БІР КҮНДЕ ТАРАЗДА 25 ТОЙ ТОҚТАТЫЛДЫ

Соңғы апталарда Тараз қаласында эпидемиологиялық ахуал ушығып, вирус жұқтырғандардың қатары азаяр емес. Сол себепті де Тараз қаласы әкімдігі тарапынан құрылған мониторингтік топтар жұмысын ширатып, шаһарда орналасқан кәсіпкерлік субъектілеріне күнделікті рейд жүргізуде.

Жалпы карантиндік шектеу шаралары басталғаннан бері 473 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, 91 213 815 теңге сомасында айыппұл салынды. 21 талап-арыз материалдары ауданаралық экономикалық сотқа нысанның қызметін тоқтатуға жіберілді. 15 нысанға қатысты шешім шығып, 4 іс-құжат қараусыз қалдырылды. Сондай-ақ 2 іс-құжатты қарау тоқтатылды.

 

Тамыз айында рейд барысында 73 хаттамалық акті толтырылды. Атап өтер болсақ, «Taraz Hall», «Imperial», «Grand Royal» және «Zaravshan» мейрамханаларында бір күнде 3 той өткізіліп, әрқайсысына жеке-жеке хаттамалық акті толтырылды. Барлық толтырылған хаттамалық актілер Әкімшілік құқықбұзушылық туралы ҚР кодексінің 425-бабының талаптарына сәйкес қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына шара қолдану үшін жолданды.
Мониторингтік топтардың жұмысының нәтижесінде бүгінде аурушаңдық деңгейі төмендеді. Мәселен, тамыз айының алғашқы үш күнінде тәулігіне 150-190 ауырған адам тіркелсе, соңғы үш күнде көрсеткіш 3 есеге дейін түсті. Яғни қазір күніне 40-60 науқас тіркелуде.
Сонымен қатар мониторингтік топтармен қатар, облыстық және қалалық әкімдік қызметкерлері де аурудың алдын алу, көпшілік іс-шараларды өткізбеу, екпе салдыру бойынша түсіндіру жұмыстарына жұмылдырылды. Мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілді. Осылайша 31 шілде күні Таразда 25 той тоқтатылып, хаттама толтырылды. Айта кетерлігі, тұрғындар қуаныштарының шырқын бұзбау, тоқтатпау үшін түрлі әрекеттерге барады. Қарсылық көрсетеді. Тіпті, топ мүшелеріне бейәдеп сөздер айтып, қол көтеру, қоқан-лоқы көрсету жағдайлары да бұған дейін болған. Оған қатысты мониторингтік топ мүшелері тарапынан құқық қорғау органдарына арыз түсіп, соттың шешімі де шыққан.

 

Ал 1 тамыз күнгі рейд барысында қала аумағында барлығы 13 кәсіпкерлік нысанға акті толтырылды. «Ай жұлдыз» мейрамханасына екінші мониторингтік топ кезекті рейдке шыққан. Той иелерінің тойды тоқтатуға қарсылық білдіріп, қаулыны орындаудан бас тартуына байланысты топ мүшелері өз әріптестерін көмекке шақырған. Осы кезде басқа мейрамханада түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүрген әкімдік қызметкерлері «Ай жұлдыз» мейрамханасына барып, той тоқтатылады. Карантин талаптарын сақтамай, отбасылық іс-шара жүргізген «Ай жұлдыз» мейрамханасына екінші мобильді топ мүшелері С.Сұлтанов пен Н.Аманмұраттың тарапынан хаттамалық акті толтырылған. Актіге мейрамхана қожайыны З.Тамтыбаев таныстым деп қол қойып берген.

 

Мейрамханаға әкімдік қызметкерлері келген уақытта мониторингтік топ мүшелеріне қатысты қоқан-лоқы көрсету іс-әрекеті орын алмаған. Мониторингтік топ мүшелері тарапынан құқық қорғау органдарына арыз түспеген. Толтырылған хаттамалық акті 2021 жылдың 3 тамызында №04-7404 хатымен қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына шара қолдану үшін жолданды.
Айта кету керек, қазіргі таңда Тараз қаласында коронавирустық инфекциямен ауырған науқастарды емдеуге арналған 4 инфекциялық стационар жұмыс істеуде. Ал стационарларда 1434 науқас (1135-і қала тұрғыны) ем қабылдауда.

Тараз қаласы әкімдігінің
баспасөз қызметі