Даму даңғылына түскен Шымкентте…
жұмыспен қамту көрсеткіші де жоғары
Тарихшылар 2200 жылдық тарихы бар деп болжаған көне Шымкент қаласы бірнеше ғасыр бұрын да Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі сауда және мәдени орталық болғаны белгілі. Даму серіппесінен айнымаған шаһар бүгінде республикадағы үшінші мегаполистен үміткер, халқы тығыз орналасқан, өнеркәсібі мен кәсіпкерлік саласы дамыған қалаға айналған. Соңғы бекітілген бас жоспарға сай қаланың аумағы, ресми тілмен айтқанда, әкімшілік-аймақтық шекарасы 47 мың гектардан 116,3 мың гектарға дейін ұлғайғанын көзі қарақты оқырмандар жақсы біледі. Халқының саны 891 мыңнан астам.
Қандай қала, мемлекет болмасын жергілікті тұрғындары үшін өмір сүруге қолайлылық туғызатын негізгі факторлары — ауа райының жайлылығы мен азаматтардың жұмыспен қамтылуы. Шымкенттің жазы ыстық болғанымен, ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге қолайлы, ал қысы жылы. Бұл диқаншылықпен айналысамын деушілерге берілген үлкен мүмкіндік. Дегенмен, тұрғындардың барлығы дерлік бір кісідей диқаншылықты кәсіп етеді деу әбестік болар. Сол себепті кәсіпкерлік, өнеркәсіп саласын сөз етпей, жұмыссыздық немесе жұмыспен қамту мәселесіне байланысты біржақты пікір айту қиын. Елбасының өзі халықты жұмыспен қамтуда негізгі деген осы салаларға басымдық беруді тапсырған-ды. Ендеше, Шымқаланың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай, тұрғындарды жұмыспен қамту қаншалықты нәтижелі іске асырылуда? Осы тақырып төңірегінде аз-кем талдау жасағанды жөн көрдік.
Әрине, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылу деңгейін байқау үшін алдымен қаладағы өнеркәсіп орындары мен кәсіпкерлік субъектілеріне, халыққа қызмет ететін әлеуметтік нысандардың жиілігіне назар аудармай болмас. Қазіргі кезде облыс орталығында 543 өнеркәсіп орындары, 75 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілер, 127 мектеп, 325 балабақша, 98 мәдениет және 781 спорт нысандары жұмыс істейді.
Экономиканың күре тамыры өнеркәсіп пен кәсіпкерлік екенін ескерсек, олардың қаламыздағы даму деңгейі қандай? Ресми статистикаға сүйенсек, қаладағы өнеркәсіп өнімінің көлемі осы жылдың алғашқы алты айында 155,9 миллиард теңгені құрап, өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 5 пайызға өскен. Қала бюджеті 103,0 миллиард теңгеден асып, бір жыл бұрынғы қаржыға қарағанда 21,0 миллиард теңгеге артқан. Әрине, небәрі бір жыл ішінде қала қазынасының осыншама қаражатқа толысқаны қажырлы еңбек пен жүйелі жоспардың арқасында ғана келетін мақтанарлықтай көрсеткіш деп айтуға болады.
«Біздің басты мақсат — Шымкентті қала тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы қалаға айналдыру» деген ұранды ту еткен қалалық әкімдік осы мақсатқа қол жеткізу жолында ең үздік технологияны енгізуге, қаланың инвестициялық және іскерлік белсенділігін қолдауға барынша жұмыс жасауда.
Елбасы Н.Назарбаев 2012 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе агломерацияларын дамыту жөнінде бағдарлама әзірлеуді тапсырып, осының негізінде 2014 жылдың 28 маусымында Үкіметтің «Өңірлерді дамыту — 2020» бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаға сәйкес Шымкент агломерациясына изохрон тәсілі (1,5 сағат ішінде көлікпен қолжетімділік) таңдалып, орталығы ретінде Шымкент қаласы, Сайрам, Төлеби, Ордабасы, Бәйдібек, Түлкібас, Қазығұрт аудандары, Арыс қаласы енгізілген.
