ЖАМБЫЛДАҒЫ ЖАРЫЛЫСТЫҢ ШЫНДЫҒЫНАН ШЫРҒАЛАНЫ КӨП
Газет басшысы Сәуле Мешітбайқызы оқиға болған өңірге іссапармен арнайы барды. Іссапар жалғасуда
Батырлар отбасында… Жылаған әкелер, аналар…
26 тамызда әскери қоймада оқ-дәрі жарылып, соның салдарынан 16 адам қаза тапты, 100-ге тарта адам жарақат алды, бір адам хабар-ошарсыз кетті. Қаза тапқандардың бәрі – Қорғаныс министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері.
Байзақ ауданына арнайы сапар барысында жылаған бала мен зарлаған ананы, кемсеңдеген әке мен еңіреген ағайынды көріп көкірегіміз қарс айырылды. Бейбіт күнде оқыс оқиғаның құрбаны болғандарға көңіл айтудың өзі қиын екен.
Біз жолға шыққан жұма күні кешқұрым Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың қабылдауында болдық. Өйткені қаза тапқан азаматтардың біразы облыс орталығының тұрғындары еді. Қала әкімі әкімдік тарапынан керекті, тиісті жұмыстардың ойдағыдай атқарылып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, аппараттың бір маманы бізді алып жүруге бекітілді.
Сенбі күні асыраушысынан айрылып, қара жамылып отырған бірнеше отбасының шаңырағында болып, көңіл айтып, сабырға шақырдық, марқұмдардың рухына Құран бағыштадық. Алдымен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі бастығының бірінші орынбасары болған Халық қаһарманы Мейіржан Аймановтың отбасында болдық.
Жұбайы Қарлығаш Абдіқұлова күйеуі жұмысына берілген, өз саласының нағыз маманы еді дейді. Зейнетке де шығып, үйде отыра беруіне болар ма еді. Бірақ өзі күш-қайратым барда еңбек етейін, саланың тасын өрге домалатайын, келіп жатқан жастарды шеберлікке, батылдыққа тәрбиелейін деп қызметін жалғастырған көрінеді. Оның соңғы сәтке дейін апат орнында болып, талай адамның өмірін құтқарып қалғаны жұбайының жанына ауыр болса да, жұбаныш, жебеу.
Әскери бөлімдегі өрт сөндіруші болып борышын өтеген Руслан Жанболатовтың жұбайы Жазира Қожахметова да отағасының ерте кеткеніне жылап, көкірегі қарс айрылып отыр. Арманы көп еді дейді. Балалары болса әлі кішкентай. Үлкені алтыншы сыныпқа аяқ басыпты.
Күйеуінің денесін араға төрт күн салып әрең тапқан Екатерина Щукина марқұм жолдасының мәйітінің бүтін табылғанына шүкір етумен ғана өзін жұбатады. Естеріңізде болса, Сергей Заикиннің денесі кинологтар иісшіл иттердің көмегімен жарылыс болған маңда тау болып үйілген топырақтың астынан 3 метр тереңдіктен табылып еді.
– Әрине, награда маған күйеу болмайды. Бірақ өсіп келе жатқан, өзі «майорым» деп еркелететін қызына әкесінің батылдығы жайлы тәрбие беруім керек қой, – деп егілген Катяның қайғысына бей-жай қарау мүмкін емес
Көңіл бұзылғанда еске қай-қайдағы түседі. 2009 жылы Арыстағы «Казарсенал» ЖШС қоймасында болған үш жарылыстан 17 адам жарақат алып, жойқын жарылыс салдарынан төрт арысымыздан айырылып «аһ» ұрдық. Аттандап ойға да, қырға да шаптық. Әлеуметтік желіде қопаңдаған қазақтың айбынын көрсең сондағы… шошитын едің… Сөйтсек, диван батырлар екен көбі… Сонда бәріміз жабылып министрді мейірімсіз, Үкіметті үмітсіз, Ақорданы ақылсыз еттік. Қане, содан шыққан нәтиже? Қане, содан шыққан мүйіз?
Басқаны қайдам, «Qаzaqstan dauiri» газеті журналистері Арыс оқиғасында елмен бірге жүрді. Шындықты көзге шұқып жазды. Газеттің өзіне, бірнеше сайтқа мақалалар жазды. Менің өзім басы-қасында жүріп, Ақорда «гүрілдесін» деп, билікте жүргендердің аяқ-қолы «дірілдесін» деп, бір нәтиже шыға ма деген үмітпен мына мақаланы жарыққа шығардым. https://qazdauiri.kz/ archives/15349 «Арыс. Ақиқат пен қауесет». 27/09/2019. Соны оқыған шенеунік, министр, құзырлы мекеме болды ма? Болса қайда жүр? Олар неге үнсіз отыр? Тым болмаса мақалаға реакция білдіріп, «жұмыс істеліп» жатыр деген сарында жауап қатқан бірі жоқ. Меңіреу, дүлей, селсоқ адам секілді бүгінгі қоғам. Жазғаныңа «мыңқ» демейді, сыныңа «қыңқ» демейді. Жүрісінен жаңылмайтын қойторы биліктен жалыққандар мен шаршағандардың көптігі сондықтан деп ойлаймын.
«Тұзы жеңіл министр» қай жерде қателесті?
