Сұлу Көкше төрінде жаңа мектеп ашылды
«Білім күні» қарсаңында Ақмола облысы Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласында «Білім-инновация IT лицей-интернаты» ашылды. Осыдан екі жыл бұрын салынып бітіп, жұмыс істеп жатқан жаңа мектеп, биыл облыс әкімінің қаулысымен «Білім-Инновация халықаралық қоғамдық қорына» өткізілген екен.
Сонан бері ХҚҚ-дың жауаптылары мен аталмыш лицейдің Ақмола өңірінен шыққан түлектерінің күш салуымен, қысқа мерзім ішінде қажетті жабдықтармен толығып, еліміз бойынша алғашқы IT мектеп ретінде өз жұмысын бастады. Қазір мұнда 7-сыныптан бастап IT саласына бағыттай отырып оқыту жоспары басталды.
Жаңа мектептің ашылу салтына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Ермекқызы Мысырәлімова, «Білім-Инновация» ХҚҚ басшылары, «Qazaqstan dauiri» халықаралық, қоғамдық-саяси газеті ЖШС-ның бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы, қоғам белсенділері және ата-аналар қатысты.
«Білім-инновация IT лицей-интернатында» бұрыннан білім алып жатқан 500 ге тарта оқушы болған. Жаңа оқу жылында бұларға қоса 7-сыныпқа Республиканың әр түкпірінен қабылданған дарынды балалар келіп қосылып жатыр.
Лицейде қызмет істеп жатқан ұстаздар қосынына «Білім-инновация» ХҚҚ-жағынан жаңадан 15 мұғалім келіп қосылыпты. Еліміз бойынша тұңғыш рет жұмыс бастап жатқан IT мектептің жоспары жүзеге асар болса, 11-сыныпты бітірген бала IT саласында өзіндік білімі мен тәжірибесі бар білікті маман ретінде жұмысқа тұра алады дейді лицейдің басшылары. Төменде жаңа оқу орны туралы фоторепортажды назарларыңызға ұсынып отырмыз.