БҮГІН ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ МАҚТАНЫШЫ – ЖҰМАБЕК ТӘШЕНЕВКЕ ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ

1.ЖҰМАБЕК ТӘШЕНЕВТІҢ ӨМІРБАЯНЫНАН КЕЙБІР МӘЛІМЕТТЕР

Өткен ғасыр халқымыз үшін ұлы нәубет пен зобалаңдар көп болды және қазақтың басына туған қаралы күндерде «елім» деп еңіреп, халқы үшін туған ерлерге де толы болды. Олардың арасында ерекше орын алар тұлға — Жұмабай Шаяхметовтың шәкірті болған – Жұмабек Тәшеневтің алар орны ерекше.
Ұстазы да, шәкірті де тарихта өнегелі істерімен танылған еді. Ұстазы тың игеру науқанына қарсылық білдіріп, лауазымды қызметінен аластатылып, Шымкентке жіберілсе, екіншісі – Қазақстанның солтүстік облыстарының Ресей Федарациясына қосылуына қарсылық білдіргені үшін қызметінен босатылып, ағасы барған жерге — Шымкентке «жер аударылды».
Батыр ағамыз 1915 жылы 2 наурызда Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Бабатай ауылында дүниеге келген. 1928-1933 жылдар аралығында Бабатай шаруа жастар мектебінде білім алған, 1947-1948 жылдары Казақ КСР ОК жанындағы Жоғары партия мектебінің партия және кеңес жұмысшылары басшыларын қайта даярлау курсынан өтеді. 1955 жылы сырттай Жоғары партия мектебін тәмамдайды. Ал 1962 жылы Мәскеуде кандидаттық диссертациясын қорғап, экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алады.
Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы партиялық және мемлекеттік органдардағы қызметінде өзін жақсы қырынан көрсете білген. 1955-1960 жылдар аралығында Қазақ КСР Жоғары Кеңесі төралқасының төрағасы қызметін атқарған. 1960-1961 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тағайындалып, кейін «жұмысын дұрыс атқара алмады» деген желеумен қызметінен босатылған. Сондықтан да 1961 жылдан бастап Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған.
Жұмабек Тәшенұлы билік басында болғанда, экономикалық көрсеткіштер едәуір жақсарды: электр қуатын өндіру 2 есе, мұнай өндіру – 1,6 есе, көмір – 2, цемент өндіру – 15 есе, аяқ киім өндіру – 4, ет өндіру – 2 есеге т.б. ұлғайған.

 

 

