Тараздағы жойқын жарылыстың себебі анықталуда

26 тамыз күні сағат 19:00 шамасында Жамбыл облысы, Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде қоймалардың бірінің жанынан өрт шығып, арты жойқын жарылысқа ұласты. Және ол жарылыстар жойқын болды әрі бірнеше рет қайталанды.

Аталған әскери бөлім Тараз қаласынан шамамен 18 шақырым қашықтықта орналасқан. Алғашында өрт салдарынан белгісіз заттар жарылды деген ақпарат тарады. Кейін белгілі болғанындай қоймада сақтаулы тұрған иженерлік снарядтардың жарылғаны нақтыланды.

Өртті сөндіруге әскери бөлімнің шынжырлы өрт сөндіру машиналары тартылып, оларға Жамбыл облысының ТЖД өрт сөндіру құрылымдары көмектескен.
Соңғы жарылыс түнгі сағат 2.00-де болды. Оның қуаты қашықта жатқан облыс орталығына анық сезілді.

Қазір арнайы құрылған штаб пен арнайы мамандар өрттің салдарын жою, себебін анықтау жұмыстарымен айналысуда.
Оқиға орнына еліміздің Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Руслан Шпекбаевтың басшылығымен Қорғаныс министрлігінің комиссиясы келіп жетті.

Орын алған оқиғаға байланысты бүгін таңертең Жамбыл облысының әкімдігі төмендегі жайттарды ресми хабарлады:
«Өңірдің төтенше» жағдайлар, құқық қорғау және медицина саласының өкілдері барынша жұмылдырылды.
Қазіргі таңда жарылыс тоқтады. Жағдай тұрақты, бақылауда.
Аталмыш мәселеге байланысты қандай да бір туындаған сұрақтар үшін:
– 109 телефон нөмірі;
– 8-778- 810-91-09 ватсап желісі арнайы іске қосылды.

 

Сонымен қатар, 8(7262) 51-41-67, 8(7262) 51-37-75 телефон нөмірлері арқылы жедел желіге хабарласуға болады.
Апат орын алған аумақтан эвакуацияланған тұрғындарға арналып, жалпы алғанда 10 мектеп пен 5 колледж ғимараттарынан 400-ден астам орын дайындалған.
Қосымша 1000-ға жуық орын дайындау мүмкіндігі қарастырылған.

Жедел медициналық көмек көрсету үшін 37 жедел жәрдем бригадасы, оның ішінде 3 медициналық авиациялық бригада тартылған. Оның ішінде 1 бригада Тараз қаласындағы №5 мектепте кезекшілік етеді, Тараз политехникалық колледжінде 1 бригада, онда Байзақ ауданы, Базарбай ауылынан бұған дейін 226 адам эвакуацияланған болатын.

27 тамыз 10.00 сағаттағы жағдай бойынша эвакуация орталықтарында жалпы 29 адам қалып отыр, оларға қажетті жағдай жасалып, таңғы ас берілді.

Жағдайға байланысты бүгін барлығы өз қалауларымен тұрғылықты мекен жайларына оралатын болады.

Травматолог, нейрохирург, хирург, реаниматолог және басқаларды қосқанда 32 дәрігер, 56 фельдшер қызмет атқаруда. Олар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген.

Барлығы 88 адамға медициналық көмек көрсетілсе, 27-тамыз 10.00 сағаттағы жағдай бойынша 28 адам ауруханада ем қабылдауда, оның ішінде 6 адам орташа ауыр халде. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Жамбыл облысының бірыңғай диспетчерлік 109 қызметіне барлығы 473 өтініш келіп түскен. «109» қысқа номеріне – 265 өтініш, «Whats Аpp» мессенджеріне – 190 өтініш келіп түскен.

Төмендегі мәселелер бойынша өтініштер келіп түсуде:
– Тұрғындардың эвакуациялануы бойынша;
– Әскери бөлімдегі қойманың жағдайы бойынша және т.б.

