Ынтымақтастықты нығайтқан кездесулер

Жуырда Башқұртстан Республикасына сапарлап қайтқан ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев бастаған қазақстандық делегация құрамында Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков те болған еді.

Қазақстандық делегация Башқұртстан Республикасының басшысы Радий Хабировпен және компания өкілдерімен кездескен.  Қос тарап Башқұртстан мен Батыс Қазақстан облысы арасындағы екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды, өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, өнеркәсіптік, мәдени-ғылыми, іскерлік байланыстарды арттыру мәселелерін талқылаған.

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков атап өткендей, құрамында батысқазақстандық кәсіпкерлер болған жұмыс тобы Уфа қаласында Қазақстан мен Башқұртстан елдері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған іс-шараларға қатысқан. Сонымен қатар башқұртстандық кәсіпкерлерге Батыс Қазақстан облысының инвестициялық және экспорттық әлеуеті таныстырылған.  – Бұл жолы Орал және Стерлитамак қалалары арасындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі Жол картасына қол қойылды. Уфа қаласының басшысымен екіжақты кездесу өткізіп, қос шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары бойынша өзара тәжірибе алмасу туралы келісімге келдік. Сонымен бірге Башқұртстан Республикасы күніне арналған салтанатты шараға қатыстым, – деді Абат Абайұлы.

Шаһар басшысы бұл сапар Батыс Қазақстан облысының ғана емес, Орал қаласының да дамуына тың серпін береріне сенім білдірді. Тағы бір айта кетерлігі,  сапар барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған Жол картасына қол қойылған.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

БҚО Орал қаласы