Елді екі рет басқарған Премьер артына не қалдырды?
Тәуелсіздік жылдары ел тарихында 8 Премьер ауысқан екен. Әркім әртүрлі жағдайда тақтан тайды… Талайлар бір көруге зар болған Үкімет үйіне Мәсімов екі рет ат шалдырды. Обалы нешік, көптеген жаңа бағдарламаларға ұйытқы болды. Олардың орындалуы барысында «әттеген-айлар» кездескенімен, өзіне артылған міндеттерді толық орындап шығуға тырысты.
Алғаш рет Үкіметті 2007-2012 жылдар аралығында ұзақ мерзім басқарғанда көрместей болғандар араға екі жыл салып (ол аралықта Президент әкімшілігінде жетекшілік етті), 2014-те Премьер болып қайта оралғанда құшақ жая қарсы алғаны бар. Баяғы өкпе-реніштің бәрі далада қалды сонда. «Өкпеге қиса да, өлімге қимайтын» қазақылық қой бұл. Егер «Ер кезегі үшке дейін» деген тәмсілге жүгінсек, 51 жастағы жігіт ағасының көзі үйренген жерге тағы бір айналып соқпасына кім кепіл! Ендеше, «ұрыспай айырылған ұялмай көрісетінін» естен шығармайық.
Сарапшылардың, саясаткерлердің пайымына жүгінсек, Кәрім Мәсімовтің үкіметі тұсында Қытай Қазақстанның негізгі әріптесіне айналыпты. Аждаһа елінің тілін меңгергені, салт-дәстүріне жетік болғаны, көп мәселенің түйінін шешуде басты рөл атқарғаны сөзсіз…. Сондай-ақ, Кәрім Қажымқанұлы Үкіметті екінші рет басқарған уақытта Ресеймен де ынтымақтастық күшейіпті. Соның арқасында Кедендік одақ, Бірыңғай экономикалық кеңістік, Еуразиялық одақ аясында жағдайлар реттелген. Сорына қарай, ол үкіметті екінші рет басқарғанда әлемдік қаржы және экономикалық дағдарыс басталып кетті. Бұл «жығылғанға жұдырық» болғаны анық. Алайда Мәсімовтың Премьерлігінің екінші кезеңінде болған ең
үлкен өзгерістердің бірі теңгенің еркін курс айналымына жіберілуі десек, қателеспеспіз. Сондай-ақ, ол отандық кәсіпкерлерді салық амнистиясы болатындығын айтып қуантқанын қалай ұмытайық? Бизнесмендер үшін 2013 жылдың қаңтары мен 2014 жылдың қаңтар айындағы өсімпұл мен айыппұл кешірілді. Мұндай амнистияның ж ү р г і з і л у і к ә с і п к е р л е р г е қаржысын бизнесті дамытуға жұмсауына мүмкіндік берді.
Досым Сәтбаев, саясаттанушы:
— Қазіргі Премьер-министрлердің бәрі жай ғана экономика саласының менеджерлері. Ешқайсысының жеке «мені» жоқ. Олар кез келген уақытта ауысады. Бірақ өздеріне дейін қабылданған бағдарламаларды өзгерте алмайды. Мәселенің бәрі осында. Премьерлер ауысқанымен, жүйе сол күйде қалады. Дәл сол сияқты Кәрім Мәсімов кетсе де, халықтың жағдайы нашарламайды, жақсарып та кетпейді, — деген еді. Елбасының бұйрығымен ел үкіметін екі рет басқарған Кәрім Мәсімов өткен жұма күні ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Президент К.Мәсiмовтiң ҰҚК төрағалығына тағайындалу себебiн былайша түсiндiрдi: «Үкiметте болып жатқан өзгерiстердi естiп-бiлiп отырсыздар.
Оның өзiнiң логикасы бар. Бiрiншiден, қауiпсiздiк мәселесi жағын күшейту, нығайту, деңгейiн көтеру мәселесi бар. Одан кейiн Кәрiм Мәсiмов өзiнiң келiсiмi бойынша қажеттi жерге барып отыр. Бұл қазiр өте қажеттi болып тұрғанын көрiп отырсыздар. Терроризм, басқа жағы да бар. Тәжiрибесi бар, республиканың жағдайын бiледi деп қойдым», — деді. Ал ҚР ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Владимир Жұмақанов Қазақстан Президентінің кеңесшісі қызметін атқаратын болды. Үкімет тізгіні вице-премьер Бақытжан Сағынтаевқа сеніп тапсырылды. Премьер-министрдің орынбасары болып Иманғали Тасмағамбетов тағайындалды. Ата қазақ «түсі игіден түңілме» депті. Онда жаңа үкіметке табыс тілейік.
Нағашыбай Қабылбек