Ақтөбеде 30 метрлік тутұғыр орнатылды
Ақтөбеде Конституция күніне орай 12 шағын ауданның айналма жолында орнатылған Тутұғыр монументі салтанатты түрде ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, мемлекеттік органдардың басшылары, қоғам өкілдері қатысты. Еліміздің туы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай әскери оркестр орындаған мемлекеттік гимннің әуенімен 30 метрлік биіктікке көтерілді.
Сондай-ақ, осы күні ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта спорттың техникалық түрлері бойынша облыстық жеке-командалық чемпионат өтті.
Соңғы аталған чемпионатқа радиобасқаруы бар авто, кеме және әуе үлгілеуші тоқсан спортшы жиналды. Оның ішінде Орынбордан келгендер де бар. Төрешілер мен спортшылар да Тұңғыш Президент атындағы саябақтағы тоған акваторийінің кеме үлгілеу спортына жақсы үйлесетінін атап өтіп, шараның ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берді.
«Мұнда тіпті республикалық жарыстарды да өткізуге болады. Соңғы жылдары техникалық спорттар ұмытылды. Облыс басшылығына қызығушылық туғызып, жағдай жасағанына алғыс айтқымыз келеді»,- деді қатысушылар.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Ақтөбе облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының мақтау қағаздарымен, медальдарымен, кубоктарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Жиын соңында облыс әкімі өңірде техникалық спорт түрлерін дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар беріп, бұл жас ұрпақтың инженерлік мамандықтарға қызығушылығын көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.