Берік Уәли: Құсбегілер мәселесін шешуді қолға аламыз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен ұлттық спорт түрі құсбегілік бойынша жиналыс өтті.

Жиналысқа ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы, Ұлттық және ат спорты орталығы, еліміздің 17 өңірінен құсбегілік бойынша өкілдері және Ұлттық спорт президенті Бекболат Тілеухан мен Құсбегілік федерациясының жаңадан тағайындалған басшысы Берік Уәли қатысты.

 

Жиналыстың күн тәртібінде құсбегілік спортының қазіргі жағдайы мен дамуы жолындағы өзекті мәселелер қаралды. Сонымен қатар жиын барысында Ұлттық спорт қауымдастығының президенті жаңадан тағайындалған федерация басшысына арнайы куәлік табыс етті.

 

2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Құсбегілік федерациясының жұмысын Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Қанайұлы маған сеніп тапсырылды. Бекболат ағамыздың тарапынан осындай қоғамдық қызметке ұсыныс айтылғанда жылы қабылдап, бірден келісімімді бердім. Қазақтың дәстүрін, мәдениетін, салтын дәріптеуге, шамамыз келгенше үлес қосуға тырысу міндетіміз деп білемін – деді Берік Уәли.

 

Сонымен қатар ол алға қойылған мақсаттар мен міндеттер барын айтты.

 

Сол жолда бүгіннен бастап қызу жұмыс жасауымыз қажет. Ең алдымен, жұмысты жүйелеуді облыстардан бастау қажет деген ұйғарымға келдік. Облыс деңгейінде құсбегілік спорты бойынша жұмыстар жүйеленсе, республикалық деңгейдегі жұмыс алға басатынына сенімім мол. Сіздердің міндеттеріңіз – облыс деңгейінде құсбегілік спортын дамыту, насихаттау, спорт мектептерінде құсбегілік бөлімшелерін ашу, мүмкіндігінше жеке мектептер де ашуға ат салысу – деді федерация басшысы жиналған бүркітшілерге.

 

Одан кейінгі міндет – аудан, облыс, республика деңгейіндегі құсбегілік жарыстарын жүйелеу, құсбегілік спортымен айналысушылардың санын көбейту, кадрлар қатарын білікті мамандармен толықтыру екенін атап өтті ол.

 

Бүркітшілеріміздің жарысқа баратын кездегі құстарын тасымалдау мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Осы мәселе бойынша «Қазақстан темір жолы» басшылығымен кездесіп, мән-жайды түсіндіріп, бұл мәселе бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Осы алға қойылған мақсаттар іс жүзінде жүзеге асырылса, қазақтың құсбегілік өнері ел ішінде кеңінен насихатталып,  әлемдік деңгейге шығып, қыран құстарымыз танымалдыққа ие болары сөзсіз. Сөз соңында, ұлттық спорт жолында жүрген сіздер секілді азаматтардың еңбек жолына толағай табыстар мен спортта биік жетістіктерге жете берулеріңізге тілектеспін – деді Берік Уәли.

 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Президент баспасөз хатшысы Берік Уәли Құсбегілік федерациясының басшысы болып тағайындалғаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Барлық құқықтар қорғалған. baq.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз: https://baq.kz/news/othernews/berik-uali-burkitshiler-maselesin-sheshudi-kolga-alamyz/