Ақтөбеде құқық бұзушылық пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті

Құқық бұзушылықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның бірлескен отырысында қылмыстың алдын алу мәселелері қаралды. Отырыс өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен, құқық қорғау және мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен өтті.

 

 

Атап айтқанда, ойын-сауық мекемелеріндегі құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі қаралды. Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Қанат Әлиевтің айтуынша, локдаунды енгізу соңғы екі жылда ойын-сауық мекемелеріндегі құқық бұзушылықтар санын 3,9 есеге азайтты.

 

 

«Талдау нәтижесі көрсеткендей, қылмыстардың ең көп саны облыс орталығында болған. 2021 жылдың 8 айында облыстың ойын-сауық мекемелерінде және оларға іргелес аумақтарда барлығы 82 құқық бұзушылық тіркелді», — деп нақтылады Қ.Әлиев.

 

 

Осы секілді жайттардың алдын алу мақсатында ойын-сауық мекемелерін жоғары сападағы бейнебақылау камераларымен жабдықтау, оларға іргелес аумақтарды түнгі уақытта сапалы жарықтандыру және т.б. қажеттілігі атап өтілді. Сонымен қатар, комиссия мүшелері алкомаркеттердің жұмысын ретке келтіру бойынша нақты шаралар қабылдау қажеттілігін атап өтті. Олардың ішінде бар мен ішімдік сатылатын дүкен ретінде заңға қайшы әрекет жасап отырғандар да бар.

 

Бұдан бөлек, отырыс барысында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында, денсаулық сақтау басқармасында, қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде орын алатын сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары қаралды.

 

 

Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі өңірдегі қылмысты барынша азайту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жалпы білім беретін мектептерде қауіпсіздік шараларын күшейту және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту бойынша барлық қажетті шараларды жүзеге асыруды тапсырды.