Баланың ширақ болуы анасына байланысты

Кім де болса баласының епті, зейінді болғанын қалайды. Бірақ көпшілік оны баланың болмысына байланысты туа-бітті болатын нәрсе деп қабылдайды. Ал ғалымдар баланы өзін еркін ұстай алатын, ширақ етіп тәрбиелеу оның алғыр болуына әсер етеді дейді. Сондықтан тәрбие жөнінде мына жайларды біле жүргеніңіз артық болмас:
* Алаңсыз жүгіріп, асыр салып ойнап, аздаған кедергілерден секіріп үйренген бала тепе-теңдікті сақтауға үйренеді. Сондықтан оны бөрененің үстінен құламай өту, аяқ тірегіш арқылы жоғарыға өрмелеу, ағаштан ағашқа секіру сынды ойындарға ерік беріңіз. Сонда бала қимыл-қозғалысын шыңдап, тепе-теңдігін сақтау үшін тез шешім қабылдауға үйренеді, ептілігі артады.
* Үш жасқа дейінгі балаға ұзындау жіп беріп, оны түзу жаюды тапсырыңыз. Енді бала жалаңаяқ соның үстімен, сыртқа шығып кетпей ары-бері жүрсін. Ал үлкен балалар оюлы өрнек сияқты қисық-қисық жіп үстінде белгілі уақыт ішінде жүріп үйренгені дұрыс. Бұл жаттығу кезінде баланың көзі мен аяғындағы 72 миллион жүйке талшықтары белсенді жұмыс істеп жатады.
* Теледидарға телміріп және аулада шапқылап ойнап өскен бала арасында (тез шешім қабылдау, иілгіштік, ептілік, алғырлық пен зеректік жөнінен) үлкен айырмашылық бар. Сондықтан жарақат алады деп қауіптенбей деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті, балаға ондай қатерден тез бұрылып кетуді, жедел шешім қабылдауды үйрету керек. Бұл ретте ата-ананың баласымен қуаласып, тығылып, доп қуып ойнауының орны бөлек. Сонда баланың икемімен қатар қорқу, тітіркену, мақтану, өзіне сену секілді сезімдері жетіледі.
* Әдетте мамандар 3,5 жастағы бала бір аяғымен шамалы уақыт тыныш тұра алса, баспалдақтан екі аяғымен тең секіріп түсе алса және баспалдақпен өмін-еркін шығып түсеалса, онда оның дамуында кнәрат жоқ деген сөз. Ал егер киімнің түймелерін өзі шешіп, өзі қадаса, қарындашты дұрыс ұстап, қисықтау болса да шеңбер сыза алса, оның епті болғаны.
* 4 жаста баланың қимыл-қозғалысы толық дамып бітуі тиіс. Ол жақын жерден лақтырған допты қағып алу, арықтан өту, жүгіріп келе жатып сызықтан секіріп өту сынды сынақтардан сүрінбеуге тиіс. Сондай-ақ қағаз бетьіндегі оюларды кесіп алуға икемі болуы керек. Ал бес жаста оның бәтеңкесінің бауын өзі байлап, гүлдеп те үйренетін кезі.
* Егер бала төрт жаста бір аяқтап секіруден қашқақтаса, бес жаста қайшыны игере алмаса, алты жаста өз бетінше шешім қбылдай алмаса, бұл баланың мектептегі тәртіп пен үлкен талапқа сай келмейтіндігін білдіреді. Өз қатарластарынан қалып қою балаға психологиялық соққы болып табылады. Сондықтан оның қалыпты дамуы үшін ермексаз (пластилин), құрастырғыш (конструктор), сурет салу мен бояу, түрлі жаттығу іспеттес ойындарға арнайы уақыт бөлген жөн.
Жарас ҚАСЫМ.
«Ауырмаңыз!» газеті