МҰҚАҒАЛИ – ДІНІН САТПАҒАН АҚЫН!

Мұқағали… Осы бір есімді білмейтін қазақ жоқ… Ақынның азан шақырып қойған аты — Мұхаметқали. Бірақ ата-анасы (Алай-дүлей заманның райынан шошып) «Пайғамбар атымен жүру ауыр тиер» деп сәби күнінен «Мұқағали» деп еркелеткен көрінеді. Кейін елдің құлағы осы есімге үйреніп кеткені анық.

Мұқағали жайлы алып-қашты әңгіме көп. Оның бірі өтірік, бірі рас. Себебі Мұқағали – аңызға айналған тұлға. Ал аңыздың ақыры – белгілі.

Адам баласы пенде. Пенде болғасын қателеседі. Қателесу, күнә жасап қою – пендеге тән нәрселер. Тек Алладан қате-күнәң үшін кешірім сұрау, жалбарыну – ұлы міндет.
Меніңше Мұқағали Алла Тағаладан үнемі медет тілеп отырған ақын. Содан да болар аузына жақсы сөздер құйылып, жағымды ойлардың қағаз бетіне төгілгені.

Мұқағалидың ұлылығы неде? Ол – Алла Тағаланы қапысыз тануында. Жүрек түкпірінде Аллаға деген ұлы махаббатының маздап жануында.
Атейстік заманның дүрілдеп тұрған уақытында «Әлем мұсылмандарына хат» жазу деген ақылға симайтын дүние ғой. Бірақ Мұқағали тәуекел етті. Еңіреп отырып жыр жазды. Оның жарыққа шықпайтынын білсе де –райынан қайтпады. Ең бастысы ниеті түзу болатын!
Мұқағалидың кейінгі шыққан кітаптарында діни өлеңдері өте көп. Бәрі де жүрек қалауымен, сезім ауанымен жазылған. Сондай шынайы. Тәубеге шақыратын имани жырлар…

Бір Алладан медет тілеген ақынды, «Адасып жүріп үйірін тапқан ақынды» Жаратушы Иесі де – қазақ поэзиясының көгіне шуағын шашқан Күн тәрізді жарқыратып қойды. Бұдан асқан бақыт бар ма ақынға!
Жоғарыда айттым, Мұқағали кітаптарында Аллаға мадақ жырлар өте көп. Соның бір сыдырғысын Сіздерге ұсынып отырмын.

Дін-ғылымның анасы,
Дін-ғылымның әкесі.
Ғылым-діннің баласы,
Дін-ғылымның көкесі.
Ғылымда бар, дінде бар.
…Қол қусырып Құдайға
Ғылым мен дін бірге бар.
**********
Сатқан емен. Сатпаймын дінімді мен.
Өлмейтұғын, өшпейтін күнін білем…»
«Алла есімі – жүрегім жұдырықтай,
Жүрегімнің соққанын біліп жүрем.
*
«Жаратушы, жалғыз Ием, қуат бер.
Азабымды-тозағымды жеңейін.
Жаратушы, жалғыз Ием шуақ бер,
Өзіме де, өзгеге де төгейін»,-
***********
«Алла-Ақиқат. Аллаға сеніп өтем,
Адалдық пен Ақиқат серігі екен.
Адаспаймын, Аллама сеніп өтем,
Арамдыққа баспаймын жолы бөтен».
************
«Я, Аллам! Жауыздықтан сақтай гөр,
Жамандыққа, жауыздыққа бастырма!»
*************
«Я, Алла! Жаратушы жалғыз Ием,
Медет бер, жапандағы жалғыз үй ем!
Хал сұрар, жай түсінер бір пенде жоқ,
Жүрек-жүн, ойым-опат, жанды жүйем».
*************
«Қолдары да, қорғаны да жоқ жан ем,
…Жасаған Ием, құлап барам, сүйей бер,
Пенделерге табына-табына болған ем»,-
***********
«…Мен адамнан жаралдым,
Ниетім жоқ айнуға.
Баласымын Адамның,
Ұқсағам жоқ маймылға!»
***********
Бәрі рас айтқанының Хақ Алламның,
Құм менен топырақтан жаралғанмын
Денемде түйірі жоқ арам қанның,
Ақиқатын аңсаймын ақ арманның.

«Құдайдың құлымын мен – мұсылманмын,
Осы ма екі ортада қысылғаның.
…Бірігіңдер, әлемнің мұсылманы,
Құрбан болсын Құдайың үшін жаның!!!
Қаны аққан қайран менің мұсылманым,
Алсын тағалам, ант етем, ант етемін,
Алла есімін кеудемнен ұшырған күн».
Мекенім Ніл дария – Меккем менің,
Келеді мәңгілікке мекендегім.
Дариға-ай, Зұлпыһарды ерттеп мініп,
Көрмеген мекеніме кетер ме едім!
Семсерін Әзірет Әлі ескек жасап,
Жерорта теңізінен өтер ме едім?!»
«Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,
Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?!
Құбылаға бет алып қол қусырып,
Сәждеге жығылатын қайда күнім?

************
«Қапелімде байқамай жүргемін бе?
Қанат бітіп келеді күннен-күнге.
Мына өмірден бір кетіп, бір келдім бе?!
Түсі бөлек баяғы гүлдердің де,
Кімдердің де, күн менен түндердің де,
Осы мен… Әлде басқа түрге ендім бе?!…
Армысың! Есі дұрыс, мият-Күнім!
Өліп қайта тірілген сияқтымын.
Жарқын өмір, жан өмір, жасыл шуақ,
Алдарыңда сендердің ұяттымын…
Алып ұшып барады қанаттарым,
Күнді ұзатып, күтемін таң атқанын.
Дәл осындай сәтіңнен адастырма,
Адастырма, өтінем, Жаратқаным!»

 

Нағашыбай Қабылбектің

фейсбук парақшасынан