«Еститін Үкімет» естімесе, министрлерге «ес кірмесе», жоғарыдан «тәйт» деген бұйрық берілмесе, осы кеткеніміз кеткен бе, ағайын?! Джон Рескин деген данышпан: «Негізінде, ең үлкен қателіктердің басында қашанда тәкаппарлық тұрады» депті. Егер Джонның сөзін «формулаға» салсақ, біздің билік тәкаппарлықтың шыңына шығып кеткеннен сау ма? Егер күдігіміз расталса «Ет сасыса тұз себеміз, тұз сасыса не себеміз?» дегеннен басқа айтарымыз жоқ…
Бейбіт күнде талай жанның өмірін жалмаған Жамбылдағы жарылыс салдары да, оның төңірегінде өртше өрбіген түрлі алып-қашпа сөздердің де дауы әлі басылар емес. Ресми ақпарат күнделікті таратылса да, әлеуметтік желіде желдей ескен «жаңалықтар» жұрттың ойын сансаққа жүгіртті. Әсіресе «Әскерилер базаны тастай салып қашыпты, өрт сөндірушілер алданып қалыпты» немесе «Ондағы оқ-дәрілерді сатып жіберіп, нақты санына жете алмай қалған, сол үшін жарып жіберген екен» деген жұрт аузында жүрген ақпараттың ақиқатынан гөрі аңызы басым болып тұр. Қашанда Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай халықтың тілі, құлағы һәм көзі бола белген халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті бұған дейін де Жаңаөзен оқиғасының, Арыстағы апаттың, Қордай қақтығысының анық-қанығын аттанға айғай қоспай-ақ барынша зерттеп, зерделеп, елге басу айтып еді. Жамбылдағы жарылыстың да неден, қалай болғанын ел-жұртқа жеткізу мақсатында журналистік шағын зерттеу жүргізу басты мақсатымыз болғанын жасырмаймыз.
Адам болған соң бір-бірімізді кінәлауға дайын тұрамыз ғой. Өмір болған соң «тұзы жеңіл» адамдар болады. Билікте де жүр ондайлар. Олар кейде бекерге күйіп кетеді. Енді бірде біреудің былығына «малынып» жатады. Әйтеуір қосақ арасында кететін сондай жандарға жаның ашиды. Қорғаныс министрі Н.Ермекбаевты солардың қатарына жатқызғымыз келеді. Осы қызметке келгелі көріп келе жатқаны жарылыс пен жаңылыс…
Иә, халықтан кешірім сұрап қателікті мойындау парасаттылық, батырлық. Дамыған Жапон елінің императоры АЭС-те жарылыс болғанда зардап шеккендер алдында тізе бүгіп кешірім сұрады. Шіркін ай отставка кетерінде бір ауыз халықтан кешірім сұраса дәрежесі кісілігі төмендемес еді Н. Ермекбаев мырзаның..!
Осы тұста Жамбыл облысының бұрынғы әкімі А. Мырзахметов тағыда еске түседі.Өзі арыз беріп Қордайдағы қақтығыста халықтан кешірім сұрап кетіп еді.
Өзінің іскерлігімен Жамбыл облысында халықтың алғысын алған, Есіл АЗАМАТ осы күнге дейін жұмыссыз. Н. Ермекбаев содан шошынып жұмыссыз қаламба деп қорыққан болуы керек 16 ердің қанын мойнына көтеріп кете барды..ӘТТЕГЕНАЙ
Біздің елдің Елбасы мен Президенті түгілі, Үкімет басшысы да тізе «бүккісі» келмейді. Бәрі асқақ! Бәрі тау! Ал жауапты деген қорғаныс министрі Арыста «Бұл кінәлайтын жағдай емес. Бұл табиғи нәрсе. Арсеналдың өзіндік қауіптері болады. Сондықтын әзірше кешірім сұрайтын жағдай көріп тұрған жоқпын» деп айды аспанға шығарған. Не көрмеген бұл қазақ, оған да көнген. Арыста осылай айтқан адамнан не күтуге болады өзі?! Бірақ Тараздағы жарылыстан соң «Отставкаға кетем, Мемлекет басшысы жіберсе» деді. Жіберді. Кетті. Енді кінәліні қайдан табамыз? Жауапкершілік кімнің мойнында? Болған іске кім жауап береді? Осындайда Авраам Линкольннің: «Халықтың сенімін бір жоғалтқан адам бар сый-құрметінен де айырылады» дегені ойға оралады.
Айтпақшы, Арыс жарылысында қатаң сөгіс алған экс-министр Н.Ермекбаевтың бірінші орынбасары Мұрат Бектанов Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Біздіңше бұдан ешнәрсе өзгермейді. Себебі бұрынғы министрдің орынбасары болған соң, кешегі жарылысқа да, Арыстағы жарылысқа да жауапкершілігі бар емес пе? Жауапқа тартылудың орнына министр болды. Бұл ҒАЖАП ҚАЗАҚСТАН. Таң қалмаңыз тек…
Алғашқы соққыға кеудесін тосқан Қайнар ауылында болғанда…
Елдіктің де, ездіктің де бағасын қысылтаяң кезең бермек. Ұлт болып ұйысамыз ба, бордай тозып қырылысамыз ба? Бәрі өз қолымызда. Дүниенің күлпаршасы шығып жатқанда күлдібадам сасық пиғылмен ешкім ұшпаққа шықпайды. Осыны естен шығармайықшы? Көліктерімен тегін тасып, эвакуациялауға көмектесіп жатқан жамбылдық және шымкенттік таксистерге Алла разы болсын! Жарадыңдар!
Өкінішке қарай, Тараздағы жарылыс болған күні кей таксистер бағаны үш есе көтергені жайлы ақпарат та бар. Бұл мешел сананың – жеткізген жері. Қазақтың басының бірікпей, түтілген түбіттей жидіп жатқаны да осыдан. Не нәрсе де біздің ниетімізге орай беріледі. Ниет түзелмеген жерде биік мақсатқа жету де қиын.
29 тамыз Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні болды. Мемлекеттік Туымыз барлық жерде төмен түсірілді. Елорда көшелерін аралап жүріп, Қазақстанмен бірге екендігін өз елінің туын төмен түсіру арқылы білдірген бірнеше елдің елшілігін көзіміз шалды. Олардың ішінде АҚШ, Түркия, Белорусь Республикасы бар. Мен көрмеген өзге де елшіліктер бар шығар. Еленбестей болып көрінгенімен осындай қадамға барған ниеті мен қадамына ішің жылып қалады екен біртүрлі. Біздің билік жағынуға құмар Ресей байрағының – сол күнгі «бейнесін» көрген кім бар екен?..
Апат болған әскери бөлімнің дәл түбіндегі Қайнар ауылына 3 қыркүйек күні ат ізін салдық. Төтенше жағдайдан кейін ауылдың жайма-шуақ тіршілігінің құты қашқан. Асыр салып ойнап жүрген бала жоқ. Жарылыс бір астаң-кестеңін шығарса, құрылыс жұмыстары және әр жердің шаңын шығарып жатыр. Әрине құрылыстың қызғаны көңілге медеу.
