БОЗДАҚТАРДЫҢ ШАҢЫРАҒЫ БОЗДАП ЖАТҚАНДА, БОС СӨЗДІ БЕКЕР ҚОЗДАТПАЙЫҚ АҒАЙЫН!
Кешегі Тараз төңірегіндегі болған жойқын жарылыс елдің есін алып, берекесін қашырып жіберді. Ел аманда, қарудан қауіп күтпей қаннен-қаперсіз жатқан шақта жарылыстың зарлы да ащы дауысын естиміз деп кім ойлаған. Айдың-күннің аманында, бейбіт күнде атпалдай азаматтарымыздан, тепсе темір үзетін, елдің қорғаны болып жүрген ерлеріміздің қапыда қаза табуы жүректі ауыртып, қабырғаны қайыстырып тұр.
Қымбатты әулиеаталықтар, тараздық жерлестерім, осы өңірдегі ел жұртым, бауырларым..! Кешегі түн ұйқымызды бұзған, жұрттың зәре-құтын қашырған алапат өрт, жойқын апат енді қайталанбасын деп тілейміз!
Осындай жағдайда жөнсіз-жүйесіз, бас салып кінәліні іздеп, ретсіз табалаушыдан болмайық қарақтарым, тәубаға келейік!..
Алла Тағала ел басына осындай сынақтар беріп жатыр, сабыр етейік. Елдігімізді көрсетейік, етек жеңді түрейік!
Жаратушы Иеміз «Сақтансаң – сақтаймын!» дегеніндей, билік басындағылар тәубасына келсін дейік, ел мен жұртқа, жан-жағына байыптай қарасын. Арыстағы жарылыс ащы сабақ болу керек еді…Мұндай алапат жарылыс өкінішке қарай шығынсыз болмайды. Сол шығынды жасырып, жаппай елге ашығын айтып, анық ақпарын берсін!
Елдің амандығы жолында бастарын ажалға бұрып, қапыда шейіт кетіп, қаза болғандардың иманын салауат етсін Жартқан Иеміз! Шейіт кеткен бауырларымыздың отбасыларының қайғыларына қайғыра ортақпыз. Алла рахымына бөлеп панасына алсын..Күйген жаралыларға, өзге де зардап шеккендерге бір, Алла өзі жар болып, шипасын берсін!..
Біреудің ажалы оттан біреудің ажалы судан деген осы.
Ел болып қабырғамыз қайысып, жанымыз ауырып, жүрегіміз қан жылап-ақ тұр…
Алла Тағала ел амандығын берсін, сабырға келейік. Ойбайға аттан салмайық, бірлікпен сабырмен елдігімізді көрсетейік, ағайын!!!
Атамыз қазақ, өрттен кейін дерт кетеді, жарлы байыйды, жас өседі, көк қаулайды деуші еді, сол айтқандары келсе деймін. Апат айтып келмейтініне осы оқиға дәлел.
Кешелі бері Тараз жаққа құлақ түрудеміз. Елді үрей биледі. Біз басымызға қайғы келгенде тұтасады екенбіз. Бәріміз бір қазаққа айналдық. Әйтседе тоғыз боздақтан көз жазып қалдық. Алда әлі не боларын ешкім білмейді. Айтайын дегенім, сол атпал азаматтарымыздың мына өмірден беймезгіл озуына кім жауап береді? Әлде отставкаға кетіп, бірін-бірі қаралап құтыла ма шенеуніктер? Сол боздақтардың жақындарының: ата-анасының, жарының, балаларының қайғысын кім түсінеді?! Әлі де қаншама жас қыршынның шейт болғаны белгісіз.
Арыстағы жарылыс ащы сабақ бола ма деп едім, қайтейін, одан шыққан нәтижені көре алмай тұрмын. Тарыдай шашылған аз қазақ бейбіт күнде осылай қырылып, ана аңырап, жесір мен жетім жамырап, ортасына құлап жатса шаңырақ… ертеңгі күнге кім сеніммен қарай алмақ!
Алдын ала ақпарат бойынша, ауруханаға ТЖ департаментінің 49 қызметкері түскен. Оқиға орнында Юрий Ильин және ТЖМ жедел тобы оқиғаның анық қанығына көз жеткізуде. Бұған дейін 5 адам қайтыс болды, 90-ға жуық адам жарақат алды деп хабарланған болатын.Кейінгі ақпарат 12 адам қайтыс болды.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ауруханаға келіп, жарылыстан зардап шеккендер арасында медициналық көмекке 98 адам жүгінгендігін және оның 28-і ауруханаға орналастырылғандығын, қалған 70 адамға медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілгендігін хабарлады. «Қазір бесеуі реанимацияда, қалған науқастардың жағдайы қалыпты», — деді ең соңында А. Цой. Осы ақпараттың өзі Тараздағы оқиғаның жүрдім-бардым қарамайтын дүние екенін көрсетіп тұр емес пе! Біздің білуімізше ресми мәліметтер өлім мен жітімді, шығынды ешқашан ашық айтқан емес. Оған арыс оқиғасында куә болғанбыз. Олай болса, Тараз трагедиясы да бұқпантайы көп, бұрмалауы орасан болып жатса таңырқамаймын өз басым. Тек шындық ерте ме, кеш пе бәрібір айтылады. Сол кезде шіренген шенеунік пен көк тіреген Үкіметтің әуселесін көрерміз тірі болсақ.
