«Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» облыстық фестивалі  Нұра ауданында жалғасын тапты

Облысымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тұңғыш рет бастау алған «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» облыстық фестивалі Нұра ауданында жалғасын тапты. Халық назарына қолөнершілер бұйымдары ұсынылып, ұлттық рухтың иісі аңқып, көшпелі мәдениет шынайы көрініс тапты

Фестиваль қонақтарын нұралықтар зор қуанышпен қарсы алды. Алдымен, ауданға табан тіреген қазылар құрамы нұралық өнер иелерінің шығармашылық дарынын тамашалады. Сахна төрінен көшпелі қазақтың төл мәдениетін айнытпай, қайта түлете түскен көріністер көпшілікті тәнті етті. Ұлттық әндерді асқақтатқан өнерпаздар, фестивалді күмбірлеген күй думанға бөледі.

Көшпелі мәдениеттің көшіндегі қолөнер жұмыстарының көрмесі назарға ұсынылды. Мұнда киіз кілемдер, текемет пен зергерлік бұйымдар, ұлттық костюмдердің сан түрі бар. Құмай тазы, қыран бүркіт ұстаған саятшылықты серік еткендердің ат әбзелдері де қолдан жасалған.

 

 

Төлеген ӘБДІКЕШОВ,     аудан тұрғыны:

-Бақты тауларынан алынған қыран бүркіт. Сол үшін Бақты деп атаймын. Аңға шығамыз. Ата дәстүрімізді жаңғыртамыз. Саятшылықтың қыр-сырын жастар білсе дейміз. Тазы, қыран бүркітпен саятшылыққа шығу ата-бабамыздан ежелден келе жатыр.
Фестивалге ауданның 12 ауылынан жиылған қазақ қолөнерінің қайталанбас бұйымдарын кездестіруге болады. Тіпті,  сал серілікті жанына серік еткендер құмай тазылары барын мақтанышпен айтады.

Әділбек ХАМЗЕ,  аудан тұрғыны:

-Қансонарда бүркітші шығады аңға, Тастан түлкі табылар аңдығанға,- демекші тазы, жүйрік ат. Әрқашан қансонар жасаймыз. Тазы жайлы келешек ұрпақ үшін дәріптей түсуіміз керек. Осы фестиваль арқылы насихаттай түсуді жөн көрдім.

Көрмеге қойылған бұйымдардың өзіндік тарихы бар. Ауылда жүріп, өнері көпшілікке беймәлім келген жандар үшін де өздерінің шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік туды. Ұлттық тағамдар да төрден табылды.

 

 

Тұңғышбай МҰҚАНОВ,  қазылар құрамының мүшесі:

-Әншілердің асқақтаған дауысы Нұра бойын әнге бөлегендей, думанға бөлегендей болды. Біз осы сапарымызда осы фестиваль арқылы қазақ халқы деген бай болғанын, тұрмыстық құндылықтарының бай болғанының шынайы бейнесіне көз жеткізгендей болдық.

Қазақ мәдениеті мен өнеріне тән барлық құндылықтар қамтылған фестивальде ұлттық спорт ойындары да өткізілді. Асық ату, тоғызқұмалақ жарыстары ұйымдастырылды. Ұлдар жағы қазақша күрес бойынша боз кілемде шеберліктерін көрсетсе, бүлдіршіндер зияткерлік сайыстарда өзара кіл мықтыны анықтады.

Ақнұр ТӨЛЕГЕН,  мектеп оқушысы:

-Мен тоғызқұмалақ үйрену үйірмесіне 2 жыл қатысып келемін. Аудандағы болып жатқан спорт ойындары қатты қуантады. Ағам күреске қатысып көптеген жеңістерді бағындырды. Мен де ағам секілді биіктерді бағындырғым келеді.

Сарыарқаның көшпелі мәдениеті облыстық фестивалі аясында аудан серілері ат үстіндегі аударыспақта да күш сынасты.

 

Жомарт Шаймұрат