Оралдық құтқарушылар күміс жүлдеге ие болды
Жерлестеріміз «Қазқұтқару-2021» көпсайысы бойынша халықаралық жарыстың күміс жүлдегерлері атанды деп хабарлайды Орал қалалық төтенше жағдайлар басқармасының баспасөз қызметі.
Қыркүйек айының 27-жұлдызында өз мәресіне жеткен «Қазқұтқару-2021» көпсайысы бойынша халықаралық жарыс Алматы облысының Тамғалы Тас шатқалында орналасқан «Жартасты қала – Астана» оқу-жаттығу полигонында өткен. Бұл сайысқа республикалық жедел-құтқару жасақтарының құтқарушылары, «Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі (Орал қаласы)» мемлекеттік мекемесінің жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, Қазақстан Республикасы ТЖМ 28237, 52859, 68303 әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері, сондай-ақ Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан Республикасының ТЖМ құтқарушылары қатысты.
«Қазқұтқару-2021» көпсайысы бойынша жарыс шеңберінде қатысушылар «техногендік апаттар жағдайындағы іздестіру-құтқару жұмыстары», «акваториядағы іздестіру-құтқару жұмыс-тары» және «табиғи ортадағы іздестіру-құтқару жұмыстары» кезеңдерінен өтті. Нәтижесінде Батыс Қазақстан облыстық ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары екінші орынға ие болды.
Жалпы бұған дейін де оралдық құтқарушылар құтқару көпсайысы бойынша жүлдеден құр алақан қалған емес. Айталық, екі рет жарыс жеңімпазы атанса, бес рет екінші жүлделі орынға және төрт рет үшінші орынға ие болған.