ЖЕҢІМПАЗ СПОРТШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ
Спорт — елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Аудан спортшылары аудандық, облыстық деңгейдегі жарыстарды былай қойғанда, республикалық, халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, көк байрағымызды алыс шет елдерде де асқақтатып жүр. Республикалық деңгейде 42 байзақтық спортшы жүлдегер атанса, ресми халықаралық спорттық іс-шараларда 6 спортшымыз Қазақ елінің туын көкке желбіретті.
Жуырда, Ақтау қаласында өткен «Ақ бидай — 2021» республикалық VII ауыл спорты ойындарында жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, ауданның ғана емес облыстың намысын қорғаған бір топ спортшыларды аудан әкімі Бақыт Қазанбасов қабылдап, құрмет көрсетті.
Бүгінде ауданымыздың құрамасы төрт жылда бір рет өткізілетін «Ақ бидай» облыстық спартакиадасында жалпы командалық есепте бас жүлдені жеңіп алып, республикалық кезеңге берілетін 4 спорт түрі бойынша жолдамаға ие болған — тұғын. Республикалық кезеңінде ауданымыздан жолдаманы жеңіп алған спорт түрлері ішінде шағын футболдан өткен жарыста бірінші орынды иеленіп, мерейімізді тасытты. Ал, армрестлингтен өткен бәсекеде командалық есепте жүлделі екінші орынға табан тіреді. Үстел теннисінен бір спортшымыз, яғни, Айкерім Асланқызы жекелей түрде чемпион атанды. Қорытынды бойынша өткізілген ойындардың жалпы командалық есебінде Жамбыл облысы 11-і орыннан 5-інші орынға ие көтерілді.
Еркін форматта өткен кездесу барысында өз құттықтауын арнаған аудан басшысы Бақыт Алпысбайұлы: «Сіздерді Ақтау қаласында өткен «Ақ бидай — 2021» республикалық VII ауыл спорты ойындарында көрсеткен жоғары жетістіктеріңізбен құттықтаймын! Аудандардың дене шынықтыру және спорттағы деңгейлерін байқайтын облыстық кешенді спорттық іс-шараларда Байзақ ауданының командасы ылғи да алдыңғы жүлделі орындарда көрінуі спортшылар мен жаттықтырушылардың, спорт саласындағы қызметкерлердің, яғни, Сіздердің ерен еңбектеріңізбен жасалған жұмыстар мен жүйелі ұйымдастырылған спорттық жобалардың нәтижелері мен көрсеткіштері деп білемін. Сіздерді тағы да жеңістеріңізбен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін» — дей келе, қазақ елінің спорт саласындағы жетістіктері мен табыстары арта беретініне сенімін білдірді.
Сондай-ақ аудан басшылығы тарапынан көрсетіліп жатқан құрметке №8 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қол күрес жаттықтырушысы Ілияс Жансақалов пен Сарыкемер мектеп — гимназиясының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, шағын футбол құрамасының капитаны Әлібек Джолдасов ризашылықтарын жеткізді.
Кездесу соңы марапаттауға және естелікке суретке түсуге ұласты.