Бұл ауыл кезінде «Түрксіб» темір жол магистралінің бойынан салынған ескі разъездердің бірі. 1974 жылы әскери оқ-дәрі базасы пайда болғанға дейін мұнда елді мекен болған. Қазір 20 отбасының құтты қонысына айналған. Расын айту керек, жарылыстан кейінгі алғашқы күндердегідей астаң-кестеңі шығып жатқан ауылды көрмедік. Құрылысшылар шашылған дүниелерді жинастырып, ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстарын бастап кеткен.
Аумағына Қайнар ауылы кіретін Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі Асқар Пірманов мұнда 19 үй, 20 түтін барын айтты. Жарылыстан кейін өңірге шұғыл жеткен Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институтының мамандары Қайнардағы үйлердің бәрін тұруға жарамсыз деп таныған. Бірақ құжат жүзіндегі қорытындысы әлі шықпаса да құрылысшылар тазалау, бөлшектеу жұмыстарын бастап кетіпті. Мұнда қазір жергілікті 5 құрылыс компаниясы жұмыс істеп жатыр.
Алғаш ауласына кірген үйдің отағасымен бірден тілдесе алмадық. Ол жарылыс кезінде қаза тапқан күйеу баласының қазасын естіп, микроинсульт алып, сырқаттанып қалыпты. Қазір екі аяғы сіресіп, ісіп кеткен. Әупірімдеп балдаққа сүйеніп қозғалып жүр екен.
Жұбайы Роза Серікова қоймада өрт тұтанып, артынша жалын араласқан қара қошқыл түтін шыға бастағанда-ақ бала-шағаны алып, қашып үлгергендерін айтты. Жалпы, ауыл тұрғындары тұтас дер кезінде сыртқа кетіп қалған екен.
Р.Серікова «Мұнда оқ-дәрі қоймасының бар екенін білсек те, амалсыз тұрып келдік. Арыстағыдай үлкен көлемдегі оқ-дәрі жоқ деп айтылған» дейді.
– Арыс оқиғасынан кейін көшіп те кеткіміз келді. Сол кезде Қорғаныс министрлігінен тексерушілер де келіп кеткен. Бірақ қандай қорытындыға келгендерін білмедім. Десе де дәл қойманың түбінде елді мекеннің болғаны дұрыс емес деп ойлаймын. Бұл апатты Алланың сынағы деп қабылдадық. Ешкімге бәлен деп айып таға алмаймын. Облыс, аудан басшылығы қазір барлық көмегін аяп жатқан жоқ, – дейді қайнарлық Р.Серікова.
Осы ретте бізді Арыстағы төтенше жағдайдан кейін министрліктің бұл әскери бөлім қоймасына, оны көшіру-көшірмеу мәселесіне көңіл бөліп, артынша неліктен ұзақ уақыт тынышталып қалғаны қайран қалдырды.
Ал осы көшенің бас жағында, яғни, әскери қоймаға ең жақын орналасқан үйлердің біріне, Нәдірбековтер шаңырағына аяқ басқанымызда қызып жатқан құрылыс жұмысын көрдік. Үйдің үлкендерін сөзге тарттық.
– Жарылыс бәріміз үйге қайтып кеткенде болды, – дейді Қорғаныс министрлігінің 28349 әскери бөлімінде еңбек ететін Шолпан Нәдірбекова. – Басшылық дабыл көтерген соң әскерилер шұғыл сапқа тұрды. Алгоритм бойынша әрекетке көштік. Ауыл тұрғындарын эвакуациялау үшін біразы ауылға қарай жүгірді. Ал осы көріністі көргендер әскерилер қашып кетті деп ойлап жүр, – дейді Ш.Нәдірбекова.
Ел басына күн туғанда балақтан тартқан блогерлер «құтырып» тұр!
Ел басына күн туып, ер етігімен су кешіп жатқан қысылтаяң шақта «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартатыны» секілді, әлеуметтік желідегі «батырлар», үй артында күңкілдеп бомба-сөздерін жарып жатады. Мұндай тосын оқиға орын алғанда блогерлердің де құдайы береді. «Көрмейін десем көзім бар, сезбейін десем сезім бар» демекші, оқып отырып шошып кетесің кейбірінен. Арандатушылар да, елдегі жағдайға алаңдаушылар да көп өйткені. Тағы айтамыз, блогерлердің «наны» жүріп тұр қазір. Ел аралап жүріп ынтымақ сүйгіш халықтың оларға деген өкпе-ренішін сезіндік. Өзіміз де көзімізбен көрдік. Қорқыту-үркіту ғана емес, айқайға аттан қосып, толық мәліметке сүйенбей, елді дүрліктіруге «құмарлығы» шектен шығып барады олардың. Аккредитация дегенді білмей ме, әлде ескергілері келмей ме? (Олар неге өзге тілшілердей тіркелмейді. Неге жай-жапсарын айтпайды). Кейбірі тіпті аты-жөнін де айтқысы келмей қиқаңдайтын көрінеді. Діңкілдеп келіп, «дүңкілдеп» жүретіндері қызық. Кімге болсын қисық-қыңыр сұрақтар қояды, одан қалды айтылған жауаптың өңін «түрлендіріп» жіберуге құмар.
Мақсаттары: қоғамды шулату, сөйтіп әлеуметтік желінің «түндігін» желпу. «Подписчиктерінің» санын арттыру. Бұларға мемлекет тарапынан бір тоқтам болмаса (Заң аясында шектемесек) – алда түрлі қиындықтарға кездесуіміз әбден мүмкін. Арыста да, Таразда да алаулатып, жалаулатып болмағанды болғандай, толмағанды толғандай етіп жазып халықты әбден шатастырып бітіп еді… Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз, блогерлерге тәртіп пен ереже керек. Журналистерге тән талап пен тәртіп, әдет пен әдептен аттамаса дейміз. Бұл Тараз сапарындағы халықтың аманаты еді. Аманатқа қиянат жасағымыз келмей жазып отырған жайымыз бар.
