Ұлт болашағын тәрбиелеген абзал жан

«Немеремсің…». Бұл Сәуле Мешітбаева анамыздың маған ылғи айтатын жалынды сөзі. Мерейімді тасытып, мінімді түзетіп отыратын асыл сөзі. Расында, Ел Анасына айналған ұлтымыздың ұйытқысындай білікті ұстаз Сәуле апайымыздың алдынан талай шәкірт өткен. Олардың басым бөлігі билік басында, ел алдында және сахнада, әйтеуір, қоғамда абыройлы, өз істерінің маманына айналған азаматтар десек артық айтқандығым емес. Сондықтан, жетпісінде жолыққан немере шәкірті ретінде қолымнан келетіні – ізгі ниетімді білдіріп, құрмет көрсету.

Ол – ардагер педагог, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, алпысында қолына қалам алған журналист, ең бастысы, әйел затының алғашқы әрі негізгі міндеті ұрпақ тәрбиесінде де бағы жанған ардақты ана, немере-шөберелерінің аяулы әжесі. Қартайған шағында жастармен жарыса ғаламторда өз ойын білдіріп жүрген белсенді Сәуле апайымыз Алланың қалауымен көптен бері ойында жүрген жобаны биыл жүзеге асырды. Көпшілік ортада «ЕлАна» атанып кеткен Сәуле Мешітбйқызының жетекшілігімен ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында «ЕлАна» атты қазақ тіліндегі әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайты жұртшылыққа жол тартты. Зейнетке шықса да Халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» қоғамдық-саяси газеті директорының орынбасары болып қызмет етіп жүрген апайымыз аталмыш басылымның серіктесі ретінде жаңа сайттың жұмысын әріптес інілеріне сеніп тапсырды. Соның ішінде аса жауапты шеф-редактордың міндетін немерелерімен жасты тәжірибесі нөлден сәл жоғары маған жүктеді. Содан бері Ел Анасының қамқорлығына бөленіп, шәкірті, кішкентай әріптесі болып қызмет етіп келемін. Адалдықты, әділдікті және жауапкершілікті жаны сүйетінін сөзінен бөлек ісімен дәлелдеген апайымызға бір Алладан зор денсаулық, ұзақ та қайырлы ғұмыр тілеймін. Жастардың жігерлі болуын аналық жүрегімен тілейтін және сол жолда қарттығына қарамастан еңбек етіп жүрген Сәуле Мешітбайқызымен жұмыс істеудің маңдайыма бұйырғанына қатты қуанамын.

Кеңес Одағының салқынын, тәуелсіздік жылдардағы қиындықтарды бастан өткеріп, жаһандану дәуірінде де жаңашылдыққа бой үйреткен ел Анасының ендігі бір мақсаты – өзі жетекшілік ететін «ЕлАна» сайтын Қазнет кеңістігінде биікке шығару. Өнегелі өмірінің көп бөлігін ұрпақ тәрбиесіне арнаған Сәуле апайымыздың қазақ қоғамына тигізген пайдасы ұшан-теңіз. Сондықтан, ошақ қасында да, көпшілік ортада да абыройлы Сәуле Мешітбайқызының есімі тарихта Домалақ,Зере, Айғаным аналарымызбен бірге аталарына бек сенімдімін. Жетпіс жасыңызға Алла береке берсін!

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ,

«ЕлАна» әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайтының

шеф-редакторы