Сонымен қатар, жұртшылықтан және БАҚ өкілдерінен тек қана ресми түрде жедел штаб тарапынан ұсынылатын ақпаратты назарға алуды сұраймыз» делінген ресми хабарламада.

Ал Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Ішкі істер вице-министрі Мұрат Баймұқашев тікелей эфирде брифигке қатысып, оқиғаның мән-жайын кеңірек айтып өтті.

– Ең алдымен осы апатта өрт сөндіру кезінде қаза тапқан өрт сөндірушілер мен әскерилердің туған-туыстарына, жақындарына көңіл айтамыз және зардап шеккен азаматтардың тезірек жазылып кетуіне тілектеспіз, – деді министр.
Министр қазіргі уақытта бірнеше қоймада әлі де өрт басылмағанын, кейбір қалдықтардың жанып жатқанын атап өтті

– Өкінішке қарай 4 әскери қызметкер қаза тапты. Атап айтсақ, оңтүстік аймақтың әскери прокуроры А.Капезов, әскери бөлімнің келісімшарт негізіндегі сержанты М.Мешінбай, ефрейтор Р.Жанболатов, әскерилендірілген күзет қызметкері О.Дәлібаев ерлікпен қаза тапты. Қазіргі таңда бірнеше адаммен байланыса алмай отырмыз, олардың аман-есен екеніне үміттеніп отырмыз. Іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Н.Ермекбаев.

Өкінішке қарай, брифинг өте салысымен тағы бір әскери қызметшінің қаза тапқаны белгілі болды.

Ол өрт сөндіру командасының бастығы келісім-шарт қызметінің старшинасы Еркін Ерікбайұлы Нәдірбеков, инженерлік оқ-дәрілер қоймасындағы өртті сөндіру жұмысын тікелей басқарған. Жарылыс кезінде оқиға орнында көз жұмды. Ол 27 тамыз күні таңертең хабарсыз кеткен әскери қызметшілер тізімінде болатын.

Ал Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаев жарылыс болған аймаққа жақын елді мекен тұрғындарының қауіпсіз жерге көшірілгенін, Тараз қаласындағы 10 мектеп пен 5 колледжге орналастырылғанын айтып өтті.

– Болған жағдайды қалпына келтіру үшін мыңнан астам әскери, тиісті мемлекеттік орган өкілдері жұмыс істеп жатыр. 120 жуық техника тартылды және 30-дан астам жедел-жәрдем көлігі жұмыс істеп жатыр, – деді облыс әкімі.

Брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары М.Баймұқашев апатқа байланысты мыңнан аса полицей мен Ұлттық ұлан сарбаздарының тәртіп сақтауға, жағдайды бақалауға алып, елді мекендерде ұрлық-қарлықтың белең алуына жол бермеуге жұмылдырылғанын айтты.

Сондай-ақ ол ҚР Қылмыстық кодексінің 462-бабы, яғни «Қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу» және әлеуметтік желілерде тараған жалған ақпараттарға байланысты осы Кодекстегі 274-бап, «Көріне жалған ақпарат тарату» бабы бойынша да сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабардар етті.

Бұдан өзге, Қорғаныс министрі, Төтенше жағдайлар министрі және Жамбыл облысының әкімі өрт салдарынан зардап шеккендер жеткізілген емдеу мекемелеріне барды. Ауруханаға жалпы 28 адам жатқызылған, олардың бәрі әскери бөлімнің әскери қызметшілері. Медициналық көмек көрсету үшін Тараз гарнизонының әскери госпиталі жұмылдырылды.

Сондай-ақ, лауазымды тұлғалар эвакуацияланған тұрғындарды орналастыру шарттарымен танысты. Барлық керек-жарақпен қамтамасыз ету үшін қажетті тапсырмалар берілді.

Қорғаныс министрлігі Тараз горнизонында Жамбыл облысындағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен әскери қызметшілерге, азаматтық персоналға және олардың отбасы мүшелеріне психологиялық көмек көрсету және оңалту тобын құрды. Сондай-ақ, Қорғаныс министрлігінде және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында «Call-орталықтары» құрылды.

 Жасұлан Сейілхан