Өкінішке қарай, бүгінгі қоғам сенсацияға құмар болғандықтан блогерлердің сөзі өтімді болып тұр. Қиын сәтте ел арасының бұзылуына да аңдаусыз айтылған бір сөздің сына қағуы кәдік. Тараздағы жарылыста елдің зәре-құтын алып, кәдімгідей жүректеріне қорқыныш ұялатып, «Бәрін тастап қашыңдар» деп команда берген де блогерлер деседі көргендер. Әйтсе де әкімшілік пен жергілікті халық ұйымшылдықпен жұмыс істегенін айтпай кету арға сын! Теледидар мен радиодан қайта-қайта ақпарат беріліп, халықты сабырға шақырып отыру да үлкен жұмыс! Арыстан кейін халық үрейден арылмай жүргенде, блогерлердің көксегені не? Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан екенін шынымен-ақ білмей ме олар?
Журналисттің аты – журналист қой шіркін, белгілі ұжымы, газеті мен сайты, бас редакторы тағы бар. Олар жан-жақты және әділ жазуға тырысады. Өкінішке қарай пендешілік журналистерде болатынын бұрмалап бір сайттан, екінші сайттағы сөздерді бұрмалап көшіріп жазып арандатып жататындар да кездеседі. Негізі журналистиканың міндеті халыққа нақты ақпарат жеткізу емес пе! Журналистің орнын блогер ауыстырғанымен, халыққа жетіп жатқан ақпараттар да ала-құла көп. Нақтылық, дәлдік жетіспей жатыр. Осыны билік тез арада реттесе дейміз.
Әлеуметтік желілер «Ақылдылар мекені» ғой о бастан. Онда да топ-топ айтыс пен жақ-жақ тартыс қызып тұр. «Бейбіт күнде халықты қан қақсатты, аналарды зар еңіретті» десе біреуі, «Қарапайым салық төлеушінің есебінен оқ-дәрі сатып алады да оны ішіп-жеп, сатып… қалғанын өртеп жарып жібереді. Не деген ақылды, ей, мыналар! Жемқор билікке сенуден қалдық» деп жазады екіншісі.
«Қоймадағы снарядқа ие бола алмай отырып, елді қалай қорғай алады мыналар? Атом бомбаны сатып жібергені жақсы болған десейші, соған тап қазір қуанып отырмын, ол болғанда мыналар баяғыда қырып тастағандай екен халықты» деп шулатуда үшіншісі.
«Әуелі елді мекенге жақын жерге соншама оқ-дәрі сақтайтын қойма сала ма есі дұрыс адам. Заңдылық бар емес пе? Арыста сол айтылды ғой, Қорғаныс министрлігі оқ-дәріні қорғай алмай жатқанда, халықты қалай қорғамақ?» депті төртінші «шешен».
«Біреу әдейі қастандық жасап жүрмесе, бұл не деген бітпейтін жарылыс?! Бейжай мемлекеттің ішіне тыңшылар ендеп кіріп алған жоқ па екен? Мемлекеттік қорғанысты әлсіретуді, елді қынадай қыруды мақсат тұтқан тәрізді. «Иесіз қораға қасқыр өштің» кебін киіп жатқан жоқпыз ба?» деп түңіліпті бесінші «диван батыры».
Әлеуметтік желі кеңістігінен мұндай жазбалардың жүзін емес, мыңын кездестіру түк емес. Мұны жазып отырған себебім, халықтың қаншалықты ашынғанын, билікке деген өкпе-реніштің күн сайын үдеп бара жатқанын көрсету ғана… Қазақ атамыз «Байқамаса быламыққа да тіс сынады» деп бекер айтпаған. «Қорқақты қуа берсең батыр шығар» дегені тағы бар…
Әскерилер қашты ма, әлде…
Расында, осындай алып-қашпа әңгімелер қазір елді шатастыра бастады. Әсіресе «Әскерилер неге бөлімді тастай қашты?» деген сұрақ та желдей есіп тұр. Біз мұның жауабын тапқан сияқтымыз. Оны Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының басқарма басшысы полковник Жұмабек Хасенов айтып берді. Ол осы апаттың себебін анықтауға астанадан арнайы келген білікті әскери мамандардың бірі. Полковник бізге оқиғаны басынан бастап баяндап, жалпы картинаны көз алдымызға әкеліп, апаттың қалай өрбігенін суреттеп берді.
– Арыс апаты бәрімізге, әскери адамдарға, әсіресе Қорғаныс министрлігіне үлкен сабақ болды. Сол жағдайдан кейін үлкен жоспар құрылды. Яғни еліміздегі оқ-дәрі қоймаларын елді мекендерден 15-20 шақырымдай алыс аумаққа көшіру жайлы 2019-2024 жылдарға арналған бағдарлама қабылданған. Қазір облыс аумағында үлкен екі қойманың құрылысы басталып кетті. Нақты қай жерде екені айтылмайды. Ол қашан аяқталатынын да айта алмаймын, ол қаражатқа байланысты, – деді полковник Ж.Хасенов.
Оның айтуынша, мұнда Арыстағыдай ауыр снарядтар болмаған. Тек танкі мен жаяу әскерге қарсы қолданылатын миналар және 14-қоймада тротил болған. Өкінішке орай 113 қойманың тек үшеуі ғана аман қалған.
Полковниктен өрт сөндірушілердің «Әскерилер бізді жарылғыш зат жоқ деп алдап, өздері қашып кетті» деп айтқан сөзінің қайдан шыққанын білуге тырыстық.
