Таразда Жамбыл ауданының мәдени күндері өтті

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойының және Тараз қаласы күні мерекесі қарсаңында «Туған жерім – дархан далам!» атты Жамбыл ауданының Тараз қаласындағы мәдениет және өнер күндері өтті. Айта кететін жайт, алғашқы болып қала күні қарсаңында Жамбыл ауданы Таразға тарту жасады.

 

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығына қойылған ауданның көрмесін аралап көрді. Онда ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі, ұлттық спорттық ойындар, этно-мәдени орталықтарының салт-дәстүрлері, қолөнер шеберлерінің көрмесі, аудан көркемөнерпаздарының концерті ұсынылды. Өңір басшысы түрлі тағамдар әзірленген киіз үйден дәм татып, ұлттық этно-мәдени орталық өкілдерімен емен- жарқын әңгімелесті. Дүнген, түрік және өзге де ұлттың өнерлі өрендері мың бұрала билесе, орыс өнерпаздарынан құралған ансамбль де ән шырқады. Рыскүл Нұрмолдаева бастаған әжелер ән шырқаса, ақсақал Орынбай Рысбаев облыс әкіміне ақ батасын берді.
– Әр ауданның мәдениет және өнер күндерін өткізу жастар үшін аса маңызды. Осы арқылы өзара тәжірибе алмасып, байланыс, алыс-беріс нығая түседі. Біз қазір әсіресе жастар тәрбиесіне, қоғамдағы ынтымақ-бірлікке баса назар аудару керекпіз. Қоғамда татулық, тыныштық болса, өркендеп, дами түсеміз. Осы орайда құндылықтарымызды, салт-дәстүріміз жас ұрпақтың бойына сіңіргеніміз жөн.Қазақи құндылықтарды, салт-дәстүрді жас ұрпақтың бойына сіңіргеніміз жөн. Жастарға ең керегі – білім мен абырой. Сондықтан сіздердің бүгінгі еңбектеріңіз бағалауға тұрарлық. Баршаларыңызға рақмет, – деді Бердібек Машбекұлы.

 

Аудан күндері аясында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тараздықтарға азық-түлік тауарлары нарықтағыдан 10-15 пайыз төмен бағада ұсынылды.
Жәрмеңкеде өнімдердің 14 түрі Тараздың қақ төріне қойылды. Облыс әкімі ол жәрмеңкені де аралап көрді. Бұл жәрмеңкеде алманың килограмы – 300, пияз – 50, картоп – 110, жұмыртқаның бір данасы – 30, қырыққабаттың килограмы – 90, тауық еті – 900, жылқы еті – 2300, қой еті 2 мың теңгеден саудаланды. Жәрмеңке саудасын қыздырған тараздықтар мәре-сәре болып жатты.

 

Бұдан соң ашық аспан астындағы саханада Жамбыл ауданының өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ерекше безендірілген сахнада «Аса сазы» ән-би ансамблінің «Әлқисса» күйіне қойылған би концерттік бағдарламасы елге ұсынылды. Концерттік бағдарламаны да облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көпшілікпен бірге тамашалады. Концерт барысында Жамбыл ауданының айтыскерлері Айтмұханбет Исақов пен Нұрлыбек Құрманов, жас айтыскер Алихан Яшар жырдан шашу шашты.