АҚТӨБЕДЕ ТӨЛЕГЕН АЙБЕРГЕНОВ ПЕН ШӘМШІ ҚАЛДАЯҚОВҚА ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛАДЫ

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин облыстағы Қазақстан Жазушылар одағының мүшелерімен кездесті.
Айта кету керек, Оңдасын Сейілұлы облыс тізгінін қолға алғалы бері бұл кездесу дәстүрге айналды. Бір жақсысы, қаламгерлермен осылай ұжымдық немесе жеке жүздесуде көтерілген мәселелер аяқсыз қалған емес. Мысалы, «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен шығатын кітаптар түгелденді, «Жауқазын» сериясымен он жастың кітабы шықты, облыс орталығындағы ең көрнекті жерге хакім Абайдың ескерткіші тұрғызылды, Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» романынындағы еліміздің белгілі бір кезеңі суреттелген Жіңішке өзенінің бойында ескерткіш қойылды, Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетте қаламгерлер атындағы аудиториялар мен кабинеттер ашылды.
Екі жыл қатарынан Ақтөбеде «Әдебиет. Рух. Қоғам» атты форум өтті. Былтыр 7 қаламгерге Төлеген Айбергенов, Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев, Ізтай Мәмбетов, Сағи Жиенбаев, Тобық Жармағамбетов, Үмбетбай Уайдин атындағы, әрқайсысы 1 миллион теңгелік сыйлық берілген болатын. Биыл бұған Бәкір Тәжібаев, Өтежан Нұрғалиев, Қажығали Мұханбетқалиұлы атындағы сыйлықтар қосылды. Ақтөбе облысы әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп өткізетін бұл жобаның биылғы форумы қазан айына жоспарланып отыр.
Бүгінгі кездесуде де әкімнің аузымен біршама жаңалық айтылды. Жыл аяғына дейін өңірдегі өнер саласының арғы-бергісін түгендейтін антология жарық көреді. Ақтөбе қаласындағы Жастар аллеясында Төлеген Айбергенов пен Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші бой көтермек. Сондай-ақ Алаш арыстарына арналған «Тәуелсіздіктің ақ таңы» атты мемориалдық кешен ашылмақ. «Жауқазын» сериясы жалғасын таппақ.
Осы кезге дейін «қағажу көріп келген» Ер Едігенің тұлғасы Оңдасын Сейілұлы әкім боп келгеннен бері жарқырай көрінді. Ғылыми конференциялар өткізіліп, облыс орталығында ескерткіші еңсе тіктеді. Енді драмалық шығарма ретінде көрермен назарына ұсынылғалы отыр.
Жиында сөз алған қаламгерлер балалар әдебиетін көтеру туралы нақты ұсыныстар айтты.
Жылы рәуіште өткен кездесуде 70 жасқа толған көрнекті ақын, «Адырна» әдеби журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлына құрмет көрсетілді. Одақ мүшелеріне арнайы стипендия берілді.