– Негізі мұнда әскери өрт сөндірушілер мен төтенше жағдайлар қызметіне қарасты өрт сөндірушілердің арасында бірлескен жаттығулар өтіп тұрады. Осының алдында ғана дәл осы 14-қоймада болуы мүмкін өртке қарсы оқу-жаттығу өтіпті. Яғни, ТЖ мамандары да, әскерилер де мұнда не барын да және тротилдің детонациясыз өздігінен жарылмайтынын да жақсы біледі. Меніңше «әскерилер қашып кетті» деген жігіт офицер болмағандықтан, ол жоғары жауапкершілік деңгейінде ойлап тұрған жоқ. Яғни, әскери бөлім офицерлері бірінші кезекте осындағы казармадағы әскерге жаңадан шақыртылған 18-19 жастағы жас сарбаздарды, ауыл тұрғындарын эвакуациялауға кірісті. Егер ол жігіт командир болғанда олай айтпас еді?. Ол жігіттің «Әскерилер колонна болып, бөлімнен шығып кетті деп отырғаны сол жас сарбаздар, – дейді Ж.Хасенов. Біздің риза болғанымыз Ж.Хасеновтің шыншылдығы және елге жақындығы ұнады. Екі тілде еркін көсілген әскери азаматтың әлі де болса айтары көп сияқты.
«Әр маманның өз міндеті бар» деген Ж.Хасеновтың сөзінің жаны бар сияқты. Өйткені одан кейін бізге сұхбат берген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі бастығының орынбасары Әлібек Асатов та осы тақылеттес пікір білдірді.
– Жалпы, бізде де өрт сөндіруге ісіне қатыспайтын мамандар болады. Бәрінің бірдей өртке қарай тұра жүгіруі міндетті емес және ол өте қауіпті. Олардың әрқайсысының өз функционалдық міндеті, жұмысы бар. Сол сияқты аталған әскери бөлімдегі қызметкерлердің бәрі өрт сөндірушісі емес қой. Сондықтан, өрт сөндіруге қатысы жоқ адамдардың ол жерден шығып үлгергені өте дұрыс шешім болды. Өзіңіз ойлаңызшы, қолында су шашатын оқпаны, не үстінде арнайы костюмі жоқ өзге әскерилер өрт болып жатқан жерде не бітіреді? Қайта олардың кетіп қалғаны дұрыс болған. Әйтпесе, адам шығыны қазіргіден де көп болар ма еді. Қаза тапқандардың тоғызы біздің жігіттер, қалғандары әскери өрт сөндірушілер. Олар да сол жерде соңына дейін бірлесе, антына адалдық танытып, нағыз батырларша әрекетке барды, – дейді азаматтық қорғау полковнигі Ә.Асатов.
Сонымен Жамбылдағы жарылысқа кім кінәлі?
Сонымен жарылысқа кім кінәлі? Пікір әртүрлі. Әркім әр тарапқа тартады. Қолдаушылардан кінәлаушылар басым. Қарапайым жұрт «жоғары жақ не айтар екен?» деп әрегідік мойнын созып қояды. Сондай сәтте «артынан сөз ерген», сөз ергенін көз көрген Парламент Мәжілісінің ең жас депутаты Мәди Ахметов Жамбыл облысындағы қайғылы оқиғадан бір күн өткенде, Үкіметтің жұмысына тікелей жауап беретін Премьер-министрдің үнсіз отырғанын парақшасына айқайлата жазды. Бұл өзге әріптестеріне үлгі боларлық қадам ғой. «Арыстағы жарылыс араға 2 жыл, 2 ай, 2 күн салып Байзақта қайталанды. Тәуелсіздік жылдарында елімізде үлкенді-кішілі 8 жарылыс орын алған. Осындай жағдайлардың себебін анықтап, жоюдың орнына әлі күнге салдарымен күресіп келеміз. Бейбіт күнде жауапсыздық пен жүйесіз жұмыстың кесірінен 5 бауырымыз мерт болды. Кешелі бері Үкіметтің жұмысына тікелей жауап беретін Премьер үнсіз. Министр отставка кетсе бұл мәселе шешіледі деген сөз емес.
Көзбояушылыққа негізделмеген, түбегейлі реформа қажет. Оны түбіне дейін жеткізетін өз принципі бар адам қажет. Жамбылдықтарға сабыр тілеймін, қаза болғандардың отбасына көңіл айтамын», деп жазды «жас бала».
Таразда жарылыс болып, ел жанталасып жатқанда, халықпен бірге болуға талпынған бір депутатты көрмедік. Қағазға телміріп «қамығу» мен халықтың арасынан «табылу» екі басқа ұғым екенін айта-айта жақ талды. Қайтейік, сөзіміз жерге тапталды. Тек 7-ші қыркүйек күні Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай мырзаның «ЖАҚСЫ СӨЗДЕ МЫҢ КІСІНІҢ АҚЫСЫ БАР» атты жазбасын оқыдық. «Халық қалаулылары неге дәл осы мәселені жоғарыға жеткізбей, жақ ашпай отыр», деп ойлап жүрген біз, бұл постыңызды оқып қуанып қалдық, Дархан Қамзабекұлы! Дәл осы айтылған игі шаралар қолға алынса, ел әжептәуір оңалар еді. «Не істеу керек?» деген көптің көкейіндегі күпті сауалға дайын концепция болды бұл. Дегенмен айтылу бар да, оның орындату жағы барын да естен щығармағанымыз абзал-ау…
Белгілі актер Алмат Сақатов: «Ассалаумағалейкум! Соңғы үш төрт жыл «Кім кінәлі?» деген сұрақ қойылғанмен, соған жауап таппай жүрмін. Арыс. Тараз. Тағы қай жер???
Бір ақсақалға осы сұрақты қойғанда ол атам айтыпты: «Малың сүт бермесе, ет жинамаса жем-шөбін ауыстырғаннан еш пайда жоқ. Пайдасы жоқ малды сойып тастау керек» деген екен. Миллиардтап ұрлайды. Екі-үш жылмен құтылып, оның өзін жылы түрме, жұмсақ тамақ жеп өткізеді. Әскери бөлімдер жарылып, адам өлімі болса өткен Кеңес одағы кінәлі. Сонда кім кінәлі?? Кім??? Өмірден жап-жас балалар өтіп жатыр. Төрде отырған ақсақал ақымақ болса, етектегі балаң жетім. Кім кінәлі?? Кім??» депті. Расында да қайта-қайта жарылысқа кім кінәлі?
