Ауыл – қазақтың алтын бесігі, қасиетті құт мекені

Ауыл – қазақтың алтын бесігі, қасиетті құт мекені. Бүгінде өркениетті ел болып, даму жолында ауылдың алар орны ерекше. Яғни, ауылдың гүлденуі — еліміздің гүлденуі. Ауылдық елді мекендерді дамыту, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, өмір сапасын жасқарту мақсатында қолға алынған «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы ауылдық елді мекендердегі ең өзекті деген мәселелерді шешуге бағытталған. Бұл бағдарламаның нәтижесін, жақсылығы мен шапағатын ауылдықтар көруде.

 

Сарысу ауданында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 2020 – 2021 жылдары жалпы құны 1 083,5 млн. теңгені құрайтын 33 жоба іріктеліп алынып, іске асырылуда.

 

Бағдарлама аясында Байқадам, Жаңаталап, Игілік және Жайылма ауылдық округтерінде құны 547,2 млн. теңгені құрайтын 30 көшенің жол жабындысы орта жөндеуден өтіп, ел қуанышын еселеді.
2020 жылы Саудакент ауылында тәулігіне 260 келушіге арналған спорт кешені бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Аталған кешенде 700-ге жуық ауыл жастары спорттың 7 түрімен тұрақты айналысуда. Осы спорт кешенінде жаттығып жүрген ауыл жастарының арасынан түрлі спорттық додалар мен байрақты бәскелерде топ жарып, үздіктер қатарынан көрініп жүрген жас спортшылар аз емес.
«Ел болашағы – білімді ұрпақ» десек, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарлама аясында Жаңаталап ауылындағы орта мектептің ғимараты мен Саудакент ауылындағы бала-бақшасының ғимаратына күрделі жөндеуден жұмыстары жүргізіліп, оқушылар мен жас бүлдіршіндер үшін сапалы білім, саналы тәрбие алуына жағдай жасалынды.

 

 

Сарысу ауданы