Қайырымдылықты дәріптеген «Достық»
Орал қаласындағы балалар аула клубтары «Қайырымдылық айлығы» аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырып, көрерменнің көңілін серпілтті.
Бір ғана «Достық» аула клубының өнерлі жеткіншектері қайырымдылық пен мейірімділік тұнған қазан айында облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылында, «Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі Орал медициналық-әлеуметтік мекемесінде», «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығында және өзге де мекеме-ұйымдарда болып, мерекелік бағдарламаларын тарту етті. Мерекелік іс-шаралар барысында аула клубының вокал және көркемсөз үйірмелерінің тәрбиеленушілері өз өнерлерін көрсетсе, қолөнер үйірмесінің жас шеберлері шеберлік сағаттарын ұйымдастырды. Сонымен бірге ұлттық ойындар ойнап, рухани кештің шырайын келтірді.
Бұлардан бөлек «Достық» клубының өнерлі балалары Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қарияларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап ұйымдастырған іс-шараларына да қатысып, өнерлерімен тәнті етті.
Еске сала кетсек, Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты «Достық» балалар аула клубындағы үйірмелерге 70-ке жуық жеткіншек тартылған. Аула клубында «Ән әуендер-ай» атты вокал, «Жүзден жүйрік» спорттық және «Шебер қолдар» үйірмелері жұмыс жасайды. Бұл үйірмелерге Ж.Аманғалиева, А.Мұсағалиева, С.Қабиева, Б.Ерсаиынов сынды білікті мамандар жетекшілік етеді. Үйірме мүшелері түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға белсене қатысып, аула клубының мерейін асырып жүр.
БҚО Орал қаласы