Вакцинаның қадірін ұмыттық
“Базарым-ай, Назарым-ай, қу шешектен болды-ау сенің ажалың-ай” деген Кененнің зарлы өлеңін естіген боларсыздар. Әлемдегі ең алғашқы вакцина сол шешекке қарсы ойлап табылған. Содан бері инфекциялық біраз ауруға қарсы көптеген вакцина шығарылды. CDC* вакцинаның арқасында адамзат 14 түрлі ауруды ұмытты десе де болады деп мәлімдеме жасады. Олардың қатарында полиомиелит (сал), сіреспе, гепатит Б және А, краснуха, дифтерия, қызылша және тағы басқа аурулар бар.
Ханс Рослингтің айтуынша, бүгінде әлем бойынша 1-ге толған балалардың 80 процентінде әйтеуір бір ауруға қарса вакцина бар. Рослинг медицинаның, соның ішінде вакцинаның және адамзаттың тұрмыс жағдайының жақсаруының арқасында адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы көбейіп, ана мен бала өлімі азайып келе жатқанын нақты және сенімді статистикаға сүйене отырып анықтаған. 1900 жылы әлем бойынша адамдардың орташа жасы небәрі 32 жас болған. Бүгінде бұл көрсеткіш 71.7 жасқа жетіп отыр. Тағы да қайталап айтайын — мұндай прогреске қол жеткізуге вакцинаның қосқан үлесі ерекше.
Біз медицинаның көмегімен көптеген аурулардың жеңіп, соңғы 50 жылда айтарлықтай үлкен пандемиялар мен эпидемияларды бастап кешірген жоқпыз. Көбіміз эбола, шошқа тұмауы сияқты ауруларды тек жаңалықтардан естіп, жәйбарақат өмірге әбден үйреніп алдық. Осылайша біз вакцинаның қадірін ұмыттық. Вакцинаның құдіретіне күмәнмен қарай бастадық. Кейбір «ақындарымыз» вакцина харам деген пәтуа шығарып, екпе алмағандарға пәтер алуға көмектесетіндерін жариялады.
Десек те, вакцинаға күмәнмен қарау тек бізде ғана емес, сонымен бірге әлемде де кездесетін құбылыс екенін айта кету керек. Мысалы, 2019 жылы АҚШ-та бірнеше онжылдықта болмаған қызылша ауруының өршуі тіркелді. CDC-дің айтуынша, ауырғандардың 75%-ке жуығы діни сеніміне байналысты вакцина салдырмағандар екен. Өршу негізінен Нью-Йорк штатындағы Роклэнд пен Бруклиндегі ортодокс еврейлердің арасында тіркелген. Одан кейінгі көрсеткіш Вайоминг штатындағы меннонит қауымдастығына тиеслі. Діннен бөлек вакцинаға күдікпен қарауға интернет те әсер еткен сияқты. Бүгінде кез келген адам ньюсмейкер бола алатын жағдайға жеттік. Кез келген адам расталмаған кез келген ақпаратты оңай тарата алатын заманда өмір сүріп жатыр. Сыни ойлауы дамымаған, ақпараттың дұрыс-бұрысын тексеру мен оның маңыздылығын екшелей алмайтындар қабылдаған ақпараттан қате тұжырым жасауы әбден ықтимал.
Адамдардың вакцинаға күдікпен қарауын “Сделано, чтобы прилипать” кітабын жазған Чип және Дэн Хиздің зерттеуімен түсіндіруге тырысайын. Олар белгілі бір позициялардың, идеялардың есте сақталып, кеңінен тарап, өміршең болуының заңдылығын тапқан. Ол үшін сіздің идеяңыз қысқа (short), тосын (unexpected), нақты (concrete), сенімді (credible), эмоциялы (emotional) және оқиға ретінде айтылған (they are told as stories) болуы қажет. Әрине идея есте қалуы үшін осы 6 элементтің барлығы бірдей болуы шарт емес.
Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде міндетті вакцинациялауға байланысты қоғамдық талқылау болған кезді еске алайық. Әлеуметтік желіде вакцина салдарынан мүгедек атанған немесе қайтыс болып кеткен кішкентай балалардың жантүршігерлік оқиғалары кеңінен тарады. Әрине, өте қайғылы жағдай және ондай фактілер шынымен тіркелген, оны ешкім жоққа шығара алмайды. Баласынан айырылған, кішкентайы мүгедек болып қалған ата-аналарға Алла Тағала қуат берсін деуден басқа амалымыз жоқ.
Мұндай оқиғаларда Чип және Дэн Хиздің зерттеп тапқан 6 элементтің кемінде төртеуі кездеседі. Аталмыш оқиғаларды көп жағдайда ата-аналардың өздері айтқандықтан нақты әрі сенімді, эмоциялы болады және ол оқиға түрінде баяндалады. Сол себепті вакцина салдарынан болған қайғылы оқиғалар кеңінен тарайды және адамдардың есінде сақталады. Ешбір ата-ана өз баласына жамандық ойламайды — вакцина салдырмау да сол баласына деген жанашырлықтан қалыптасқан позиция.
Дейтұрғанмен мұндай қайғылы жағдайлар жалпы халық санына шаққан кезде статистикалық тұрғыдан айтарлықтай көп еместігін ғалымдар дәлелдеген. Вакцина әзірлеу бірнеше тыңғылықты процесстерден тұрады. Тек клиникалық сынақтың үш кезеңі бар: 1-кезеңде вакцина 20-80 адамға, 2-кезеңде 100-300 адамға, ал 3 кезеңде 1000-3000 адамға салынады. Ғалымдар вакцина қауіпсіз екеніне әбден көзге жеткізгенде ғана оны көпшілікке сала бастайды. Десек те, ешкім ешбір вакцинаның 100% қауіпсіз екеніне кепіл бере алмайды. Себебі, бұл теңдеуде вакцина қабылдаушының денсаулығы, вакцинаның сапасы, оның тасылмалдануы мен сақталуы сияқты айнымалылар бар.
Мен жоғарыда аталған вакцилардың барлығын алғанмын. Кеше коронавирусқа қарсы екпенің екінші компонентін салдырдым. Ковидке қарсы вакцина салдыруға келгенде маған америкалық ғалым Адам Гранттың позициясы жақын. Профессор Грант ““Вакциналар қауіпсіз” деу қате месседж. Адамдардың вакцинаға деген үрейлерін жоққа шығармай, оларды мойындаған тиімдірек: “Біз вакцинаның адам ағзасына тигізетін ұзақ мерзімді зардаптарын әлі толық білмейміз. Біз сонымен бірге ковидтің де ағзамызға тигізер ұзақ мерзімді зардаптарын білмейміз. Алайда қолда бар ақпаратқа сүйене отырып, вакцинаның пайдасы оның зиянына қарағанда көбірек екенін айта аламыз”.
Ауырмаңыздар! Жақындарымыз аман болсын!
Фото: Франция модельдері ассоциациясының мүшелері қызылшаға қарсы вакцина қабылдап жатыр. 1955 жылы, 2 қазан.
*Centers for Disease Control and Prevention (CDC) — АҚШ-тағы ауруларды қадағалау мен алдын алуға жауапты АҚШ денсаулық сақтау министрлігінің федералды агенттігі