Елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан болсын
Ел мерейін үстем етіп, елдіктің ерен үлгісін көрсетіп жүрген жандарды қашан да халқы ардақтап жатады. Біршама уақыттан бері Қарақат ауылының тұрғындары да осы бір игі дәстүрді жалғастырып, өз ұландарын көкке көтеріп келеді.
Өткен аптада жуан білекті балуан Әлішер Ерғалиға өзінің кіндік қаны тамған ауылы үлкен құрмет көрсетті. Токио Олимпиадасында жақсы өнер көрсеткен балуанға ауылдастары ат мінгізді. Жұдырықтай жұмылған Қарақат ауылының тұрғындары бірігіп, ел абыройы жолында барын салып жүрген Әлішерге құрмет көрсеткені көпшілікке үлгі екені сөзсіз.
Көпшіліктің ізгі тілегімен ұйымдастырылған шараға Құлан ауылдық округінің әкімі Еркін Сейтжапаров пен аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев келіп, Әлішер Ерғалиды аудан әкімінің арнайы грамотасымен марапаттады. Ерлік Тоғанбайұлы өз сөзінде: «Әлішер Токио Олимпиадасында жақсы өнер көрсетті. Әрине, Олимпиадаға барған кез келген спортшының мақсаты – жүлде алу. Бірақ, бұл жолы Әлішердің бабы келіссе де, бағы жанбады. Келесі Олимпиадада Әлішердің жасындай жарқылдайтынына сеніміміз мол» – деді.
Шара барысында ауылдың үлкен-кішісі өздерінің ақжарма тілектерін жеткізді. Әлішерге ақ батасын берген ауылдың ақсақалдары да аталы сөздің тиегін ағытты. Ауылдың ардақты ақсақалы Үмбет Жанәділов те сөз алып, бірлігі бекем ауылдың баянды ісіне оң бағасын берді.
– Қарақат ауылы қашаннан бірлігі бекем, ынтымағы ырзықты. Осы уақытқа дейін ауыл халқының ұйысқан тірлігінің арқасында біршама істер атқарылды. Мектеп айналасының көркеюіне де, спорт алаңшасының құрылуына да, түрлі абаттандыру жұмыстары да тұрғындардың бірлігінің арқасында іске асып келеді. Балуанымызды ардақтап жатқан бүгінгі шара да – осы бір сөзімнің айқын дәлелі, – деді Үмбет Жанәділов.
Сонымен қатар біз осы шараны ұйымдастырушылардың бірі, Қарақат ауылының тұрғыны Талғат Тәттіхожаевты да сөзге тарттық. Ол кісінің айтуынша, Қарақат ауылынан ел абыройын үстем етіп жүрген біршама дарабоздар шығып жатыр.
– Қарақат ауылы – небір саңлақтардың түлеп ұшар мекені. Әсіресе спорт саласында жеткен жетістіктеріміз де, бағындырған белестеріміз де жетерлік. Бокстан Адина Талдыбай секілді қызымыз талай байрақты бәсекелерде жүлде салып жүрсе, күрестен Әлішер Ерғали сынды балуандарымыз үздік нәтиже көрсетіп жүр. Алайда, осындай дарабоздар өскен, жетілген ауылда спорт мектебінің жоқтығы қынжылтады. Жас өскіндер спортпен шұғылдану үшін аудан орталығына баруға мәжбүр. Егер Қарақат ауылына техникалық құрылғылармен жабдықталған сапасы жақсы спорт мектебін салып берсе, бұл ауылдан шығатын таланттардың да саны артары сөзсіз, – деді Талғат Тәттіхожаев.
Осындай ізгі тілек пен ақжарма көңіл үшін Әлішер Ерғали ауыл халқына өз алғысын жеткізді. Алқалы жиынның соңында Әлішер Ерғалидың кіндік қаны тамған үйінде құран оқытылды. Одан кейін спорт алаңшасында білекті балуанның қатысуымен шеберлік сағаты өткізілді.
Ахмет ҚАМШЫБЕК