Бұрынғы Қорғаныс министрі болған Сәт Тоқпақбаевтың Жамбылдағы жарылыс туралы пікірін оқыдық. Қанша дегенмен тәжірибесі мол әскери адам ғой, сөзі нық! Уәжі темірдей! 1999-2001 жылдары Қорғаныс министрі болған Сәт Тоқпақбаевтың айтуынша, Арыстағы жарылыстан кейін барлық қару-жарақ қоймалары қатаң бақылауда болуы керек еді.
«Қазақ үні» газетіне берген пікірінде Сәт Тоқпақбаев өзі қызмет еткен жылдары қару-жарақтардың қауіптілерін шығартып, әскери полигондарға жарғызып тастау керек деген ұсыныс айтқанын жеткізді. Алайда, осы шаруаны істеймін деп жүргенде ол қызметін ауыстырған. «Өзімнен кейін келгендерге қадап тұрып айтқанмын. Әсіресе, оңтүстік өңірдегі қару-жарақ қоймаларын тазалау қажеттігін ерекше ескерткен едім. Бірақ жарылыс тағы қайталанды. Тараз маңындағы жарылыстан кейін Қорғаныс министрі бірден отставкаға сұраныпты. Ол өзін «моральді кінәлімін» деп сезінгені. Ал, адам өлімі болған жерде, отставкаға кетсе де, зейнетке шықса да кімнің айыпты екенін құқық қорғау органдары шешеді», деді Сәт Тоқпақбаев.
Адам өлімінен кейін берілген марапат, қазадан кейін келген атақ туралы жазу біз үшін өте ауыр. Қыршын кеткен атпалдай азаматтардың орнын ешқашан ештеңе толтыра алмайды. Себебі оқыс оқиға, күтпеген жарылыс қой бұл. Бейбіт күнде берекеміз қашып, асып-сасып қалғанымыз рас. Апат айтып келемейтіні тағы байқалды. Елдің азаматы ретінде айтарымыз, Тараз қаласында болған жарылыс барлық арман, үмітіміздің отын сөндіргендей болды. Азаматтарынан айырылған отбасы, әулеттерге жүрегіммен езіле отырып тағы да көңіл айтамыз. Апат айтып келмес дейміз-ау. Бірақ осы жолы «айтып» келді ғой. Арыстан неге сабақ алмадық? Осынша қару-жарақ қараусыз қалғаны қалай? Бұл оқиғаны Ел Президенті назарына ұстар, халқына жауап берер. Ел үшін қаралы күн екені даусыз. Бейбіт күнде ауыр жағдайды бастан өткеріп отырмыз. Отан үшін, бауырларының амандығы үшін өмірлерін қиған қыршындардың рухына мәңгілік тағзым. «Ер ел үшін туады, Елі үшін өледі» демей ме. Ел үшін жанын қиған азаматтар есімі ел жүрегінде мәңгі сақталады. Барша қазақ халқына қайғырып көңіл айтамыз. Әкелер, Аналар бейбіт заманда балаларының бақытын көрсінші енді. Аза тұту қазақ үшін соңғы рет болсыншы. Алла боздақтардың иманын жолдас ете гөр. Қайғыңа ортақпыз, Тараз елі.
Жедел құрылған штаб…
Жанталасқан шенділер…
Бізді қатты толғандырып жүрген нәрсенің бірі, Тараздағы өртті сөндіреміз деп жарылып кеткен жап-жас өрт сөндірушілерді «қоймада жарылатын зат жоқ» деп алдаған әскерилер. Ата заңда сақталуы тиіс әділдік принциптерін бұзған жоқ па деген сауал төңірегінде ой. Ата заңды ұстап тұрып ант берген әскерилер жарылатын заттар бар екендігін біле тұра неге өрт сөндірушілерді алдап, ажал аузына айдап салған. Бұл қорғаныс саласының жоғарыдан төмен былыққа батқанын, шындықты айтуы тиіс әскерилеріміздің ар-ождан құндылығы құлдырағанын көрсетпей ме?! Сонда Ата заңды ұстап тұрып ант беру құр жасандылыққа айналғаны ма?! «Полковник бізге жарылмайды деді де, өзі артқа шегіне бастады». Бұл – жарылыстан құдай сақтап, аман қалған өрт сөндіруші Алмаздың айтқаны. «Жарылатын зат жоқ деп басшыларымызға айтты, олар да алданып қалған сияқты», дейді ол тағы да. Бұл не сонда? Әлдінің әлсізді отқа айдауы ма?
Бұл жерде біліксіздік, іске, адам өміріне деген немқұрайдылық, жауапсыздық көрініс беріп тұр. Мұның бәрі елде отыз жыл бойы қалыптасқан бойкүйездіктің, жаны ашымастықтың салдары. Ешкімге ештеңе керек емес, ешкім ештеңеге алаңдамайды деген сөз!
Содан соң өрт сөндіру қызметінде сол аумақ, елді мекендегі жарылғыш заттар тұрған жерлер туралы ақпарат болуы керек қой? Сонда өздері де қауіпсіздікті ойлар еді. Жарылғыш заттарды құпия сақтау – қаншама боздақтың өмірін қиды. Жаның түршігеді тіпті.
Арысты ұмытқанымыздай, Тараз да бір күні есімізден шығып кете ме деп қорқамыз. Жарылыс болған жерді көзбен көрген адам ретінде айтарымыз, өте жойқын жарылыс болған. Бөлшектенген дене, ұшып кеткен бас пен қол… жаның түршігеді. Табиғи апат емес, адами, соның ішінде әскери мамандардың олақтығынан, салғырттығынан болған жарылыс. Адам ғұмырына осыншама немқұрайды қарау деген миға сыймайды. Жарылыс жөнінде нұсқа көп. Егер екі жарылысқа да Қорғаныс министрін кінәлі санасақ, онда Президент пен Елбасы да жауапкершіліктен қаша алмайды. Өйткені бұл тұтас биліктің кінәсі?
