АҚТӨБЕДЕ ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛДЫ

Білім күнінде Ақтөбе қаласының Батыс-2 ауданында үш мың бала оқитын үлкен мектеп ашылды. Үш қабатты мектепте алты блок бар: оқу, әкімшілік, білім беру, спорт блоктары. Онда сыныптар кабинеттері, мектеп әкімшілігіне, шет тілдерін үйренуге, еңбек тәрбиесіне арналған, физика мен химия секілді мамандандырылған кабинеттер, компьютерлік сауаттылық пен информатиканы оқуға арналған аудиториялар, 40 орындық оқу залы бар кітапхана, 500 орындық асхана, көркем жабдықтары бар 500 орындық акт залы, спорт зал, процедуралық бөлме, дәрігер, психолог пен логопед кабинеттері бар.

 

 

Мектеп директорының орынбасары Шолпан Сатенованың айтуынша, қазіргі таңда мектепке 2890 оқушы қабылданған. 1-сыныптың партасына 400 бала отырады: 13 сынып — қазақ тілінде, 11 сынып орыс тілінде білім алады.

 

 

Мектептің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Оңдасын Оразалин білім ордасының ішін аралап көрді:

— Бір жарым жылдай уақыт аралығында осындай үлкен мектепті салу оңай емес. Мектеп инвестордың қаражатына салынды — 2,4 миллиард теңге қаражат жұмсалды. Жеке инвестор өз қаражатына салынғанымен, балалар мемлекеттік тапсырыс арқылы тегін білім алатын болады. Яғни, мемлекеттік мектеп секілді жұмыс істейтін болады. Бұл өңіріміздегі кәсіпкерлердің дәл осындай алғашқы бастамасы. Инвестор мемлекеттік тапсырыс арқылы кейін жұмсаған қаражатын қайтарып алады. Бұл басқа да кәсіпкерлерге үлгі болады деп ойлаймын. Себебі мемлекеттік қазынаға салмақ салмай, бюджет қаражатын тиімді пайдаланып, инвесторлардың күшімен осындай жұмыстарды бірігіп істеу маңызды. Болашақта да мұндай тәжірибе жалғасады деп ойлаймын. Қаламыз қарқынды түрде өсіп келе жатыр, туу көрсеткіші де жоғары. Сондықтан, мектептің құрылысы аз уақыттың ішінде жүргізіліп, білім күні қарсаңынды ашылуы біз үшін үлкен олжа болып отыр, — деді облыс әкімі.

 

 

Инвестор Зәмзәгүл Баймағамбетованың айтуынша, құрылысты мердігер компания «Construction Group XXI» ЖШС жүргізген. Жоба құны — 2,4 млрд.тг. Мектептің материалдық-техникалық базасы толықтай заманауи технологиямен жабдықталған.

 

 

Облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырханның айтуынша, бұл мектеп — облыстағы 13-інші жеке мектеп. Жаңа оқу жылы қарсаңында облыста үш мектеп ашылған: оның бірі осы мектеп, екеуі — Қарғалы, Мәртөк аудандарында ашылған. Жыл аяғына дейін тағы 12 мектеп ашылады. Сонымен бірге 20 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