Кездесу қонағы – Қазиевтар

Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты балалар аула клубтарында отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Сондай тағылымды кездесу «Атамұра» балалар аула клубында өтті.

Отбасы күніне орайластырылған бұл жылы жүздесу «Өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы» деп аталды. – Отбасы – тәлім мен тәрбиенің, үлгі мен өнегенің, мейірімділік пен адамгершіліктің ордасы. Өнегелі отбасынан үлгілі ұрпақ өседі. Әрине, қаламызда мерейлі, үлгілі, өнегелі отбасылар жетіп артылады. Біз солардың ішінен өнер қонған, талантты, өңірімізге кеңінен танымал Қазиевтар отбасының мүшелерін қонаққа шақырдық, – деді аула клубының меңгерушісі Күләнда Мәжитова. Иә, расымен де, дәулескер күйшілер өсіп-өнген Қазиевтар әулетін облыс жұртшылығы жақсы таниды.

Кеш иелері отбасылық құндылықтар турасында ғибратты әңгімелер айтып, кездесудің шырайын кіргізді. Танымал күйші Ермек Қазиев өнер жолындағы әдемі естеліктерін әңгімеселе, қарындасы Асылғаным Еселқызы шәкірттерінің жетістіктерімен бөлісті. Ал Ермек ағаның ұлы, күйші, домбырашы Асылхан Ермекұлы «қонақ кәде» ретінде күй орындап берді.

 

 

Өз кезектерінде «Атамұра» балалар клубының тәрбиеленушілері Құрманғазының «Балбырауын» күйін, халықтың «Келіншек», «Тепеңкөк» күйлерін нақышына келтіре орындаса, «Еркеназ» ансамблінің кішкентай әншілері домбырамен төгілте ән шырқады. Кеш соңында қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің басшысы Серік Тоқмамбетов келген қонақтарға рахмет айтып, алғыс хатпен марапаттады. Осындай керемет кездесуге ұйытқы болған «Атамұра» клубының ұжымы береке мен бірлігі жарасқан шаңырақты кең көлемде насихаттаса, үлгілі отбасылардың қатары күннен-күнге арта түсеріне сенімді.

Жалпы Оралдағы дәстүрлі өнер бағытында жұмыстанатын «Атамұра» балалар аула клубының үйірмелеріне облыс орталығындағы 70-ке жуық бала қатысады. Олар да – өнерге құштар, дарынды жеткіншектер. Күләнда Бисенқызы атап өткендей, клубта домбыра,  дәстүрлі ән-терме, эстрадалық вокал,  қолөнер үйірмелері жұмыс жасайды. «Домбыра дастан», «Еркеназ» ансамбльдеріне, «Ән мұра», «Әдемі» үйірмелеріне қатысатын өнерпаздар – көптеген байқаулардың жүлдегерлері. Бұл үйірмелерге  Ләйлә Телманқызы,  Панагүл Орынбасарқызы,  Әсемгүл Сайлауқызы сынды білікті мамандар жетекшілік етеді.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

БҚО Орал қаласы