ТАРАЗ КӨШЕЛЕРІНІҢ 14 НЕГІЗГІ ҚИЫЛЫСЫНА «АҚЫЛДЫ БАҒДАРШАМ» ОРНАТЫЛДЫ
Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласын жаңғырту, тұрғындарға жайлы жағдай қалыптастырып, көлік және жаяу жүргіншілердің көше жолдарында еркін еркін әрі қауіпсіз қозғалуы үшін бар мүмкіндіктер қарастырылып келеді.
Мәселен, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және апатты азайту мақсатында жамбылдық әкімшілік полиция басқармасы өңірдің автожолдарына 1 508 тексеру жүргізген. Бұл ретте 11 492 шақырым жол қамтылып, 9 500-ге жуық ақау анықталыпты. Оған қоса, берілген нұсқамалар аясында 3 114 жол белгісі орнатылған, 6 800 шақырымнан аса жол таңбалары сызылған, 154 мың шаршы метр шұңқыр жөнделген, 46 жол буфері ауыстырылған, 1 660 сигнал бағанасы мен 8 515 катафот орнатылған.
Бұл туралы Жамбыл облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жайдарбек Құттыбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында баяндады.
Aйтуынша, автокөлік жолдарына дұрыс қызмет көрсетпегені және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін аймақтағы 190 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен. Одан бөлек, Тараз қаласы әкімдігінің Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, Меркі ауданы, Т.Рысқұлов ауылдық округі әкімдіктері 3 млн. 71 мың теңгені құрайтын айыппұл төлеген.
Соған байланысты осы бағыттағы жұмыстар қолға алынып, Тараз қаласы көшелерінің 14 негізгі қиылысына «ақылды бағдаршам» орнатылды.
Сондай-ақ, қала әкімдігінің хабарлауынша жуырда қала аумағындағы Жайлау 21, Салтанат 27/9, Салтанат 23, Конаева 12, Абай даңғылы 275а, Абай даңғылы 133а мекен жайлары маңындағы жолдарда проекциаланған, жаңа форматтағы жаяу жүргіншілер өткелі жақын арада пайда болады.
Жаяу жүргіншілер өткелін жобалайтын ICP жарықдиодты проекторлары орнатылады. Проекторлардың саны жолдың еніне байланысты орнатылмақ.
Осылайша, 1.14.1 жаяу жүргіншілер өткелін («зебра») толығымен қайталайтын жарық дәлізі жұмыс жасайды.
Қала аумағын кеңейтіп, сәйкесінше қала тұрғындарының санын арттыру абғытындағы жұмыстар да нәтижесіз емес. Айталық, көп жылдан бері жер телімі кезегінде тұрған 1579 тараздықтардың алғашқылары ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында үлкен қуанышқа бөленді. Қала күні мерекесі аясында «Қарасу» (Құмшағал) алабынан жер телімі берілді. Бұл орайда жер телімдерінің кезекте 2005 жылғы,2006 қаңтар-сәуір айларында тұрған тұрғындарға берілетінін айта кеткен жөн.
Аталған алап электр, газ және су желілерімен қамтамасыз етілген. Қазіргі кезде дренаж желілерін тарту және көшелеріне қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жер телімдеріне қол жеткізген тараздықтарды қуаныштарымен құттықтаған қала әкімі Е.Жылқыбаев жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беру мәселесі кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.
Қазіргі кезде Асқаров көшесінің соңында, «Хамукат» және «Қарасай» алабтарында барлығы 2173 жер телімінің инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым нысандарының жобалары әзірленуде. Алдағы уақытта жеке тұрғын үй құрылысына «Арай», «Автобекет» және «Казарма» алабтарынан 2461 жер телімі дайындалатын болады.