Қарағанды облысында педагогика саласының  еңбек ардагерлері марапатталды

Мұғалімдер күні қарсаңында Қарағанды облысында педагогтарға алғыс сөздер айтылып, ведомстволық наградалар табыс етіледі. Бүгін жаңа Оқушылар сарайында Қарағанды қаласының №78 мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мағрипа Кәрібекова мен Шахтинск қаласының «Снегурочка» бөбекжайының әдіскері Альфия Насибуллина «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Сондай-ақ, бес еңбек сіңірген мұғалім – Ольга Тарасенко, Құралай Мұханова, Раиса Елеусізова, Мензиф Муртазина және Серік Балпанов – білім берудегі көпжылдық және жемісті еңбегі үшін меценат Бекзат Алтынбеков тағайындаған 500 мың теңге мөлшеріндегі сыйлыққа ие болды.

 

 

Ақтас кентіндегі №16 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зира Сатоваға ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің алғыс хаты табыс етілді. Білім саласында ол 34 жылдан бері жұмыс істейді.

– Алдымен химия және биология пәндерінің мұғалімі болып, кейін «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алдым. Мен әлі күнге дейін осы пәнді оқытамын. Қазір кәсіби өсу үшін көптеген мүмкіндіктер бар. Тек қана алға басып, оқытуда жаңа шығармашылық идеялар мен технологияларды енгізу қажет. Менің еңбегімді жоғары бағалағаныма қуаныштымын, – деп әсерімен бөлісті Зира Сатова.

Тағы 19 педагог ерен еңбектері үшін «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» (сегіз мұғалім), «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» (үшеуі) және «Ы. Алтынсарин» (сегіз адам) төс белгілерімен марапатталды.

 

Жомарт Шаймұрат