ТАРАЗДА ТАБЫСТЫ ІСТЕР АЗ ЕМЕС

«Тараз – тарихымыздың темірқазығы» деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, өткеннің өшпес ізі қалған көне шаһардың келбеті бүгінде күн сайын ажарланып келеді. Биыл барлық аудандар мен басқармалар, ісі өрге домалаған кәсіпорындар да шаһардың шырайының кіруіне өз үлестерін қосып, «Таразға тарту» жобасы аясында көркі көз тартар демалыс орындарын сыйға тартты. Осы секілді жыл басынан бері атқарылған ілкімді істерді Тараз қаласы әкімдігінің «Медиа орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған баспасөз турында көзбен көріп, марқайдық.

 

 

«Үшбұлақ» каналын үлкен өзгеріс күтіп тұр

Осыдан бірнеше жыл бұрын «Жеңіс» саябағын кесіп өтетін «Үшбұлақ» каналы жаңғыртылып, әдемі жағалау жасалып, тұрғындар мен қонақтар үшін тамаша демалыс орнына айналды. Алайда жаңғырту жұмыстары тек Қонаев көшесі қиып өтетін жерге дейін ғана жасалған еді. Енді «Таразға тарту» жобасы аясында «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен 350 миллион теңгеге «Жеңіс» саябағы аумағынан «Зербұлақ» көліне дейінгі «Үшбұлақ» каналының бойына жағалау жасалуда. Қазіргі уақытта судағы өскіндер тазаланып, қамысы орылып, канал бойы мен жағалауы механикалық тазартудан өтуде. Сол жағалауда ені 2 метр болатын жаяу жүргіншілер жолы салынып, Қонаев көшесі мен көлге дейінгі жол асфальтталады. Арнаның топырақ беткейлерін арнайы құралдармен нығайтып, көгалдар мен жас ағаштар отырғызылатын болады. Сондай-ақ каналдың үстіндегі көпір де заманауи үлгіде жаңа кейіпке енеді. Спорт және балалар алаңдары салынып, шағын сәулет нысандары орнатылмақшы. Жоспарлы жұмыстар қарашаның аяғында аяқталады деп жоспарланған. Ал «Зербұлақ» көлінің аумағында бой көтеретін демалыс орнын жеке кәсіпкер өз қаржысына салып, демалушыларды ақылы қабылдайтын болады.

Қалада көше жолдарын жөндеу ісі де қарқынды жүргізіліп жатыр. Тараз қаласының көшелерін орташа жөндеу жөніндегі 2021 жылға арналған жұмыс жоспары аясында 26 көше мен оған іргелес тұйық көшелерді жөндеу жоспарланған. Үш жылдық жоспарға сәйкес облыс орталығының аумағында 150 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қырық жылдан бері асфальті болмаған Панфилов көшесінде қазір қарқынды құрылыс жүріп жатқанына куә болдық.

Ал тұрғын үй аулаларынан биыл 17 балалар алаңы салынады деп жоспарланған. Алаңның 12-сі қалалық бюджеттен, 5-еуі демеушілер тарапынан жасалады. Үш жылдық жоспарға сәйкес Тараз қаласында 150 аула абаттандырылған.

 

 

 

 

Сапалы аяқ киімдер Таразда өндіріледі

Грециялық азамат Скумприс Переклис Тараз қаласында 2016 жылы өз кәсібін ашып, бүгінде 10 адамды жұмыспен қамтуда. «Ellin shoes» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Скумприс Переклис Грецияда да аяқкиім өндірісімен айналысыпты. Кәсіпкер өз елінде әкесі Димитриос Скумприсқа тиесілі еуропалық стандартқа сай аяқкиім өндіретін, жарты ғасырлық тарихы бар «PYRGOS Shoes» компаниясында еңбек етіпті. Сондықтан аяқкиім өндірісінде тәжірибелі. Тараздағы кәсіпкерлігіне қажетті шикізатты Грециядан алдыртады екен. Сондай-ақ өндірісте грециялық және итальяндық құрылғыларды пайдалануда.

– «Тараз былғары аяқ киім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шикізаттан бастап, дайын өнімге дейін әзірлейді. Ал жеке бизнес құрып, аяқкиім тігуде шикізаттың тапшылығы сезілетінін байқадық. Табиғи былғары мен теріден ерлердің модельдік аяқкиімдерін тігетін кәсіпорнымызды Тараз қаласынан ашқанымызға биыл 5 жыл толады. Жылына 50 мың жұп аяқкиім тігіп шығарамыз. Өнімдеріміз қаладағы «Kimex», «Grand Bazar» сауда үйлерінде сатылуда. Әйелдер мен балалардың және әскери аяқкиімдерді тігу де жоспарымызда бар, – дейді компания директоры Юлия Починок.

Мұнда тұтынушылардың аяқ мүсініне, табан ерекшеліктеріне қарай да жеке тапсырыстар қабылдайды. «Ellin shoes» компаниясының сапалы аяқкиімдері Тараз қаласынан бөлек, еліміздің 70-ке жуық сауда үйлерінде де «Қазақстанда жасалған» бренд атауымен сатылымға қойылады екен.

 

 

 

Он бес отбасыға асарлатып үй салынуда

Өткен жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Асарлатып үй салу» жобасы бастау алған болатын. Сол үрдіспен өңірімізде бірқатар отбасылар баспаналы болып келеді. 2020 жылы жарқын жобамен облыста 99 үй берілген. Биылға жоспарланған 134 үйдің 15-і Тараз қаласында салынуда.

– Тараз қаласының «Шалғай Қарасу» тұрғын алқабынан 15 үй асарлатып салынып жатыр. Құрылысына қажетті материалдар күрделі жөндеуден өткен және қайта салынған әлеуметтік нысандардан шыққандардан алынды. Одан бөлек демеушілердің есебінен де қосылды. Әркім өз шамасына қарай үлесін қосып жатыр. Әрине, бұл үйлер мұқтаж отбасыларға беріледі. Әзірге кімдерге берілетіні белгісіз. Өтініш бергендер көп. Арнайы комиссия құрылып, шешім шығарылады. Ал, 15 үйдің жобасы бірдей. Құрылысы аяқталғанда ауласы да қоршалады. Бұл жерге барлық инфрақұрылым тартылған. Дәл қасынан жаңа мектеп те бой көтеріп жатыр.

Тараз қаласынан өткен жылы асарлатып 2 үй берілген еді. Міне, биыл күн суытпай 15 баспана өз иелеріне тапсырылады, – дейді Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Зарина Қуатова.

– Жамбыл облысында мемлекеттік бағдарламадан бөлек, аймақтық деңгейдегі жобаларды жүзеге асыру да игі үрдіске айналды. Соның бірі «Асарлатып үй салу» жобасымен 2020 жылы 99 мұқтаж отбасы ауылдастарының көмегімен баспаналы болса, ағымдағы жылы 134 үй беру жоспарлануда. Қазіргі таңда 60 үйдің құрылысы басталып, 47 үй пайдалануға берілді, – дейді облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Ринат Нұрақбаев.

Айта кетейік, көне шаһардан асарлатып салынып жатқан 15 үйдің қасынан 600 орындық жаңа мектептің ғимараты да бой көтеруде.