Ана тілі бар халық халық — тілі жоқ халық балық

«…Бұл — отансыздық идеологиясы. Бұл таптың анасы — ақша, атасы-сауда. «Коммерсанттар үшін өз туған елі болмайды» деп Америка демократиясының атасы Томас Джефферсон айтқан.
Демек, бұлардан ұлттық руханият дәметіп береке, қайыр таппайсың. Бұлар ұлттық руханият талықсып жатса, аузына су тамызбайды.Оның есесіне шеттен келген «жұлдызсымақтарға» миллиондарды аямай төлеп, жатып төсек, жайылып жастық болады.

…Көздері көріп отыр, үлкен-үлкен мінберлерде кім орысша сөйлесе — сол лауазымды.
Көңілдері сезіп отыр: орысшаң келіспесе, басың алтын, артың күміс болса да дәреже, мәртебеге жете алмайсың. Ал тілі бар халық-халық, тілі жоқ халық -балық.

Академия көп, академиктер көп. Ғылым… шөп жеп, жем жеп, сүт бермейтін сиыр сияқты.

Біздің ұлттық нигилистер, өз ұлтын менсінбейтіндер, өзбектерше айтқанда «қара ивандар» — өз ішімізде жүрген отаршылдар. Тап-таза, саф сана уағыздаушылдар емес, ұлттық сананы улаушылар.

Қазір жоғарыдан төменге дейін, өрден ылдиға дейін жаппай ұрлық, қарлық. Ұлы ұрлық дәуірі!
Қайда барып оңамыз!
«Жетім мен жесірдің ақысын жеме!» деді салтымыз.
Әсіресе, әлсіздерді, жетім мен жесірлерді жегіштер көбейді.

Қазақ бола тұра қазақша сөйлемейтіндердің үш түрі бар. Бірі — қазақша жап-жақсы біледі, бірақ орысша сөйлегенді бедел көреді. Екіншісі — қазақша білмейді, бірақ білуге тырысады. Үшіншісі — қазақшаны өлердей жек көреді. Олар қазақтың тілін ғана емес, бүкіл қазақ халқын мансұқтайды, қорлайды»….

ШЕРХАН МҰРТАЗА