Г.Шиповских: «Қазақ тілі әрбір қазақстандық үшін анасының сүтімен тең»

Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ҚР Мәжілісінің алтыншы шақырылым депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Геннадий Геннадиевич Шиповсхикпен сұқбаттасудың сәті түскен болатын. Ұлты орыс болғанымен, жаны қазақ Геннадий тіл үйрену үшін әуелі ниет керек дейді.

Екеуара әңгімеміз бірден тіл төңірегінде өрбіді. Ол өмірге Қазақстан Республикасының тіл туралы заңына өзгерістер енгізіліп жатқан 1989 жылы келіпті. Екі жылдан кейін ел тәуелсіздігін алады деген ой ол кезде ешкімнің санасына кірмеген. Дегенмен, ол мектеп бітірген тек қана қазақтар тұратын Қызылорда облысы Арал аудананың Сексеуіл кентінде орыс мектебі болмаған да екен.

«Балабақшадан бастап қазақ тілін меңгердік. Бізге ешкім мәжбүрлеген жоқ, бізге ешкім міндеттеген жоқ. Тек араласқан ортамыз, ойнаған балалар, бірге оқыған достар барлығы да қазақ азаматтар болғандықтан осылай қазақ тілінде сөйлеу әдетке айналды. Біздің балалық шағымыз, мектептегі кезіміз Кеңес үкіметінің құлдырап, Тәуелсіз еліміздің аяққа енді-енді тұрып келе жатқан кезіне тура келді. 15 мыңнан астам тұрғыны бар Сексеуіл кентінің өзге ұлт өкілдері өз-өз мемлекеттеріне кете бастады. Сондықтан да ол жерде орыс мектебін ашудың қажеттілігі болмады. Біз солайша балалығымызды, алғашқы мектеп табарлығын мемлекеттік тілде бастадық», — дейді жас депутат.

Мектепті қазақ тілінде тәмамдап, барлық пәндерден тек қана қазақ тілінде сынақтар тапсырған, екі тілді еркін меңгерген кейіпкеріміз жаныма қазақ тілі жақын дейді.

Қазақ тілін білу ең әуелі кез келген ортаға сіңісіп кетуге, олармен жылы қарым-қатынас ұстауға пайдалы деген Геннадий қазақ тілін білу үшін адам әуелі өзінен бастауы керек деген ұстанымда.

«Кез келген адаммен ортақ әрі тез тіл табысу үшін өз басым қазақ тілін қолданамын. Ал сен кім болсаң да өзің тұрып жатқан мемлекеттің тілін, ұлтын сыйлағаннан кейін сол елдің саған деген мейірімі, сый-құрметі ерекше болады. Сен бір ұлттың тілін қалай құрметтей білсең, сол ұлт саған солай мейірімін сыйлайды», — дейді халы қалаулысы.

Әңгіме ауаны үш тұғырлы тілге қарай бұрылғанда Геннадий Геннадиевич бұл ұстанымның Президентіміз тарапынан өте салиқалылықпен қолға алынған шара екенін айтты.

«Үш тұғырлы тіл туралы әртүрлі пікірлер айтылып жүр ғой. Нақтысын айтқанда, бізге бұл өте керек. Мысалы, қазақта «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген сөз бар. Қазіргі кезде бизнес тілі – ағылшын тілі. Елімізге келіп, инвестиция салатын алпауыттардың көбі ағылшынша сөйлейді. Демек біз үшін, өз пайдамыз үшін қызмет ететін тіл ағылшын тілі болып тұр. Алайда, бізге керегі ағылшын не орыс тілі екен деп мемлекетіміздің басты тілін, қазақ тілін екінші, үшінші сатыға түсіріп тастауымыз дұрыс емес. Қазақ тілінің мемлекетіміздің барлық азаматтары сөйлейтін халықтық тіл болуы үшін қызмет етуіміз керек. Мемлекеттік деңгейде қолға алуымыз керек бұл тілдің жаппай қолданысқа енуін», — дейді жас депутат.

Тіл мәселесінде еліміздің ертеңі болар жастардың алар орыны ерекше. Бұл жайында кейіпкеріміз жастар арасындағы қазақ тіліне деген қажеттілік, қазақ тіліне деген сұраныстың артып келе жатқанын алға тартты.

«Мемлекеттік тілді алға шығару үшін жастармен көбірек жұмыс істеу керек. Еліміздің ертеңі жастар деп біз оларға сенім артып отырмыз. Ал жастар қандай болса, ел ертеңі де сондай болатыны белгілі. Ал мемлекеттің тілі – қазақ тілін білмейтін жастар көбейсе, оны білуге құштар болмаса, біздің бүгінгі «қазақ тілі!», «қазақ тілі!» деген әңгімемізден түк те пайда жоқ. Сондықтан жастар да, алдыңғы толқын ағалар да «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген ұстаныммен өмір сүруі керек деп ойлаймын», — деген кейіпкеріміз қазіргі жастарға деген сенімділікті артыра түсу керектігін айтады.

