АҚТӨБЕДЕ БОЛАШАҚ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ӨЗ ЖОБАЛАРЫН МИКРОҚАРЖЫ ҰЙЫМЫ АРҚЫЛЫ НЕСИЕЛЕНДІРУ ШАРТТАРЫ ТҮСІНДІРІЛУДЕ

Өңірлік Кәсіпкерлер палатасы мен «Atameken Aktobe» микрокредиттік қаржы ұйымы өкілдері Алға және Мұғалжар аудандарының әлеуетті қарыз алушыларымен кездесті. МҚҰ директоры Нұрлан Серікжан «Бастау Бизнес» түлектеріне жеке кеңес берді.

«Atameken Aktobe» микроқаржы ұйымы жуырда құрылған және өңірлік кәсіпкерлер палатасында орналасқан. Бүгінде қарауда 70-тен астам өтінім бар және олардың басым бөлігі ауыл тұрғындарынан түскен.

Мысалы, Алға ауданы бойынша — 8, Мұғалжар ауданы бойынша-7 өтініш тіркелген.

 

 

Әлеуетті қарыз алушылардың бірі Бестамақ ауылының (Алға ауданы) тұрғыны Әлия Есмағамбетова. 2020 жылғы «Бастау» түлегі 200 АЕК көлемінде грант алып, кондитерлік цех үшін жабдық сатып алды. Бүгінде оның өз клиенттік базасы бар.

— Мен үйдің ауласында қоғамдық монша салуды жоспарлап отырмын. Микроқаржы ұйымының шарттары мен үшін барынша икемді әрі ыңғайлы. Қазір құжаттар топтамасын дайындап жатырмын, жоспарларымды жүзеге асыра аламын деп үміттенемін , — дейді ол.

Ал 2019 жылғы «Бастау» түлегі Набат Дәулетиярова МҚҰ қаржыландыруы арқылы Қандыағаш қаласында (Мұғалжар ауданы) шаштараз үшін ғимарат сатып алуды жоспарлап отыр. Микроқаржы ұйымының кеңесшілері тарапынан сервистің жоғары деңгейін атап өтті. Кәсіпкер қазір құжаттарын әзірлеп жатыр.

 

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер Палатасының Алға аудандық филиалының директоры Айболат Манеповтың ақпараты бойынша, бүгінгі күнге дейін «Бастау» курсына ауданның 757 тұрғыны қатысқан. Мұғалжар ауданы бойынша «Бастау» бағдарламасы арқылы 1307 ауыл тұрғыны білім алды.

Ауыл тұрғындарымен кездесу кезінде негізінен несиелеу шарттары мен кепілдік саясат туралы сұрақтар қойылды.

Айта кетейік, «Бастау» түлегі кез келген бизнесті ашу үшін жылдық 6% — бен 5 жыл мерзімге, ал ауыл шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін несие ала алады. Айналым қаражатын толықтыруға 36 айға дейінгі мерзімге қаржыландыру қарастырылған. Жеке кәсіпкерлікті ашудан бастап бизнес-жоспарды әзірлеуге дейін сүйемелдеуді «Атамекен» кеңесшілері жүргізеді, құжаттарды жинауға көмектеседі.

 

 

— Біздің міндетіміз — «Бастау» курсы түлектеріне өз ісін бастауға көмектесу. Олардың жобаларын қаржыландыруға республика бойынша 22,5 млрд теңге қарастырылған, оның 1,3 млрд теңгесі Ақтөбе облысына бөлінген. 2021 жылы ауыл және шағын қала тұрғындары үшін қарыздардың ең жоғары мөлшері 7,2 млн теңгені, қала тұрғындары үшін — 18,9 млн теңгені құрайды. Несиеге өтінім беру үшін ауылдық жерлердің тұрғындары Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдарына «Бастау» жобасын сүйемелдеу жөніндегі консультанттарға жүгіне алады. Микрокредит беруге өтінім беру үшін белгіленген нысандағы өтінішті және клиенттің сауалнамасын ұсыну қажет. Сондай-ақ, заңды тұлғаны немесе жеке кәсіпкерлікті тіркеу туралы куәлік, өтініш берушінің жеке куәлігі, несие тарихы, банктерде және салық органдарында берешектің жоқ екені туралы анықтамалар, кепілмен қамтамасыз ету бойынша құжаттар қажет», — деді «Atameken Aktobe» микроқаржы ұйымының директоры Нұрлан Серікжан.

 

 

Бұл ретте, МҚҰ жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін және жылжымайтын мүлікті сатып алу, несие берешекті қайта қаржыландыру, бар несиені өтеу, сондай-ақ тұтынушылық мақсаттар бойынша жобаларды қаржыландырмайды.

«Атамекенде» МҚҰ әлеуетті қарыз алушыларымен кездесулер апта сайын өткізіледі. Бастаулықтар тобымен тұтас штаб жұмыс істейді: ӨКП басшылығы

 

 

қаржыландырудың артықшылықтарын түсіндіреді, бизнес-тренерлер сәтті кейстерді талдап, ал микроқаржы ұйымының қызметкерлері сол жерде алдын ала құжаттар топтамасын қарап шығады.

 

М.ТАБЫН,

Ақтөбе облысы.