С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының 90-маусымының ашылуы өтті
Биыл «Арқаның Ақсарайы» атанған С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрына 90 жыл толып отыр. Ғасырға жуық уақыт қазақ рухының шырақшысына айналған театрдың даңқы күллі Қазақия даласына мәлім. Мұнда көптеген мүйізі қарағайдай режиссерлар мен актерлар және басқа да білікті мамандар еңбек етті. Сол сара жол бүгінгі таңда да ұрпақ жалғастығын табуда. Міне, 23 қыркүйекте асыға күткен үзілістен кейінгі 90-шы мерейтойлық маусымының салтанатты ашылуы театрдың үлкен залында өтті.
Аталған іс-шараға арналған баспасөз конференциясындатеатр басшысы Құрман Өмірбекұлы, театрдың көркемдік жетекшісі Айдын Абзалбекұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов, ҚР Мәдениет қайраткері Нұржібек Жансүгірова және театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Тәңірберген Ембергенов қатысты.
Өңірдегі телеарналар мен қоғамдық газет-журнал тілшілері көкейлерінде жүрген сұрақтарға жауап алып, Арқа Ақсарайының болашақтағы жоспарларымен танысты. 90-маусым Т. Жанботаев сахналаған Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» спектаклімен ашылды.
Биыл мерейтойға байланысты біраз жаңалық бар. Мәселен, қазан айының 11- 16 аралығында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, Әшірбек Сығай атындағы республикалық театрлар фестивалі өтеді. Бұдан бөлек, «Сүйіктім менің – Электра» және Қасым Аманжолов туралы «Рахымжанның Қасымы» музыкалық драмасы қойылады.
Елдегі карантиндік шектеулерге орай біраз уақыт көрермесіз боған еді. Бүгінгі маусымның ашылуына келген жұртшылық қуанышында шек жоқ. «Қозы Көрпеш —Баян сұлу» спектаклін тамашалауға келдік. Керемет әсер алдық. Әр рөльді сомдаған әртістердің актерлік шеберліктеріне тәнті болдық. Рухани демалыс сыйлаған театр ұжымына алғыс айта отырып, шығармашылық табыстар тілейміз –деп ақ тілектерін білдірді.
Жомарт Шаймұрат