Дәнеш Байболатов деген азаматтың фб парақшасындағы пікірімен толық қосыламын. «Идеология, әлеумет, дін, діл, тіл жағынан ұсақ фрагменттерге бөлініп қалған Қазақстан қоғамы Жамбылдағы жарылыс әкелген қайғыны бірге көтеру үшін де біртұтас пласт бола алмады. Трагедия ауқымы географиялық жағынан Жамбыл облысымен, менталды жағынан жекелеген әлеуметтік топтың сана кеңістігімен шектеліп қалды.
Жұлдызбыз дегендер стористеріне ішкен-жегенін, қыдырғанын, тойлатқанын салып мәз, коучпыз дегендер кезекті сабағымнан қалып қоймаңыздар деп әлеуметтік желіде желігуде. Тіпті жарылыс туралы материал жасауға барған кей журналист әріптестің өзі дүкен аралап, селфи жасағандарын әлеуметтік желіге салудан қымсынбады.
Шіріген тақтайға шеге ұстамайды. Бәріміз Ассамблеяның құрақ матасынан тігілген бір көрпенің астында жатқанымызбен, әрқайсымыз әртүрлі түс көріп жатырмыз!
Отыз жыл ішінде ұлттың өзін-өзі тануы мен өзін сыйлауына жете алмағаны ең басты трагедия болса керек!».
Әй, адам деген пенде ғой, пенде! Әйтпесе қорғаныс министрі отставкаға кетемін деп жатса, оны табалап, Үкіметті сөзбен «сабалап», қайғы жеген жүректерді жаралап жатқанын білуі керек еді ғой. Тура бүгін боздақтар қырылып жатқанда, бір-бірімізді табаламасақ, көсемсіп бәлсіп ақылгөйсімесек ұтарымыз көп еді. Әттең… әттең…!
Министр кетіп, тағы біреуді маңдайынан «шертіп» қойса да (Кімді қойса да) іріген — шіріген жүйе өзгермей ештеңе оңалмайды..! Алланың қарғысын алғандардың кесірі халықты қырып жатыр, обал-ай дегізері сол ғана…! Арыстағы жарылыстың жоғарыға сабақ болмағаны-ай..! «Арыс оқиғасына кім кінәлі?» 04.07.2019 атты мақаламдағы көп дүние қайталанып жатқаны жаныма батып отыр. Оқып көрсеңіз көп нәрсеге көзіңіз жетеді. https://www.elana.kz/arys-oqighasyna-kim-kinali/
Тараздағы оқиға орнына ағылған ақ жағалы мырзалар қарасы мол. Отставкаға сұранған ҚР Қорғаныс Министрі Нұрлан Ермекбаев пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та сол арада жүр. Олар Байзақ ауданында жарылыс салдарынан қаза тапқан әскерилер мен өрт сөндірушілердің отбасыларына барып, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты. Марқұмдардың қызметтік міндеттерін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқанын айрықша атап өтіп, олардың отбасыларына мемлекет тарапынан тиісті барлық көмек көрсетілетінін жеткізді. Дұрыс қой, көңіл айту баба дәстүрі. Бата оқу да – ежелден бар салтымыз. Бірақ мемлекет тарапынан берілетін «бата оқуға» менің көңілім толмайды. Неге десеңіз айтайын!
Тас түскен жеріне ауыр қашанда. Қайғылы хабар сәт сайын жетіп жатыр аңырап. Өңкей боздақ кетті қапыда, жесірі мен жас балалары қалды жамырап. Сол балалар өсіп кәмелетке жеткенше әкесінің айлығын төлеп тұрса, ол да көмек қой ағайын. Билік осыны ескерер ме екен. Ескерсе – есі кірер мүмкін. Әрине ол ақша балаға әке болмайды, бірақ материалдық көмек болар еді. Мұны айтып жатқаным бізде әдетте пенсия тағайындайды балаларға, ол итке сүйек тастағандай ғана жәрдем. Компенсация дегені де – ақталудың бір тетігі. Ал мүгедет болып қалғандарға кім қарасады? Обал мен сауаптың аражігін аша алмасақ, бүгінгі биліктің де, халықтың да болашағы бұлыңғыр! Осыны естен шығармайық, ағайын!
Ал адам ғұмыры деген – ата заңымызда көрсетілгендей ең ұлы құндылық қой. Ендеше заң неге жүзеге аспайды біздің қоғамда! Адамға деген құрметтің аздығынан, қара халық не көрмей жатыр. Ойлан, билік, саған басымызды идік. Күйетін жерінде күйдік. Сүйетін жерінде отанды сүйдік! Ендігі озбырлыққа жол жоқ!
Қасиетті жұмадағы дұға-тілектеріміз қабыл болсын! Жамбыл жұртына сабырлық пен төзімділік тілеймін!
Жараланған жерлестеріміз тез сауығып кетсін! Мұндай оқиға енді қайталанбаса екен!
БІЗ ӨЗДЕРІҢІЗМЕН БІРГЕМІЗ!!!
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері