Жемқорлықты жоймай, Жолдау орындалмайды!

Бұл күн қоңыр күздің келгенін де айғақтайды. Білім күнімен қабаттасып жыл сайын Президент халыққа Жолдауын жариялайды. Биыл да сол дәстүрден жаңылған жоқ. Жолдау қолда, «бірақ оны қалай жүзеге асыруға болады?», – деген батпан сауалдың жауабын қазіргі билік бере ала ма? Рас, шенеуніктер жыл сайын Жолдау жариялағанда: «Өйтейік те, бүйтейік. Біз Жолдауда айтқандай өйтіп жатырмыз, бүйтіп жатырмыз», – деп тура тау қопарғандай айқай-сүреңге салып, абы кіріп, күбі шығып дегендей әркім Президенттің алдында көзге көрініп қалғысы келеді. Бұл әдіс Н.Назарбаевтың кезінде де айна қатесіз осылай жүзеге асатын. Содан ол айқай-сүрең біртіндеп саябырлап, бәсеңдеп, кейін Жолдау жөнінде олар еске де алмайды. Әрине біраз мәселелер шала-пұла жүзеге асып жатады. Бізді құртатын нәрсе осы шала-пұлалық. Яғни қай салада болсын немкеттілік бар. Сондай-ақ өз саласын жетік білмейтін жас мамандар жоғары билікке келіп жатыр. Бұл өте қауіпті. Бірақ олардың дені жемқорлықты, парақорлықты жақсы меңгерген. Жемқорлық жайлаған ел өзегі, тамыры шіріген бәйтерекпен тең. Жыл сайын салақұлаш Жолдаудың ішіндегі мәселелердің орындалмауы жемқорлықтың кесірі, кесапаты. Ол «салтанат» құрған мемлекеттің болашағы бұлыңғыр. Егер оның тамырына балта шаппасақ, биылғы қабылданған Жолдаудың тағдыры да бұрынғылардың аяғын құшатыны сөзсіз. Ал біздегі парақорларды жою үшін «ұр, тоқпағым, ұр!» деген сияқты алып балта керек. Ол балтаны ұстаған жендет жемқордың кез келгенін талғамай басын шабуы тиіс. Себебі жемқорлық Отанын сатқанмен пара-пар. Қытай несімен мықты? Осындай аяусыз әдісімен мықты.

Ертай Айғалиұлы