2.ЖҰМАБЕК ТӘШЕНЕВТІҢ ЕРЛІГІ

Бұл адам – волюнтарист Н. Хрущевтың сілтеуімен Қазақстанның 5 солтүстік облыстарын Ресей құрамына енгізу туралы әрекетіне тойтарыс беріп, ерлік жасаған Ұлы тұлға! Жер мен Ел үшін күрескен нағыз Ер республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақтық тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Мұндай қадам тек ержүрек, батыл, өз елін шексіз сүйетін адамның ғана қолынан келеді!
1960 жылы 26 желтоқсанда Тың өлкесінің құрылуы туралы Жарлық шықты. 1961 жылы 20 наурызда Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының қаулысымен Ақмола Целиноград қаласы болып өзгертілді. 1961 жылғы 24 сәуірде құрамында 14 ауданның орталығы Целиноград қаласы болып Целиноград облысы құрылды. Бұл орайда, тиімді пайдаланбақ болған сондай-ақ Н.С. Хрущев 1961 жылы Қазақстанның 5 облысын көрші Ресей құрамына қоспақшы болды. Оңтүстік Қазақстанның бір бөлігін Өзбекстанға, Маңғыстау облысының бір бөлігін – Түркменстанға қосуды жоспарлады.
Бұл әрекетке қатаң түрде тосқауыл қойған Жұмабай Ахметұлы Тәшенев болатын. Ол қайтпас табандылықпен КСРО басшысы Никита Хрущевқа былай деп мәлімдеді: «Егерде КСРО Жоғары Кеңесі жергілікті биліктің келісімінсіз одақтас республикаларға жерімізді берген жағдайда, КСРО Конституциясының күшін тоқтатату керек. Онда әрбір республиканың тарихи жері оның меншігі деп анықталған. Және бірде бір одақтық ұйым бұл ережені бұза алмайды. Егер Конституцияның бұл талабы өрескел бұзылатын болса, біз Халықаралық құқықтық ұйымдардың араласуын сұрауға хақымыз бар!», – деген.
Тура осындай қатаң тойтарысты Тың өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Т.Соколовқа да береді: «Егерде сен Қазақстанға бағынғың келмесе, 24 сағаттың ішінде көзіме көрінбей жоғал! Тың өлкесі Ресейдің құрамына ешқашан кірмейді! Осылай деп өзіңнің басшыңа жеткіз!», – дейді. Жұмабек Тәшенев «өзіңнің басшың» деп, мәскеулік бүкілодақтық басшы Н.С. Хрущевты меңзеп тұрған болатын.
Ал Қазақстан Компартиясының ОК бюросында барлығы еститіндей қатқыл дауыспен: «Мен Ақмолада туып-өстім. Бұл жерде әке-шешемнің, ата-бабаларымның зираты жатыр. Сіздер бұл жерді Ресейге беріп жібермексіздер ме!? Мұндаймен ешбір қазақ келіспейді?! Жолдастар ойланыңыздар! Мен осындай мәселені шешу түгілі, көтерудің өзіне қарсымын…», – деген.
Сол уақыттағы обком хатшылары – Целиноград облыстық комитетінің бірінші хатшысы Т.Соколов, Қостанай – А.Бородин, Көкшетау – А.Трещев, Солтүстік Қазақстан – Н.Борзов, Павлодар – С.Елагин Орталықтың волюнтаристік шешімімен іштей келісіп отырғандықтан, үнсіздік танытты. Тек қана өз жері мен елінің нағыз ұлтжанды азаматы Жұмабек Тәшенев үзілді-кесілді қарсылық білдірді.
Жұмабек Тәшеневтің дәлелді де, қатаң түрдегі сөзіне Н.Хрущев нақты жауап бере алмады. Бірақ, ренішін ішіне бүгіп қалды. Отырыс аяқталған соң, батырдың иығынан қаққан Д.Қонаев: «Әй, Жұмеке, нағыз батырсың ғой, арыстандай атылдың», – деп қайран қалыпты. Мезетте жауап қайтарған Ер: «Мен өз жерім мен халқым үшін қандай болса да сынаққа дайынмын», – дейді. Жұмабек Тәшенев өзінің мәнсабы төмендеп қалғанда, «Мен халқымның жерін ешқандай мәнсапқа айырбастамаймын!» деген сөзін замандастары тастамай айтып жүргені белгілі.

3.ТӘШЕНЕВТІҢ ШЫМКЕНТКЕ ҚҰРМЕТПЕН «ЖЕР АУДАРЫЛУЫ»

Өз қоластындағы бағынышты адамнан осыншалық тойтарыс күтпеген Н. Хрущев бір айдан соң, Жұмабек Тәшеневті жоғары лауазымнан алып, бұрыннан қалыптасып қалған үрдіс бойынша, солтүстік өңірден оңтүстікке «жер аударып», Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне жіберді. Оның есімі БАҚ беттеріне басылмады. Бұрынғы кинотаспалардан ол туралы көріністер қиылып, алып тасталынды. Ерді ірі республикалық және одақтық шараларға шақырмады.
Жұмабек Тәшеневтің бұл әрекеттері нағыз ерлікке жататын. Оның бұл ерлігі ұлттық мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білгендігін дәлелдейді. Батыр жоғары қызметінен айырылды, есесіне Қазақстанның солтүстік өңірі мәңгілікке Қазақ КСР құрамында қалды! Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы (1962-1964 жж.) И.Юсупов өзінің естеліктерінде батыр туралы: «Хрущевқа Ж.Тәшеневтен басқа ешкім де қарсы тұра алмаған. Қазақ халқы осындай батыр ұлдарын ешқашан ұмытпауы тиіс!», – деп сүйіне жазды.
Жаңа қызметте де Батыр беріле жақсы жұмыс жасады және өзінің іс-әрекеті туралы ешқашан өкініш білдірмеді. Жергілікті халық оны ерекше құрметтеді. Ол дүниеден өткенде, Целиноград облысынан туыстары мен жерлестері сүйегін алып кетуге келген кезде: «Жұмабек Тәшенев бүкіл халықтың ұлы сондықтан сүйегін бермейміз», – деген жергілікті халықтың қарсылығына тап болады деген әңгіме де ел арасында бар…
Жұмабек Тәшеневтің азаматтық ерлігінен кейін қазақ жерін көрші мемлекеттерге күшпен тартып беруге деген Орталықтың әрекеттері біршама уақытқа дейін басылып қалды. Н. Хрущев биліктен кетіп, орнына 1965 жылы 19 қазанда Л.И. Брежнев келгеннен кейін, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Президиумы Тың өлкесін тарату туралы Жарлығын шығарды. Өлкені таратумен қатар «Целинный край», «Тың өлкесі», «Молодой целинник» газеттері таратылды. «Целинный край» газетінің орнына облыстық «Целиноградская правда», «Тың өлкесі» газетінің орнына «Коммунизм нұры» газеттері шығатын болды.

