Құрметті азаматтар – жерлестерінің мақтанышы

 

Оралдағы Дина Нұрпейісова көшесіне Батыс Қазақстан облысы және Орал қаласының «Құрметті азаматтары» туралы ақпараттық пилондар қойылды.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл іс-шара ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және «Қала күні – 2021» мерекесі аясында қолға алынды.

Орал қаласының «Құрметті азаматы» атағы 1971 жылдан бастап азамат

және Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, қаланың әлеуметтік-экономикалық,

мәдени-ағартушылық дамуына қосқан үлесі үшін өнеркәсіп, білім мен ғылым,

мәдениет пен әдебиет өкілдеріне, белсенді қоғамдық қызметке араласқан

жерлестерімізге беріле бастады. Бүгінгі таңда қалада барлығы 74 адам «Құрметтi aзамат»  атағына ие болған. Қазіргі уақытта олардың кейбіреулері өмірден өтті. Бірқатары еңбек демалысында, ал біразы әлі де сүйікті шаһарымыздың дамуына үлес қосып, табысты еңбек етіп жүр.

Еске сала кетсек, биыл да «Қала күні» мерекесінде қала әкімінің ұсынысымен, қалалық мәслихаттың шешімімен түрлі салада жемісті еңбек еткен бір топ жерлесімізге осындай құрмет көрсетілген болатын. Бұл жолы «Орал қаласының құрметті азаматтарының» қатарын жергілікті мемлекеттік  басқару саласында өзін жеке қырынан көрсеткен және шаһардың әлеуметтік-саяси, мәдени-экономикалық, рухани дамуына үлес қосқан қоғам қайраткерлері Елена Тарасенко мен Самиғолла Оразов, ғылым саласындағы жетістіктері, инновациялық қызметі үшін, Қазақстан Республикасындағы жаңа ұрпақ бойында азаматтық, адамгершілік және патриоттық сезімді тәрбиелеуге, сондай-ақ білім сапасын жақсартуға үлес қосқан қоғам қайраткері Ақсерік  Әйтімов толықтырды.