Біз бұл жаққа келгелі облыс, аудан әкімдері штаб төңірегінде жүр. Үй-жайлары барын ұмытқан. Бұған бір жағы ішіміз жібіп қалды. Әсіресе облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмысының қауырттығына қарамай, өзінің крезис-менеджер екенін көрсетіп, ұйымдастыру істерін шыр көбелек айналдырып жүргеніне куә болдық. Жақсының жақсылығын айту ата дәстүріміз болғандықтан бұра тартпай шындық жаққа қарай қисайып отырмыз. Облыстық штабқа барғанымызда таңғалғанымыз, (бәрі күнде солай жиналады екен. Алғашқыда 24 сағатта, кейін екі күнде бір) іздеген шенділерімнің бәрін сол жерден таптым. Ұйымшылдық өте жоғары дәрежеде екен.
Штаб тәулік бойы жұмыс істеп тұрғаны қуантты бізді. Дүйсенбі күні осы оқиғаға байланысты жедел құрылған штабтың төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен штабтың кезекті отырысынан кейін штаб төрағасынан және мүшелерінен сұхбат алудың сәті түсті. Алдымен облыс әкімі штаб жұмысының қазіргі барысын айтып өтті. Жаңа тағайындалған Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов облысқа келіп, біраз шаруаны бірлесе пысықтағандарын жеткізді.
– Қазір ғана Қайнар ауылына барып, ондағы жағдайды, құрылыс жұмыстарының барысын көріп қайттық. Көп мәселені талқыладық. Бауыржан бауырымыздың әлі күнге табылмай жатқаны жанға батып тұр. Әскерилер, еріктілер барын сала іздеп жатыр. Үйлерді қалпына келтіру жұмыстары да тұрақты бақылуда. Тұрғындармен де кездесіп, айтар ойларын, ұсыныстарын тыңдадық, – деді облыс басшысы.
Одан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевті сөзге тарттық. Одан бірінші кезекте дәл қазір ауыр күйде аурухана төсегінде жатқан науқас – өрт сөндіруші Ерлан Қырғызәлиевтің жағдайын сұрадық.
– Бізге түскенде жағдайы өте ауыр болды, өздігінен қысымын ұстай алмады. Ол жігіт түскен күні-ақ, облыс әкімі Б.Сапарбаев, өңірге арнайы келген Денсаулық сақтау министрі А.Цой барлық жараланғандардың, соның ішінде осы жігіттің хал-ахуалын жеке бақылауларына алды. Елордадан санавиациямен бірнеше рет білікті мамандар келді, – деді ол.
Өкінішке қарай, 7 сәуір, яғни сейсенбі күні Ерлан Қырғызәлиевтің қайтыс болғаны жайлы қаралы хабарды естідік. Жүрегіміз ауырып, көзіміз жасқа толды.
Басқарма басшысы жарылыс кезінде шошып қалған балалардың да болғанын жоққа шығармады. Бұл мақсатта шұғыл түрде психолог мамандардың жұмылдырылғанын жеткізді. Және кеше ғана 14 баланы Тараз қаласындағы «Бөбек» емдеу-сауықтыру орталығына жатқызылғанын айтып өтті. Десе де, әлі де психологиялық тұрғыдан өз-өзіне келе алмай жүрген, стресс алып қалған тұрғындардың жоқ екенін мәлімдеді.
Әлеуметтік мәселені жөндеу қайғы бұлтын сейілте ала ма?
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бастығы генерал Марат Ирменовтің де қабылдауында болып, жарылыс салдарынан ұлт қауіпсіздігіне қандайда бір зиян келді ме деген көкейіміздегі сауалды төтесінен қойдық.
– Қорғаныс саласы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бағынышты болмағандықтан біз тергеу жұмыстарымен айналысып жатқан жоқпыз. Және сотқа дейінгі тергеу ісімен жергілікті мамандардың ешқайсысы қатысып жатқан жоқ. Нұр-Сұлтан қаласынан, орталықтан келген бірлескен тергеу тобы айналысуда. Яғни, Ішкі істер министрлігінің Әскери тергеу басқармасының білікті қызметкерлері жұмылдырылып отыр.
Әзірге тергеу үш бағыт бойынша, яғни салғырттық, қасақана өртеу және химиялық реакция болуы мүмкін деген болжам бойынша жүріп жатыр. Біздің қызметкерлер тергеу тобына қатыспаса да, көмек қолын созып жатқан жайы бар.
Әлеуметтік мәселелер қайғыны сейілте ала ма? Әрине жоқ. Бірақ бұл да қажет нәрсе! Біздің сұрауымыз бойынша облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарамалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков асыраушысынан айрылған кезде мемлекет өтеп беретін төлемдер жайлы айтып берді.
– Қазіргі таңда осындай төлемдер тағайындалып жатыр. Келесі айдан бастап төлене бастайды. Орта есеппен асыраушысынан айрылғандар ай сайын алатын төлем сомасы 107 000 және 162 000 теңге аралығында болады. Бұл 18 жасқа дейінгі балалар санына қарай әркімге әртүрлі шығады. Егер балалары жоғары оқу орнында оқитын болса, оған жиырма үш жасына дейін төленеді. Сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қаншалықты қатысушы болса, соншалықты көбірек төленеді. Одан бөлек, қайтыс болған марқұмдардың отбасына олардың соңғы жұмыс істеген орнынан алатын бес жылдық жалақысы көлеміндегі бір реттік өтемақы төленеді. Бұл төлем Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрлігі есебінен өтелмек. Бұған қоса асыраушысынан айрылған отбасыларға жергілікті бюджет есебінен 5 миллион теңге беру туралы шешім қабылданды және Үкімет тарапынан 10 миллион теңге беру мәселесі шешіліп жатыр.
Сонымен қатар, Бердібек Машбекұлының екінші деңгейлі банктердің басшыларымен жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде жоғарыда аталған отбасылардың банк алдындағы берешектерін банктер толық кешіретін болды, – деді Ж.Баубеков.
Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамалов жарылыстан зардап шеккен ауылдардың оқушыларының оқуында еш проблема жоқтығын айтып өтті.
