Тәуелсіздік тойы Таразда да аталып өтуде
Облыс әкімінің бастамасымен Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Тараз қаласындағы аудан күндері жалғасуда. Бұл жолы «Туған жерім – дархан далам» атты Жуалы ауданының мәдениет және өнер күні өтті.
Шараға аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев қатысып, алдымен «Баласағұн» орталық концерт залында орналасқан аудан еңбеккерлерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін тамашалады. Келесі кезекте өңір басшысы кітап көрмесімен танысты.
Тәуелсіздігіміздің отыз жылдық белесіне арнап, отыз әженің ұлттық киімде ән салуы, 30 өнерпаздың бір мезгілде «Балбырауын» күйін тартуы ерекше назар аудартты. Өңір басшысы түрлі ұлт өкілдерін ұлттық тағам көрмелеріне, Қазақ хандығының тарихынан сыр шерткен көрініске жақсы бағасын берді.
Сондай-ақ, «Баласағұн» орталық концерт залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Туған жерім – дархан далам!» атты Талас ауданының Тараздағы күні аясында көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасы, төмендетілген бағамен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, спорттық ойындар, қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Көше күні» іс-шарасы аясында Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл қою рәсімі, Шерхан Мұртаза атындағы Руханият орталығының Жамбылтану мұражайында көрме көрсетілімі, Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Студенттер» үйінің алдындағы «Домбыра» стелласының маңында театрландырылған көрініс, кітап және қолөнер көрмелері, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Тәуелсіздік алғалы еліміз қауіпсіздік, ішкі істер саласына үлкен көңіл бөліп, барынша қолдау білдіріп келеді. Сондықтан, еліміздің қай аймағында ашылып жатқан полиция нысандары да Тәуелсіздік жемісі, ел қуанышы.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірінші қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес учаскелік полиция инспекторының мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстар Тараз қаласында қолға алынды.
Қазіргі таңда қала аумағында барлығы 29 учаскелік полиция тірек пунктері бар. Жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен ағымдағы жылы шаһарда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту ретінде Шөлдала иіні мен 15 мөлтек ауданында жаңа тірек пунктері берілген болатын. Бүгінгі күні Родничок иінінде тірек пункті ашылуда. Пункте барлығы 3 учаскелік полиция инспекторы бекітілген. Тірек пункті Тараз қаласы Родничок иініндегі Қайнар 6 көшесі бойында орналасқан.
Пунк учаскелік полиция инспекторына тірек пунктінің артқы жағынан қызметтік үй берілді. Аталған әкімшілік аумақта қоғамдық тәртіппен қылмыстың алдын алу үшін учаскелік полиция инспекторлары тәулік бойы тұрғындар үшін өз қызметтерін атқарады. Алдағы уақытта Тараз қаласы аумағында жоспарға сай Арай-2 және Барысхан иіндерінде тірек пунктерінің салынуы жоспарлануда.