Қарағанды облысының үш елді мекені Қазақстанның  «30 үздік ауыл» жобасына енді

Нұра ауданының Шахтёрское, Қайнар және Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының Ералиев атындағы ауылдары «30 үздік ауыл» қатарында. Жоба Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тұлға – достық» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жүзеге асырылды. Оның аясында альбом-анықтама шығарылды, оған еліміздің ең көрнекті ауылдары туралы фотосуреттер мен ақпарат кірді.

Жоба авторы және «30 үздік ауыл» альбом-анықтамасының авторы – ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі және «Тұлға-достық» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мұратхан Шоқан.

– Биыл Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтойлық датаға орай ойын-сауық сипатында ғана емес, өзінен кейін де терең із қалдыратын ерекше жобалар жасауды тапсырды. Осылайша менде «30 үздік ауыл» жобасын құру идеясы пайда болды. Мен 14 облыстың әкімдіктеріне жүгіндім, олар маған ең перспективалы ауылдардың тізімін берді. Жаз бойы мен оларды аралап шықтым, олардың дамуын өз көзіммен бағалап, фотосуреттер мен басқа да материалдарды жинадым. Бағалау үшін халықаралық өлшемдер қолданылды, – деп атап өтті Мұратхан Шоқан.

Автордың пікірінше, үздік отыздыққа Қарағанды облысының үш ауылы – Нұра ауданының Шахтёрское, Қайнар және Жаңаарқа ауданының Ералиев атындағы ауылдары да кірді.

– Бұл ауылдарда тұрғындардың жайлығы үшін барлық жағдай жасалған. Мысалы, Шахтерское ауылында жергілікті кәсіпкер және меценат Георгий Прокоп бассейн мен басқа да нысандарды салуға көмектесті. Ол өзінің туған ауылының ғана емес, жалпы ауданның, тіпті облыстың дамуына баға жетпес үлес қосады. Жаңаарқа ауданының Ералиев ауылы Гиннестің рекордтар кітабына енді – онда өндірілетін қымыз бәріне белгілі. Бұл елді мекенде ерекше, достық атмосфера сезіледі, тұрғындар ұлттық салт-дәстүрлерге құрмет көрсетеді және сонымен бірге заманға сай өмір сүреді, – деп атап өтті ақын.

 

 

«30 үздік ауыл» жобасы сонымен қатар туған өлкенің дамуына баға жетпес үлес қосқан көрнекті ауыл тұрғындары туралы баяндайды.

– Осындай адамдар туралы айта отырып, біз олардың үлгісіне басқалардың да еліктегенін қалаймыз, өйткені тек бірлесіп қана ауылдағы өмірді жақсарта аламыз. Анықтамалық альбомның тұсаукесері 16 қазанда ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өтті. Альбом демеушілердің қолдауымен шығарылды. Оның таралымы – 2 мың дана. Сондай-ақ, жақын арада оның электронды нұсқасы жасалады, — деп қосты жоба авторы. – Бұдан басқа, болашақта мен Нұр-Сұлтанда «30 үздік ауыл» аллеясын құрғым келеді, онда әрбір адам өз бастауларына қол жеткізе алады, өйткені біз бәріміз ауылдан шыққанбыз. QR-кодтарды сканерлей отырып, қандай да бір ауыл туралы ақпарат алуға және оның өмірімен танысуға болады.

 

Жомарт Шаймұрат