Агломерациялық процестерді тиімді ұйымдастыруда транспорт саласының маңызы өте зор. Осы мақсатта қалалық әкімдік тарапынан қалаға кіре беріс 5 жерден жолайрық (развязка) құрылысын салу мақсатында жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде. Бас жоспарға сәйкес қаланың 4 бағытында жерлердің егжей-тегжей жоспарлау жобалары дайын. Атап айтқанда, әкімшілік-іскерлік орталығы, «Тұран» шағынауданы, Сауран, Ташкент бағытында «Ақтас-1» шағынаудандарында көп қабатты тұрғын үй құрылысын дамыту жоспарланған. Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда бірінші кезекте шаһарды солтүстік бөлікке қарай дамытқан тиімді болып тұр екен. Себебі солтүстікке қарай, біріншіден, әкімшілік-іскерлік орталығы салынып жатса, екіншіден, «Тұран» шағынауданының жерлері бос, инженерлік-коммуникациялық жүйелерді тартуға ыңғайлы.
Оқырмандарға мәлім, бүгінде әкімшілік-іскерлік орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Оның аумағы 280 гектарды құрайды. 38 мыңнан астам халық қоныстанады деп есептелген. Бүгінгі күнге дейін бұл аймақта 4 105 пәтерлі 57 көп қабатты тұрғын үй, облыс әкімдігінің ғимараты, 5 әлеуметтік нысан, 1 медициналық орталық, 1 қазандық және 3 коммерциялық нысан пайдалануға берілген.
«Тұрғын үй құрылысын дамыту» бағдарламасының шеңберінде биылғы жылы 3 777 пәтерлі 64 тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. Нәтижесінде биылғы жылы 1851 пәтерлі 41 тұрғын үй, «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы арқылы 122 бөлмелі 1 жатақхана және Өзбек көшесі бойындағы апатты үйдің орнына жаңадан 33 пәтерлі 1 жатақхана пайдалануға беріледі. Жалпы алғанда, қалада іске қосылған тұрғын үй көлемі өткен жылғымен салыстырғанда 2,9 есеге артқан.
«Тұран» шағынауданында салу жос-парланған «Shymkent City» қалашығының бүгінде егжей-тегжей жобасына өзгерістер енгізіліп, 2016 жылғы бюджеттен инженерлік-коммуникациялық жүйелердің құрылысына және 270 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысын бастауға қаржы бөлінді. Қалашықтың жоспарланған аймақ көлемі 407,7 гектарды құрайды. Болашақта 70,0 мыңға жуық халықты тиімді орналастыруға, заманауи талапқа сай көпқабатты тұрғын үйлер, көріктендірілген демалыс орындар, аллеялар, ойын-сауық сауда орталықтарын салуға мүмкіндік болады.
44 кәсіпорында 4 мыңнан астам адам жұмыс істейді
Шымкент қаласында көлемі 337 гектарды құрайтын «Оңтүстік» және 89 гектарды алып жатқан «Тассай» индустриялық аймағы мен 200 гектарға орналасқан «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы бар. 2015-2019 жылдары индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде құны 415,6 миллиард теңгені құрайтын 44 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл межеге қазірдің өзінде қол жеткізіліп, 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Жалпы алғанда, қазіргі таңда облыс орталығында 75 102 кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, бұл салада 130 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Қала экономикасындағы ең тартымды салаларға инвестициялар тарту бағытында қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен «Хоргос-Қазақстан» бизнес форумы және Қытайдың Шэньси провинциясының бизнес өкілдерімен сауда-экономикалық форумы өткізілді. Ал экономиканың тағы бір күре тамыры — кіші және орта бизнесті ынталандыру мақсатында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығымен бірлесіп, жүлде қоры 2,0 миллион теңгені құрайтын ең үздік 10 старт-ап жобаға «Innovation» байқау өткізілді.
Аудандардан халық қалаға негізінен ауылшаруашылық өнімдерін өткізуге, яғни сауда жасауға базарға келеді. Осы ретте қаланың орталығындағы базарларды қала тұрғындарына және шеттен келетін азаматтарға ыңғайлы әрі тиімді етіп орналастыру қажеттігі туындайды. Осы қажеттілікті өтеу мақсатында ауылшаруашылық өнімдері сатылатын «Қазыбек» базарын Алматы-Термез тас жолының бойына көшіру, Асар шағынауданынан «Шымкент мол» сауда орталығын салу жоспарланды. Өткен жылы 10 базар басшыларымен келісім жасалып, «Бекжан» базарын толығымен қайта құру жұмыстары аяқталса, «Шымкент тұлпар» базарында құрылыс жұмыстарының 1-кезеңі аяқталды. Ал «Көктем», «Айна» базарларында құрылыс жұмыстары басталып, 6 базарда жобалау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, биылғы жылы сауда алаңы 48,0 мың шаршы метрді құрайтын «Шымкент плаза» атты алып сауда-ойын сауық орталығы ашылмақ.