 

4.ЖҰМАБЕК ТӘШЕНЕВТІҢ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНДА АЛАР ОРНЫ МЕН РӨЛІ

Қазақ халқы еліміздің солтүстік жерлерін көрші елдерге өтіп кетуден сақтап қалған өз батырының есімін ешқашан ұмытпайды. Жұмабек Тәшеневтің бұл іс-әрекеті замандастары мен ұрпақтарына –үлгі: бір ғана адам жүздеген және мыңдаған адамның жасай алмайтын әрекетін жасап, ерлік көрсетті. Сондықтан да, оның ерлік ісінен кейін, Қазақстанның әнұранына айналған Ж.Нәжімеденов пен Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні туған болатын. Сол тұста Ж.Молдағалиевтың «Мен қазақпын» поэмасы жарық көріп, елдің рухын көтерді. Сол уақытта қазақ жазушылары Ә.Кекілбаев пен І.Есенберлин, Е.Бекмахановтан кейін жазалауға ұшыраған қазақ тарихын қайта жаңғыртуға алғаш қадам жасаған тарихи романдары жарық көрді. Ж. Тәшеневтің ерлігі 1979 жылы маусымда Қазақстанда неміс автономиясын құруға қарсы Целиноград көшелерінде болған шеруге шығуға түрткі болды. Оның батыл қадамы 1986 жылғы Алматыда орын алған желтоқсан көтерілісшілеріне рух берді…
Өз еліне жасаған өлшеусіз еңбегі үшін Ленин, Еңбек, Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, т.б. марапатталған. Мемлекет тарихы институты ол туралы монография шығарды. Еліміздің біраз қалаларына оның құрметіне көшелер аталып, Шымкентте ескерткіш орнатылды.
Халқының батыр ұлы Жұмабек Тәшенев 1986 жылы дүниеден өтті. Жұбайы екеуі бес баланы тәрбиелеп өсірді. Оның балалары, немерелері, шөберелері елінің мықты азаматтары болып ер жетіп, Тәуелсіз Қазақстанның игілігі жолында қызмет жасауда.
Бүгінде Қазақстан жер көлемі жағынан 9-шы орынды иеленіп отырғанын, және біз тәуелсіздік жағдайында өмір сүріп отырғанымызды ескерсек, алда мұнда халқының қадірлі ұлы Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің қомақты үлесі бар. Ол Қазақ жерінің талан-таражға салынып кетпеуіне Ресей мен басқа да республикаларға күшпен таратылып берілуіне бірден-бір қарсы тойтарыс берген қазақтың біртуар Ұлы!
Қазақтың талантты ақыны Мағжан Жұмабайұлы өзінің «Батыр Баян» атты поэмасында Жұмабек ағаларымыз сияқты нағыз Ерлер туралы былай деген:
«Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас,
Ел үшін жанын кешіп, жауды қуған
Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас
Арқаның селі,желі, шөлі, белі

Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас!»

 

Зиябек Кабулдинов