АҚТӨБЕГЕ ҚАЛДЫҚТАРДЫ СҰРЫПТАП ЖИНАЙТЫН ТЕХНИКАЛАР ӘКЕЛІНДІ

«ӨКМ Операторы» Ақтөбе шаһарында қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымын дамыту үшін арнайы контейнерлер мен техникалар сатып алып берді. Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің, қала әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен осы техникаларды тапсыру рәсімі өткізілді. Аталған компания өкілдері арнайы техникалардың жұмыс істеу тәртібімен таныстырды.

«ӨКМ Операторы» ЖШС Басқарма Төрағасы Медет Құмарғалиевтің айтуынша, Ақтөбе қаласы үшін макулатура, пластик, шыны қалдығын тастауға арналған барлығы 1 443 контейнер және қалдық шығаратын 6 жаңа техника сатып алынған.

Бүгінгі таңда шыныға арналған 481, пластикке арналған 87 және қағаз-картон қалдығын салуға арналған 71 контейнер әкімдік еншісіне ресми түрде тапсырылып отыр. Қалған 804 контейнер жыл соңына дейін кезең-кезеңімен беріледі. Бұл қалдықтар уақытша арнайы базаға апарылып, сұрыпталады. Ал болашақта тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын зауыт салынады, — деді ол.

«ӨКМ Операторы» ЖШС біздің қаламыздан шығатын тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын заманауи кешен сатып алуды да қаржыландырды. Бүгінгі таңда аталған серіктестік Гректің «Sabo» компаниясымен қажетті құрылғыларды орнату жөнінде келсімге келген. Ақтөбеде қалдық басқару жүйесін жүзеге асыруға барлығы 1,3 млрд теңгеден астам қаражат бағытталып отыр.

 

 

— Аймақта қатты тұрмыстық қалдықты бөлек жинау төрт фракция бойынша жүзеге асырылатын болады. Яғни қайта өңдеуге жарамды қалдықтар үшке бөлініп тасталады. Торлы контейнерге пластик-металл қалдығы, жасыл түсті контейнерге қағаз-картон, көк түсті контейнерге шыны қалдықтары салынады. Ал органикалық және өңделмейтін қалдықтар бұрынғы контейнерге салынатын болады. Қайта өңделетін қалдықтарды арнайы қоқыс таситын көліктер алып кетеді. Ақтөбе қаласы үшін сатып алынған 6 машинаның екеуі кран-манипулятор қондырғысы бар шыныға арналған техника болса, қалған төртеуі қазаз-картон мен макулатура қалдығын жинайды, — деді компания басшысы.

Қала әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, Ақтөбеде тұрмыстық қалдықты бөлек жинау инфрақұрылымын ұйымдастырудың негізгі жобасы – жылына 100 мың тонна тұрмыстық қалдықты сұрыптайтын автоматты кешен салынады.

— Аталған кешен құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, іске қосу жоспарланып отыр. Жергілікті бюджеттен және қоқыс шығаратын ұйымдар есебінен тамақ қалдықтарын жинауға арналған 780 контейнер сатып алынатын болады. Қайталама шикізатты қабылдайтын 10 стационарлық бекет ашу және сұрыптау кешеніне арналған ғимарат құрылысы қаржыландырылады. Қазіргі уақытта қалада қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 10 пайыз болып отыр, бұл көрсеткішті алдағы жылы 30%-ға дейін жеткізу міндеті тұр, — деді Асхат Шахаров.

Аталған кешенді жұмыс өңірдегі қалдықтарды қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға, тұрмыстық қалдықты бөлек жинау инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.

Асхат Шахаровтың айтуынша, жаңа контайнерлерді орналастыру жұмыстары «Нұр-Ақтөбе» ауданында басталған, одан соң Батыс-2-ге, басқа да аудандарға қойылады. Облыс әкімі тұрғындар тарапынан наразылықтар туындамауы үшін қалада шығарылған қоқыстарды уақытында жинау қажеттігін тапсырды.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ,

Ақтөбе облысы.