Ауылшаруашылық саласында Сайрам тұрғын алабы маңынан 20 гектар жерге жеке инвестордың есебінен «Мал сою бекеті» мен «Мал сату кешені» салынуда. 2017-2020 жылдары 136 гектар жерге өнеркәсіптік жылыжай кешенін, 7,0 гектарға 3000 бастық 2 мал бордақылау кешенін, 1 мал соятын цех, 3,0 гектар жерге тауарлы сүт фермасын, 1,0 гектарға құрама жем өндіру цехын, 49,0 гектарға гүл және ағаш питомнигін ашу жоспарда бар. Бұл жобаларды іске асыру арқылы қала аумағынан азық-түлік белдеуін құруға мүмкіндік ашылмақ. «Сыбаға» бағдарламасының жылдық жоспары 152, «Құлан» бағдарламасы 2 есеге, «Алтын асық» бағдарламасы 2 есеге артығымен орындалды. Нәтижесінде ауылшаруашылық өнімінің жылдық өсімі 104,3 пайыз болады деп күтілуде. Азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыру үшін апта сайын «Қажымұқан» стадионы және 4 аудан аумақтарында тұрақты түрде жәрмеңкелер өткізілуде.
Қаланы абаттандыру — шаһардың абыройын асқақтататын негізгі бағыттардың бірі. Осы мақсатта шет аймақтағы елді мекендерді көріктендіру басты бағытқа қойылды. Сайрам ауданының аумағынан өткен Мәртөбе, Сайрам елді мекендеріндегі саябақтарды қайта құру жұмыстары басталды. Сонымен қатар, 7 гүлзар мен саябақ, Бадам, Қошқар ата өзендерінің жағалауын көріктендіру жұмыстары жүргізілуде. Қала тұрғындарының ұсыныстары бойынша Абай, Әл-Фараби, Еңбекші аудандарында 69 ауланы көріктендіруге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Биылдан бастап тұрғындардың қауіпсіздік шаралары күшейтуге айрықша көңіл бөлініп, 686 ауланы түнгі жарықтандыруға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Нәтижесінде қаладағы барлық аула толығымен жарықтандырылады. Ал жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 23 мектепке баратын 23 шақырым тротуар төселіп, 11 көше қиылысына бағдаршам, 6 мектеп аумағынан жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам, 27 мектеп және балабақшалар маңындағы жолдарға 325 метр жасанды жол кедергілері, 54 мектеп маңында 108 ақпараттық-көрсеткіштік жол белгілері орнатылды. Бұл жұмыстар өз нәтижесін бермей қойған жоқ. Жылдың алғашқы жартысында жол көлік оқиғасының саны өткен жылға қарағанда 148 жағдайға, қаза болғандар саны 8 адамға азайған.
Апатты және үш ауысымды мектептерді жою — көп жылдан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан келелі мәселелердің бірі. Қазіргі таңда 14 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде биылғы жылы апатты 1 мектептің мәселесі толығымен шешілмек. Үш ауысымдағы 7 мектептің құрылысы басталып, екеуінің құрылысы аяқталды. Қалған 5-уін келесі жылы аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, биылғы оқу жылына дейін 1500 орындық 2 жаңа мектептің, 600 орындық 1 мектептің қосымша құрылыстары пайдалануға беріледі.
Спортсүйер қауымды жақында ашылған «Жоғарғы спорт шеберлігі» қуанышқа бөледі. Онда жекпе-жек, күрес, интеллектуалды ойын түрлерінен кәсіби спортшылар дайындалатын болады. Қала тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту мақсатында «Shymkent Bike» жобасы жүзеге асырылуда. Осы жылы 200 велосипедке арналған 40 велостанция жоспарланып, қазіргі таңда 11 станция қызмет көрсетуде. Қала тұрғындары үшін 10 жерден «Street workout»-пен шұғылдануға арналған алаңшалар ашу жоспарланып, бүгінгі күнге 4 жерден ашылды.
