Жарылыс — Қаралы күн

Анау бір жылдары, жондарды жауын есті,
Талғар мен Көлсайдың тауы көшті.
Жамбыл мен Қарағанды да,
Шығарды ұйтқыған Дауыл есті…
Жетісай даласын су шайып кең алқап көлкіді,
Көздің жасы боп төгілді мөлтілі.
Арыста жарылыс жер-көкті шарпыды,
Туындап, тұмшалап, лапылдап өрт ірі.
Тағы да жарылды Жамбыл жақ,
Түршікті тәніміз жан мұздап.
Ауыл шайқалды, құлады құрылыс,
Тірілер тұс-тұсқа бас сауғалады андыздап.
Саңырау құлақ боп жарылды аспанға от бүркіп шоқтана,
Кәдімгі атомның кеспірі от — дала.
Өлген мен өртенген адам көп, обал-ай!..
Ауыл сыртында ойнап жүр еді, не болды топ бала?!..
Ел болдық иіс алмас жауырды жаба тоқыған,
Сыбайлас жемқорлар тек қана қиянат оқыған.
Құс біткен қиырға үркіп ұшуда,
Жүрегі жарылып, ұясы өртеніп шошыған.
Қаралы күн мынау, қара тастанда салмақты,
Бейуаз пендесін беймезгіл жалмапты.
Санаумен келеміз безбүйрек адамдар тудырған апатты,
Індетпен қосылып аяусыз матапты.
Сынақтар болуда, ағытылып тиегі,
Бірдің кесірі мыңдарға тиеді.
Алласын ұмытқан әділетсіз заманда,
Алпауыт алшаңдап, кінәсіз бейшара, әлсіздер күйеді.
Өлмесін өндір жас, сөнбесін шырақтар,
Халқымның басында қаптаған сынақтар.
«Жаны ашымастың қасында ауырды басымыз», —
Жамырап барады жауапсыз сұрақтар…
Дәулетбек Байтұрсынұлы
29.08.2021