«Ел Анасы» Сәуле Мешітбайқызы 70 жаста!

Ортамызда жайраңдап жүре берші,

жаны жайсаң жандардың көсеміндей.

(Сәуле апайдың 70 жылдығына арнау)

Апа, әзілді серік қып кешегіңдей,

көкпар — ойда ешкімге есе бермей,

ортамызда жайраңдап жүре берші,

жаны жайсаң жандардың көсеміндей.

Жақсының айту парыз іргелі ісін,

бақытты татқан жандар өз жемісін,

ұрпақ үшін салт – сана, әдет – ғұрып,

«Елана» ел білетін – бір жеңісің!

Сізге баға беретін мен емеспін,

(дарындыны сүймейтін жанмен өшпін!).

Алғысына көп жанның бөленгенсіз,

Халық – сыншы, жоқ одан әділ ешкім!

Қазақтың қамқор болып ұл-қызына,

Мін түсірмей келесің  болмысыңа,

қаршадайдан серігің – қағаз, қалам,

адал болдың өнерге – жолдасыңа!

Ұстаз апа, бір жүрсің еліңменен,

жоқ шығар еңбек күшің еленбеген,

туған жер – алып терек көкке ұмтылған,

сен соның тамырысың тереңдеген.

Сәулелер келеді өсіп ел ішінде,

ұрпақтар кең жайылым өрісің де,

біреу болса, дәл өзі сенсің, апа,

құрметтеуге лайық тірісінде.

Перзенті боп Тараздың жаны асыл,

сезіміңді намысқа жанығансың,

еңбек сүйгіш өнерлі, дарынды ұлды,

қиырдан – ақ бір көріп танығансың.

Жағымпаздық жат апа, болмысыңа,

сенімді елің, қанатың талмасына,

шығармаңды ой – мүжіп, ұйқы көрмей,

жаздың салып жүректің талқысына.

Куәміз өнердегі өрлігіңе,

қазақтың даласындай кеңдігіңе,

төменге маңғаздана көз саласың,

жетпістің шығып алып сеңгіріне.

Шын өнерде көрінер жұлдыз дара,

тілеулес боп сыртыңнан жүрміз, апа,

Жамбыл салған кешегі сара жолмен,

Жүзге жетші шалдықпай, болмай қапа!

Апа, әзілді серік қып кешегіңдей,

көкпар ойда ешкімге есе бермей,

ортамызда жайраңдап жүре берші,

жаны жайсаң жандардың көсеміндей.

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК