Тараз тұрғындары батырын ұлықтап, жарыс өткізді
Тараз қаласы әкімдігі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы қормен бірлесе отырып, даңқты гвардия майоры Ратай Сұлтанбековтың туғанына 100 жыл толуына орай қала тұрғындары арасында бұқаралық спорттық шара өткізді. Нақты айтсақ, Тараз қаласы орталығындағы бұрынғы «Достық», қазіргі Н.Назарбаев алаңынан Төле би көшесінің бойымен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті атындағы саябаққа дейін жеңілатлетикалық жүгіріс ұйымдастырды. Оған қала тұрғындары мен спортсүйер қуым өкілдері, саламатты өмір салтын жанына серік еткен жандар үлкен белсенділікпен қатысты.
– Тараз қаласы әкімдігі өте жақсы іс-шара ұйымдастырды деп ойлаймын. Өйткені күнделікті жұмыс, күнкөріс деп жүре берсек, денсаулықты қай кезде ойлаймыз. Сондықтан бүгінгі жаппай жүгіру кезінде біраз адамның жүзінен қуанышс сергектік байқадым. Біразы шаршап қалып, өздерінің спорттық дайындығына көңілі толмай «Бүгіннен бастап жүгірумен айналысамын» деп өзін қайрап жатқан жандарды да көрдім. Яғни, мұндай шарадан бір күнде ешкім керемет спортшы болып кетпес. Бірақ, спортқа бет бұрып, стимул алары анық. Сол себепті осындай іс-шаралар көбірек ұйымдастырылып тұрса екен, – дейді қала тұрғыны Гүлнұр Бибазарова.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлер Тараз қаласы әкімдігінің дипломдарымен, медальдарымен және Д.А.Қонаев атындағы қорының естелік сыйлықтарымен марапатталды.
Жалпы, Сұлтанбеков Ратай кім деген сұраққа да тоқтала кетсек. Р.Сұлтанбеков 1923 жылы Талас ауданы, Бөлтірік ауылында (бұрынғы Кеңес кеңшары) дүниеге келген.
Әскери басшы, гвардия майоры. Әкеден жастай жетім қалған Р.Сұлтанбеков Түркістан, Қызылорда, Манкент қалаларында білім алады. Оныншы класты алтын медальмен бітіреді. Алматы медициналық институтының үшінші курсын оқып жүргенде соғыс басталып, әскер қатарына алынады. Қысқа мерзімді әскери курста – училищеде оқып шығып, лейтенант әскери шеніне ие болады. Майданда батальон командирі қызметін атқарады. 1944 жылғы 15 қыркүйекте 20-дан жаңа асқан гвардия майоры Сұлтанбеков елге, қазіргі Талас ауданы Бөлтірік ауылына демалысқа келіп қайтады. Майданда көрсеткен ерлігі үшін 20 жастағы гвардия майоры, батальон командирі Сұлтанбеков Ратай бірнеше ордендермен марапатталған. Ол бастаған батальон майдандағы ауыр шайқастарға қатысты.
Гвардия майоры Сұлтанбеков 1945 жылы жеңіске санаулы күндер қалғанда «Одер операциясы» кезінде Бранденбург түбінде ерлікпен қаза тапты. Оның есімі Қаратау қаласының бір көшесіне берілді.
Жасұлан СЕЙІЛХАН,
Тараз қаласы