– Жалпы, жарылыстан соққы алған үш ауылда 240 оқушы бар. Қайнар ауылындағы 20 баланың 14-і «Бөбекке» жатқызылды. Олар сонда бір айдай уақыт жатып оқиды. Қалған 6 баланың ата-анасы Көкбастау ауылында бір үйді жалға алып, сол ауылда оқытып жүр. Ал Үшбұлақ ауылындағы мектепте 114 оқушы білім алуын жалғастырып жатыр. Мектептің қираған есік-терезелері тез арада қалпына келтірілді. Жібек жолы ауылындағы 114 оқушы екі автобуспен тасымалданып, Жаңатұрмыс орта мектебінде екінші ауысымда оқуын жалғастыруда, – деді ол.
Сондай-ақ штаб төрағасының орынбасары, облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев штабтың осы күнге дейін атқарған жұмысына, алдағы жоспарына тоқталды.
– Жарылыс болған күні-ақ облыс әкімінің тапсырмасымен жедел штаб құрылды. Оның құрамына әкімдік өкілдерінен бөлек, күштік құрылымдардың басшылық өкілдері де кірді.
Штаб ең алдымен, сол түні-ақ әскери бөлім маңындағы ауылдардың тұрғындарын тез арада көшіру ісін үйлестірумен айналысты. Ол үшін Тараз қаласынан бірнеше оқу орындары дайындалып, адамдарды тасымалдауға ондаған автобус жұмылдырылды. Ерікті жастар да жеделдік танытып, ас-суын, төсек-орындарын дайындап берді. Бұл жұмыстардың бәрі ойдағыдай үйлестірілгенімен, көптеген отбасы түн жарымында, кейбірі ертесі күні Тараздағы туыстарының, жақын жуықтарының үйіне кетіп қалды. Осы ретте, ағайындық, ауызбіршілік танытып, кісіліктің үлгісін көрсеткен тараздықтарға алғыс айтамыз. Шошып қалған тұрғындар мектепте, уақытша орында жатпасын деп, үйлеріне сыйғызып алды.
Түйін: Тағы да қай жерде оқ-дәрі қоймалары бар?
Барлық шаруаны бір айдың ішінде бітіруге күш салып жатыр Үкімет. Өрт сөндіруге қатысып, қаза тапқандарының да, аман қалғандарының да көзсіз батырлығы ел есінде қалуы тиіс! Ерлік еленбесе рухымыз сетінеп, ессіздік төрімізге шығары анық!
Оқ-дәрі қоймаларындағы жарылыстарды тергеп-тексеру жылдарға созылуы мүмкін. «Кім кінәлі?» деген сауал тарих қойнауына енгенімен, күндердің бір күнінде найзағайдай жарқ етіп шығарына сенеміз. Бізде жемқорлық жайламаған сала қалды ма өзі? Араға жылдар салып екі бірдей оқ-дәрі қоймасының жарылуы расымен де күмән бұлтын қоюлата түседі.
Қандай бауырмал, мейірімді, әлемді құшағымызға сиғызған қазақ едік, қатыгездік қайдан келді бізге? Осы ой жиі мазалайды ізгі жандарды. Елімізде жемқорлықтың кең етек алуы, заңдардың орындалмауы, жоғарыдағылардың берген уәдесінде тұрмауы, жұмыссыздық, әлеуметтік теңсіздік, бай мен кедейдің ара жігінің ашылуы қоғамды айқын көрініс беріп тұр. Мұның бәрі сонау Кеңес Одағы ыдырағанда басталды. Тәртіптің, қатаң бақылаудың жоқтығынан қоғам азғындады. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген бабалар сөзінің шындығына көзіміз жете бастады.
Ана тіліміздің қадір-қасиеті қаша бастағалы қашан. Тәуелсіздіктің 30 жылы да ана тілдің өрісін кеңейте алмады. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРГЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛУ МІНДЕТТЕЛЕДІ. БІРАҚ ӘЛІ КҮНГЕ СӨЗ ЖҮЗІНДЕ ҚАЛЫП КЕЛЕДІ. МІНДЕТТЕЛГЕН ЖОҚ!.. Мемлекеттік тілде ауыз аша алмайтын адам біздің елде ғана министр бола алады. Жылайсың ба, күлесің бе? Мұстафа Шоқай бабамыздың «Өз ана тілінде білім алмаған адам, ұлтына қызмет ете алмайды» деген сөзі осындайда еске түседі. Мұның бәрі сөз орайында айтылып жатқан әңгімелер.
Халықта үрей көп. Күні кеше ғана Ақтөбе облысы, Ойыл ауданындағы Ақжар ауылының тұрғындары Арыс қаласы мен Жамбыл облысындағы апаттардың қайталануынан қорқып, ауыл түбіндегі жарылғыш заттар сақтайтын қойманы көшіруді талап етіп, бас көтеріпті.
«31» арнаның «Информбюро» ақпараттық бағдарламасының хабарлауынша ауыл тұрғындарының үрейі күшейген. Өйткені, қойма мен ауыл арасы 200 метрдей қашықтықты ғана құрайды. Оның үстіне, 1500 балаға арналып салынған мектеп те қоймаға қол созым жерде орналасқан. Балаларының қауіпсіздігіне алаңдаған тұрғындардың жалғыз талабы – қойманың кемі 30 шақырым шалғайға көшірілуі.
Бұл ғана емес, өзге өңірлерде де қару-жарақ қоймалар шоғыры мол. Бәрі есепсіз салынған. Апат айтып келмейтінін көріп жүрміз. Қазақ билігі Алла Тағаланың сақтансаң ғана сақтаймын деген сөзін бір сәт естен шығармауы керек. Әйтпесе көретін күні осы…
Тараздағы жарылыстың жай-жапсарын «Qazaqstan dauri» газеті өз бақылауына алады. Барынша шынайы ақпарат таратып, жарылыстың шығуының себебі мен салдарына да үңіліп көрмек. Айтылған уәждер мен берілген уәделердің қаншалықты орындалғанын да көзден таса етпеуге тырысамыз. Алдағы уақытта бұл оқиғаға үнемі қайта оралып, осы жазылған мақала жалғасын табады.
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,
Жасұлан СЕЙІЛХАН,
Жамбыл облысындағы меншікті тілші
Халықаралық “Qazaqstan dauiri” газетінен