Бала ақылды болуы үшін ерте жатуы керек

Баланың ойыны күн батқанда қызады. Жазда далада ойнап жүрген баланы кешқұрым үйге кіргізу оңай емес. Олар әлі «ерте ғой», «тағы шамалы ойнай тұрайыншы», «үйге өзім кіремін» деп шағымданады. Кей ата-ана «бала әлі біраз ойнауы тиіс» деп жатады. Негізінен, сіздің ұстанымыңыз өте дұрыс.

Неге деп ойлайсыз? Себебі, бала ертерек ұйықтаса, берер пайдасы мол. Оларға физикалық тұрғыда көмек болады, көңіл-күйі сергиді әрі танымы дамиды. Кей отбасылар заңдылықтарына ерте ұйықтау мүлдем сәйкес келмейді. Балаларды күн сайын ерте жатқызу оңай емес. Тым болмаса, біртіндеп басталса, уақыт өте өзі де үйреніп кетеді.

Кей балалар өзіне тиесілі уақытпен ұйықтамайды. АҚШ-та өткізілген сауалнама бойынша 11 жасқа дейінгі балалардың 30% және жас өспірімдердің жартысы өз уақытында ұйықтамайды екен. Зерттеу бойынша кеш ұйықтаған бала түн ортасында жиі оянып алады, сол себепті ұйқы жоғала бастайды. Ал ерте ұйықтаған бала ұзақ демалады әрі ертесіне сергек жүреді. Бірақ, оны күндегіден 20 минут ерте ұйықтату – ұзақ ұйықтағаны саналмайды.

 

Ерте ұйықтаудың пайдасы

Зерттеушілер 7-11 жас аралығындағы балалардың ата-аналарына оларды ерте жатуға үгіттеуін сұраған. Олар күндегіден бар болғаны 27 минут ерте ұйықтай алған екен. АҚШ-тың мектеп мұғалімдері 8-12 жас аралығындағы балаларға жүргізген зерттеуде ерте ұйықтаған баланың есте сақтау және зейін қою қабілеті жақсара түскен.

Төсегіне ерте жатқан балалар кеш жатқан балаларға қарағанда өзін әлдеқайда салмақты ұстайды әрі ашушаң болмайды. Өйткені, ми жиі тынығатын болады. Ерте жату тек балаларға ғана емес, жасөспірімдерге де пайдалы. Кешкі сағат 22.00-ге дейін ұйықтаған бала өзгелерге қарағанда 24% күйзеліске түспейді және суицид туралы ойламайды екен. Өйткені, қорқынышты ойлар түнде оралады.

Кейбір жасөспірімдер түнде біраз уақыт ұйықтамай жүріп, «сенбі-жексенбі ұйқымды қандырармын» деп ойлап, демалыс күндерін ұйықтауға арнап жатады. Бұл – үлкен қателік. Бұдан бала алаңғасар бола бастайды. Ұйқысы қанбаған бала салмақ қосуға бейім болады. Дәрігерлер мұның себебін әлі анықтай алған жоқ.

 

Бала нешеде ұйықтауы керек?

Балаға нешеде ұйықтаған дұрыс? Өкінішке орай, нақты жауап жоқ. Бәрі жасқа, күн тәртібіне және басқа да факторға байланысты. Сондықтан, бір күні тәжірибе жасап, ертеңіне баланың көңіл-күйіне, өзін-өзі ұстауына мән беру керек.

Белгілі бір уақыт аралығында баланы 20 минут ертерек жатқызуға тырысыңыз. Егер бала еш қиындықсыз ұйықтаса, демек осы әдіс оған ауадай қажет деген сөз. Ұйықтағанға дейін 1-2 сағат бұрын бала телефон ұстап немесе теледидар қарап отырмағанына көз жеткізіңіз. Жалпы адам баласы ұйқы алдында еш нәрсеге алаңдамағаны дұрыс.

Бала ерте жату үшін сіздің тараптан да көмек керек. Баланы теледидармен алаңдатпаңыз, даусын, мейлінше азайтып қойған жөн. Өзіңіз де телефонға телмірмеңіз. Үлкендердің мәселесін олардың алдында, оған қоса, ұйықтар алдында қозғамаңыз. Баланы, жалпы үйді түнгі ұйқыға дайындау керек. Жатар алдында дауыс көтеріп сөйлеп, үйдің мазасын қашырмаған абзал.

 

Ә.Сәдір