ТАРАЗДА ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ӘЛ-АУҚАТЫ МЕН КӨҢІЛ-КҮЙІ, ҚАУІПСІЗДІГІНЕ ЗЕРДЕЛЕУ ЖҮРГІЗІЛДІ
Президент Қасым-Жомарт Тоқевтың тапсырмасымен бүгінде «Халық үніне құлақ асатын» мемлекет құруға талпынып жатырмыз. Мемлекет басшысы бұл тұрғыда жергілікті жердегі атқарушы орган халықтың атқарылып жатқан әрбіс іске, қоғамға деген көз қарасын, ой-пікірін, тыныс-тіршілігі мен әлеуметтік жағдайын тұрғындар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізу арқылы білуіп отыруы керектігін міндеттеген еді.
Осы мақсатта тараздық тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқаты мен көңіл-күйіне және қауіпсіздік пен құқықбұзушылыққа қатысты зерделеу жүргізілді. Аталған сауалнамаға шаһардағы әлеуметтік-экономикалық ахуалды бағалау, отбасылық жағдай, тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелер, миграциялық және этносаралық ахуал, қала әкімі аппаратының бас инспекторлары мен учаскелік полиция қызметкерлері қызметінің тиімділігі, азаматтардың мүліктік қорғалуы, қылмыстың алдын алу мәселелері, проблемаларды шешудегі атқарушы
органдарға қанағаттану деңгейіне арналған сұрақтар енгізілген.
Тараздың 1358 тұрғыны қатысқан зерделеудің нәтижесі Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Басқосуға қала әкімінің орынбасарлары, Тараз қаласының прокуроры, қалалық полиция басқармасының бастығы, қала әкімдігі бөлімдерінің басшылары, қала әкімінің бас инспекторлары қатысты.
Басқосу барысында сөз алған «Жастар-зерттеу» қоғамдық бірлестігінің эксперті Парида Мамедова зерделеу жұмысының нәтижесімен таныстырды. Мәселен, қаланың мөлтекаудандарында тұратын респонденттер көшелерге қоқыс жәшіктерін көптеп орнату, бейнебақылау камераларын көбейту, мектептерге барар жолдардың жарықпен толық қамтылуын, қоқыс алаңшаларының балалар ойын алаңынан алыстау болуын, пәтер ұрлығын мәселе ретінде көтерген.
Ал, қала орталығының тұрғындары көліктердің жолда жүру ережесін сақтамайтындығын, жаяу жүргіншілерге қауіпті екендігін, жолдардың сапасына назар аудару керектігін айтқан.
Тараздың шет аумақтарында орналасқан Шөлдала, Құмшағал, Шалғай Қарасу, Барысхан сияқты елдімекен халқы инфрақұрылым мәселесін жолға қойып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған орындар ашу керектігін көтерген.
Қала әкімдігінің аумақтық округтердегі бас инспекторларын респонденттердің дені танымайтындығын жеткізген. Бүгінде бұл бағытта бірқатар жұмыстар жүргізілуде, аумақтық округтердің бас инспекторлары өз аумақтарында атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлар туралы есеп беруде. Дегенмен зерделеу нәтижесі көрсеткендей жұмыстарды арттыру қажет. Әкімдік аппараты мен бөлім басшыларына зерделеу нәтижесіне назар аударып, жұмысты күшейту тапсырылды.
Алдағы уақытта, ««Қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен құқық бұзушылық мәселелеріне көзқарасы» тақырыбындағы әлеуметтік зерделеудің 2-ші кезеңі жүргізілетін болады. Қай салада кемшіліктер жойылып, қай салада ілгерілеу бар екендігі, ал, кімдердің нәтиже шығармағандығы сол кезде нақты көрінбек. Жиын соңында, қай істе де халықтың сұранысы мен талап-тілегін ескеру — басты міндет екендігі баса айтылып, қорытындыланды.