Тараз мектептері бір орталықтан бақыланады

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының бірқатар білім мекемелері мен полиция департаментінде болып, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылғыларға баса назар аударды.

Өңір басшысы алдымен №7 орыс мектеп-гимназиясында болып, білім нысанында жаңадан орнатылған турникеттердің және бақылау нүктесімен танысты. Енді оқушылар турникеттерді «TulparCard» арқылы пайдаланып, ішке кіріп-шыға алады. Мұнда 10 видеобақылау камерасы бар. Алайда облыс әкімі «Дабыл» қондырғысы мен бақылау нүктесін қою неліктен кешеуілдеп жатқанын айтып, жауаптыларды сынға алды. Бұл білім ошағындағы ішкі-сыртқы безендірілу QR код арқылы жұмыс істейтін карта, фойедегі кітап сөрелері мен оқырманға арналған жайлы орындықтарға облыс әкімі оң бағасын берді. Бердібек Машбекұлы мектеп-гимназия музейін де аралап, 8-сынып оқушыларының кабинетіне кірді. Онда қазақ тілі сабағына ден қойған оқушылардың жағдайын, оқу үлгерімдерін, үйірмелермен қамтылу мүмкіндіктерін сұрады.
Мектеп-гимназияны бір жылдан бері басқарып отырған Юлия Фризен ғимараттың 1952 жылы салынып, 2016 жылы күрделі жөндеуден өткенін атап өтті. Мектепте 133 мұғалім, 1584 оқушы бар. Облыс әкімі мектеп асханасын да аралап, оқушыларға берілетін ас мәзірлерімен танысты. Мұнда өңір басшысы мектепке 300 орындық қосымша ғимарат салу мәселесін қозғады. Сондай-ақ, ол бірқатар мұғалімдермен сөйлесіп, бүгінде мемлекет тарапынан педагогтарға жасалып жатқан айрықша қамқорлықтар жайлы атап өтіп, мұғалімдерді сапалы еңбек етуге шақырды.

 

Келесі кезекте облыс әкімі №51 орта мектепте болды. Мектеп директоры Бақыт Сапаралиева былтыр бұл мектептен 1 «Алтын белгі», 7 ерекше аттестат иегерлері шыққанын, 1400 оқушы білім алатынын жеткізді. Бұл мектептің кіре берісіне де балалардың қауіпсіздігі үшін турникеттер орнатылған. Дегенмен «TulparCard» 481 оқушыда ғана бар екен. Облыс әкімі мектеп түлектеріне арналған бұрышты көріп, «Түлек кз» сайтына 800 түлектің тіркелгенінен хабардар болды. Олардың арасында танымал футболшы Бауыржан Исламхан мен аталған мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, ұстаздық жолды таңдаған Раушан Бүрлібаева да бар. Мектепте 32 бейнебақылау қондырғысы болса, оның оны полиция департаментіне байланысқа қосылған. Бұл мектепте жайсыз отбасының балалары жоқ. Облыс әкімі мектептегі 150 орындық асхананы, спорт залды аралап көрді. Оқушылардың көпшілігі «TulparCard» арқылы тамақтанады екен. Облыс басшысы жауаптыларға, мектеп директорына мектептің іші-сыртын безендіріп, белсенді жұмыс жүргізуді тапсырды.
Мұнан соң облыс әкімі Бердібек Машбекұлы облыстық полиция департаментінің жедел қызмет орталығында болды. Департамент басшысы Жанат Сүлейменов бүгінгі күні Тараздағы 10 мектептің 60 бейнекамерасын бір орталықтан бақылауға мүмкіндік туғанын айтты.

 

Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы орынбасары Дәулет Кәрібекке Тараздағы, жақын аудандардағы мектептердің бейнебақылауын полиция департаментіне қосу жұмысын ұйымдастыруды, өзге де жауаптыларға оқушылардың қауіпсіздігі үшін барлық жағдайды жасауды тапсырды.