Қазіргі қоғамда қазақ ұлтының қазақ тілде сөйлейтін жастары және Қазақстанда тұратын қазақ тілінде еркін сөйлейтін өзге ұлт жастары деген ұғым қалыптасып келеді. Бұл екі топтың қазақ тіліне деген, мемлекеттік тілге деген құрметі де ерекше. Бұл туралы кейіпкеріміз кеңірек тоқталды.

«Өздеріңіз білесіздер биыл Тәуелсіздігімізге 25 жыл толып отыр. Яғни, Қазақ елі екінші мүшелін өткеріп жатыр. Ал осы ширек ғасырда тіл мәселесі бойынша атқарылған жұмыс көп те емес, аз да емес. Мәңгілік елдің мәңгілік тілі үшін атқарылар жұмыстың бір парасы ғана деуге болады. Дей тұрғанмен, қазақ тілінің дамуы жаңа серпін алып келеді. Өздеріңіз білесіздер, бұл тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып жатқан жұмыстарын атап өтуге болады. Бұл – еліміздегі көптеген этностарды береке мен бірлікке, ынтымақ пен татулыққа ұйыстырып отырған бірден бір саяси ұйым. Біз осы ұйымға ерекше алғыс айтуымыз керек. Себебі 1995 жылы Елбасы жарлығымен құрастырылған бейбітшілік моделі қазіргі кезде қазақ тілін дамытушы бірден бір күшке айналды деуге болады. Соның нәтижесінде еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің жастары қазақ тіліне ден қоя бастады. Бұрында қазақ тілін білуімнің арқасында түрлі іс-шараларға жиі қатынасатын едім, депутат атанғалы бері ондай жиындар көбейді. Сонда бір байқағаным, өзге этнос өкілдері арасында қазақ тіліне деген сұраныс артып келеді. Әр этноста қазақ тілін жетік меңгерген бір көшбасшысы бар. Көшбасшылар мемлекеттік тілге қандай құрмет көрсетсе, олардың соңындағы жастар да солай еліктеп өседі», —дейді кейіпкеріміз.

Қазіргі кездегі Қазақстан ұстанған тіл саясаты бейбітшілікті көздейді. Кім қай тілде сөйлеймін десе өз еркі. Дегенмен, мемлекеттік тіл тұрғысынан келгенде айтарлықтай қатаңдық керек секілді. Себебі кеше ғана Кеңес өкіметінде «оқысаң да оқисың, оқымасаң да оқисың» деген қатаң мәжбүрлікке үйреніп қалған халықтық санаға сондай қатаңдық керек болар деген пікірімізге Геннадий Геннадиевич өз көзқарасын білдірді.

«Иә, кеңестік кезеңде «бағынсаң да бағынасың, бағынбасаң да бағынасың!» деген талап болғанын естіп өстік. Алайда біздің еліміз – толерантты мемлекет. Оның сыртында елімізде көптеген этнос өкілдері тұрады. Олардың тілі, діні, мәдениеті үшін шектеу қойылған емес. Әрбір ұлт өзінің тілін, өзінің мәдениетін, ұлттық болмысын еркін дамытып отыр. Ал қазақ тілі мәселесінде оларға тіпті керемет жағдай жасалған деуге болады. Барлық жерде тіл үйрету курстары бар. Тіпті, мемлекеттік органдарда тегін үрететін орталықтар жетерлік. Енді, үйренемін деген адамның өзіне ғана байланысты. «Адам істегенді адам істей алады» деген сөз бар ғой. Әркім өзінің көкірегіндегі үйренсем деген ниетін, үйренсем деген мақсатын айқындауы керек. Ал өз еркімен, өз қалауымен үйренбеген адамға мың жерден миына құйғаныңмен, істеген еңбегің зая кетеді», — дейді ҚР Мәжілісінің алтыншы шақырлым депутаты.

«Сүтпен келген сүйекпен кетеді» деген сөз бар қазақта. Қазақ ұлты үшін, қазақ елі үшін қазақ тілі – сүтпен келген құндылық. Сөз соңын кейіпкеріміз: «Қазақ тілінің болашағы зор. Қазақта «Отан-Ана» деген сөз бар. Ал Қазақстанның әрбір азаматы үшін Қазақ елі – Отан-анасы! Демек, қазақ тілі де қазақстандық әрбір азамат үшін ана сүтімен тең», — деп аяқтады әңгімесін.