«Мерейлі отбасы-2021» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Отбасы күні қарсаңында Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті.
Онлайн форматта өткен рәсімге Қазақстанның 14 облыс орталықтарының, сондай-ақ Республикалық маңызы бар қалалар — Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері мен жеңімпаз отбасылар қатысты.
Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөздерінен басталды.
«Біз әрбір қазақстандық отбасында келісім, бақыт пен амандық орнағанын қалаймыз. Сондықтан мен отбасылық саясатқа ерекше назар аударамын. Отбасы институты өскелең ұрпақтың бойында адамгершілік, парасаттылық, еңбексүйгіштік, патриотизм сияқты қасиеттерді қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Біздің халқымыз барлық уақытта үлкендерді құрметтеп, кішіге ізет білдіріп және қолдай білген. Жаһандану жағдайында біздің дәстүрлі рухани құндылықтарымыз қазіргі қазақстандық қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы маңызды. Бұған Отбасы күніне орайластырылған жыл сайынғы жалпыұлттық конкурс айтарлықтай үлес қосуда», — делінген Президенттің құттықтауында.
Сөз байқауға қатысушы отбасыларға да берілді. Ақтөбе облысынан 2016 жылғы «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары — Нұсқабаевтар көп балалы отбасының мүшесі Қайрат Нұсқабаев сөз сөйледі.
Ол байқаудың маңыздылығын және оның Нұсқабаевтар отбасының жас ұрпағының қалыптасуына, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлердің нығаюына әсерін ерекше атап өтті.
«Байқауға қатысу мен жеңісті біздің отбасымыз үлкен жетістік деп санайды», — деді Қайрат Нұсқабаев.
Ағымдағы жылы Ақтөбе облысынан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында Ойыл ауданының Займолда отбасы жеңімпаз атанды. 75 жастағы Ғазиз Займолдаұлы өмірін педагогикалық еңбекке арнаған, жұбайы Екатерина Калиевамен бірге олар алты баланы тәрбиелеп, өсірген. Биыл алтын тойды атап өткен мұғалімдер отбасында 15 немере, екі шөбере бар.
Мемлекет басшысының атынан естелік сыйлықтарды облыс әкімі Оңдасын Оразалин табыс етті. Ол конкурс жеңімпаздарына отбасы институтын нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, отбасыларының одан әрі өркендеуін, бақ-берекеге толы болуын мен тіледі және келе жатқан Отбасы күнімен құттықтады.
Айта кету керек, биылғы жылы байқаудың жаңа ережелері енгізілді, соған сәйкес жыл сайын әр өңірден 17 үздік отбасы анықталатын болады. Ағымдағы жылы өңірлік конкурстық комиссияларға 2 768 өтінім берілген.