Ақтөбеде Төлеген Айбергенов пен Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіш қойылды
15 қазан күні Ақтөбеде ақын Төлеген Айбергенов пен композитор Шәмші Қалдаяқовқа арналған ескерткіштердің ашылу салтанаты өтті.
Шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Шәмші Қалдаяқовтың апасы — Райхан Домбаева, ақын Төлеген Айбергеновтің қызы — Махаббат Айбергенова, “Әдебиет. Рух. Қоғам” атты екі күндік республикалық әдеби форумның қатысушылары және т.б. келді.
«Қадірлі ел ағалары, бауырлар! Біз бүгінгі күні «Алтын бесік — Ақтөбенің» төрінде орын алған тарихи сәттің куәгері болып отырмыз. Күні кешегіміз бүгін тарихққа айналса, бүгінгіміз ертеңгі тарих болмақ. Қазақ даласы дарынды тұлғалалардан кенде емес. Қай-қайсысының да тарих төрінен ойып алар өзіндік орны бар. Бөліп –жаратын ештеме жоқ. Дегенмен сол таланттар шоғырының ішінде Төлеген Айбергенов пен Шәмші Қалдаяқовтың орындары ерекше»,- деді Оңдасын Оразалин құттықтау сөзінде.
Ескерткіштер қала орталығында – ағайынды Жұбановтар көшесі бойындағы Ғашықтар аллеясында орналасқан. Төлеген Айбергенов ескерткішінің биіктігі — 3,2 метр. Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші композитордың қолына музыкалық аспапты алған күйі отырғышта отырғанын бейнелеген.