмыс жүргізілу үстінде. Жуалыда 12 «Асарлатып үй салу» жобасына енген, біреуі сатып алынбақ. төртеуінің құрылысы басталды.

 

 

Қордайлықтар биыл 22 үй тұрғызып, 5 баспана сатып алуды жоспарлаған болатын. Қазірдің өзінде 6 үйді мұқтаж отбасыларға үлестіріп қойды. Меркі ауданының тұрғындары да 13 үй салуға ниеттенсе, 10-ын өздері тұрғызып, үшеуін сатып алады. Мойынқұмның мәрт азаматтары 9 баспананың іргетасын қалап жатыр. Таластықтар 5 үйдің құрылысын бастап қойды, жыл басынан бері 3 баспананың қуанышын тойлап үлгерді. Т.Рысқұлов ауданының тұрғындары да жоба аясында 14 үй тапсыруды жоспарласа, оның 5-уін сатып алмақ. Қазіргі таңда 4 баспананың қабырғасын қалау үстінде, 2 үй иесін тапты. Сарысу ауданының азаматтары 8 үйдің құрылысын жүргізбек, бүгінде біреуіне мұқтаж отбасы қоныстанды. Шулықтар 1 үйді сатып алып, 1 баспананы тұрғызбақ.

Соңғы шегесі қағылған мұндай үйлерді тапсыру рәсімдері де бір ғанибет. Мәселен, Талас ауданындағы Аққұм ауылының тұрғыны Қанат Тәкеевке берілген баспананың кілтін беруге арналған жиынға Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да куә болған еді. Сол кезде осы ауылдағы Төлебай Тұңғатар мешітінің қызметкерлеріне де қызметтік нысанның кілті табыс етілді. Бұл шаруалардың атқарылуына ауылдан шыққан еріктілер де зор үлес қосқан болатын. Сол кезде ел мұсылмандарының дінбасы «Келісті атаның жолы кейінгіге үлгі» екенін айтып, жақсы істі жаңғыртып, жалпының жанын жадыратқан «Асар» ағайынның арасын нығайтуға, әлсізді демеуге үлкен себепкер болғанын жеткізген. Ел арасына тың ой салған игілікті іс деп баға берген-ді.

 

 

«Жақсылықты бөліссең, көбейеді. Сынаққа толы өмірде біздің ғұмырымыз осындай жақсы істерден тұруы тиіс. Қайырымды істердің ұйытқысы болып жүрген ауыл тұрғындарына Алла разы болсын! Баспанаға мұқтаж азаматтардың ісіне жеңілдік берсін. Бүгін ақ түйенің қарны жарылып, ақжолтай жаңалыққа толды. Біздің де имамдар, қайырымды жандар осындай қысылтаяң уақытта тоқтамай, үлгі істерін жалғастыруда. Өнеге іс жалғасын тапсын», деген еді Бас мүфти. Дуалы тілден, ақ пейіл көңілден шыққан сөздің де септігі шығар, сауапты жоба биыл да ретін тауып, мұқтаж жандардың қуаныштарын еселеу үстінде.

Сонда берілген жаңа баспананың сырты қоршалып, заманауи үлгіде соғылғанын көрдік. Көлемі 110 шаршы метрлік төрт бөлмелі үйдің құрылысын ауыл жастары тура төрт айдың ішінде аяқтап шығыпты. Құрылыс жұмыстарына 4 миллион теңге қаражат жұмсалған. Оны да ауылдастар мен кәсіпкерлер жинап берді. Тіпті, алыс-жақын облыстардан да көмек қолын созған ағайын мен елге танымал өнер қайраткерлері де бар. Демеушілердің көмегімен жаңа қоныс иелеріне жиһаз бен тұрмыстық техника да тарту етілгені естен шыға қойған жоқ. Айта кетерлігі, Қанат Тәкеев – төрт баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты әке екен. Оның жұбайы бірнеше жыл бұрын жол апатынан қаза тауыпты. Сол тұста үй иесі осындай үлкен үй салып беруге атсалысқан аудан, ауыл басшыларына, имамға, ақсақалдар мен жастарға, кәсіпкерлерге, барлық ауылдастарыга шексіз алғысын білдірген.

 

 

Ал әлгі қызметтік үйдің құрылысын жүргізуге Аққұм ауылының азаматы Асангелді Отаров тікелей жетекшілік етіп, негізгі қаражатты өз қалтасынан төледі. Құны 3 миллион теңгелік 4 бөлмелі, 90 шаршы метр бұл нысанда бүгінде ауыл балалары асыл дініміз Исламның қыр-сырын үйреніп жүр. Қызмет үйі ұстаздарының жалақысын ауылдан шыққан азамат Талғат Байсынов өз қалтасынан төлеп отыр.

Бұған дейін Талас ауданында асарлатып салынған үйлердің алғашқысы Майтөбе ауылында берілген болатын. Бұл шаруа ауданның ерікті жастарынан құрылған «Жан жылуы» қайырымдылық қорының қолдауымен жүзеге асқан-ды. Жобаға жергілікті кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары және де қарапайым ауыл тұрғындары қаржылай аударып, игі іс атқаруға ниеттестік танытқан, ақыры соңына жеткізген. Жаңа баспанада да қолайлы өмір сүруге барлық жағдай жасалған. Қайырымды жандардың демеушілігімен баспана 3 ай мерзім ішінде қолданысқа берілді. Жалпы жобаға 5 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалған.

 

 

Жалпы, өткен жылы әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы отбасыларға басымдық беретін «Асарлатып үй салу» жобасы аясында барлығы 123 үйдің кілтін табыс ету жоспарланған болатын. Нәтижесінде 117 баспананың құрылыс жұмыстары басталып, 62-сі пайдалануға берілді. Кейбір елді мекендердің тұрғындарының ұйғаруымен 6 үй асарлатып сатып алынды. Сауапты шараның арқасында үйлі болған шаңырақтарда шамамен 540-қа жуық адам бар екен. Ал жобаның құны 382 миллион теңгеден астам қаражатты құрады.

 

Жасұлан СЕЙІЛХАН,

Жамбыл облысы