ЕЛ ЕРТЕҢІ — ЕКПЕДЕ
Індет қаупі сейілмеген қазіргі кезде эпидемиялық ахуалдан өзекті мәселе жоқ деуге болады. Бүгінде коронавирусқа тойтарыс берудің жалғыз жолы вакциналау екенін халықтың басым бөлігі ұғына бастады. Бұл ретте елімізде 2 ақпанда басталған Covid-19-ға қарсы екпе егу науқаны Т.Рысқұлов ауданында қарқынды жалғасуда.
Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданының тұрғындарының саны 63 254 құраса, соның 30 223-і екпе алуға жататын тұрғындар. 2021 жылдың ақпан айынан бастап, 20 қыркүйек аралығында ауданға барлығы 27 120 доза вакцина жеткізілген. Оның ішінде І компонентпен 27 120 салынған. Бұл мақсатты топтың 89,7 пайызын құрайды. Ал ІІ компонентпен 21 732 адам, яғни мақсатты топтың 71,9 пайызы салдырған. Осылайша ауданда жыл басынан коронавирусқа қарсы вакцина алғандар саны күннен-күнге артып келеді.
Сондай-ақ ауданда ұжым болып екпе жасатқандар көбейген. Мектеп, аурухана, балабақша, кітапхана, коммуналдық қызмет жұмысшылары халықты вакцина алуға шақырып, бейнеүндеу жолдауда.
Вакцинация өткізу үшін аудан бойынша 6 екпе жасау бригадалары жасақталып, шет ауылдық елдімекендерде салынды. Қазір ауданда 4 егу пункттары жасақталып, жұмыс істеп тұр. Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Екпе жұмыстарын жүргізуге 28 медицина қызметкерлері жұмылдырылған. Барлық медицина қызметкерлеріне арнайы оқыту семинары жүргізілген.
Бүгінгі таңда адамдарды вакцинациялау пандемияны жеңуге және карантинсіз қалыпты өмір салтына оралуға мүмкіндік береді. Ол үшін әр адам карантин талаптарын қатаң сақтау қажет.
Осы орайда дәрігерлер былтырғы жағдайдан сабақ алып, қауіптің алдын алу үшін сақтық шараларын естен шығармай, барлық санитарлық талаптарды қатаң түрде сақтай отырып, өзіңізді және отбасыңыз бен жақындарыңызды қорғауға шақырады.
Мөлдір Тастанбек
Т.Рысқұлов ауданының баспасөз қызметі