Қала көркі кіреберістен басталатынын ескерсек, бірінші кезекте әуежай, теміржол вокзалынан келетін және қаланың орталық көшелерін көріктендіру қажет екені айтпаса да түсінікті. Биылғы жылы 7 көше қиылысында көріктендіру жұмыстары атқарылуда.
Алты айда 9858 адам жұмыспен қамтылды
Халықты жұмыспен қамту мақсатында «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Биылғы жылы бағдарламаға 13 869 адамды қатыстыру жоспарланып, алғашқы алты айда 9 858 адам қамтылды. Бағдарлама шеңберінде халыққа сапалы қызмет көрсету үшін биылғы жылдан бастап «Бір терезе» қағидасы бойынша арнайы ғимарат іске қосылды. Бұл ғимарат қызмет көрсетуге өте ыңғайлы және өтініш жасаған азаматтар барлық қызмет түрлерін бір жерден алады.
Мүгедек жандарға ыңғайлы жағдай жасау үшін инватакси қызметі көбейтіліп, 9 инватаксимен 269 азаматқа қызмет көрсетілді. Аз қамтамасыз етілген азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру мақсатында 28 453 балаға 18 жасқа дейінгі жәрдемақы, 141 отбасына атаулы әлеуметтік көмек, 703 отбасына тұрғын үй көмегі төленді.
Иә, Шымкент қаласында халықтың игілігі үшін атқарылып жатқан шаруа аз емес. Дегенмен, қала халқының саны жылдан-жылға артуына байланысты күн тәртібіне көтерілген мәселелер де көбеюмен келеді. Ендеше, жергілікті атқарушы билік органдарын әлі де қыруар шаруа күтіп тұр деген сөз.
Шымкент биылғы туған күнін 9 күн тойламақ
Қоңыр күзбен қатарласып келетін туған күнін Шымкент жыл сайын ерекшелеп атап өтеді. Биыл бұл мереке 9 күнге созылмақ. Оны өткізу үшін қала қазынасынан 25 миллион теңге қаралған. Әрине, тоғыз күн бойы тек қана той тойлау емес, өзге де түрлі игі іс-шаралар іске асырылуда. Мәселен, 17 қыркүйек күні жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылып, зиялы қауым өкілдерінің, ардагерлер мен жастардың қатысуымен көшеттер отырғызылды. Тәуелсіздік саябағы мен Наурыз алаңында жастардың қатысуымен «Шымкент, мен сені сүйемін!» атты флэшмоб ұйымдастырылды. Келесі күні қала тұрғындарын бұқаралық спортқа баулу және қызықтыру мақсатында 5 шақырым қашықтыққа жүгіруден эстафета өтті. Оған 7 жас пен 65 жас аралығындағы 4 мыңнан астам шымкенттіктер қатысты. Мұндай спорттық сайыс Шымкентте осымен 17-рет өткізіліп отыр. Сайыс қорытындысы бойынша 12 аталым бойынша 30 жүлдегер түрлі дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.
Жастар жағы жүгіріп жатқанда, ардагерлер арасында шахматтан турнир, ал мемлекеттік қызметкерлер мен депутаттар арасында бильярдтан жарыс ұйымдастырылды. Бұдан әрі мектеп оқушыларының мерекелік бағдарламасы, «Шымкент аруы» байқауы өтіп, сәрсенбінің сәтінде қала басшысы белсенді жастармен кездесті. Журналистердің де еңбегі ескерусіз қалмады. Бұқаралық ақпарат құралдары арасында жарияланған байқау жеңімпаздары арнайы марапатталса, опера және балет театрында балаларға арналған «Алтын сақа» қысқаметражды фильмдер фестивалінің ашылуы болды. Ал 23 қыркүйекте қала әкімі перзентханаға барып, осы күні туылған «Ең жас» және «Ең қарт» азаматын құттықтайды деп күтілуде. Сондай-ақ, осы күні қарттар мен балалар үйіне қайырымдылық акциясы ұйымдастырылмақ.
Сенбі, яғни 24 қыркүйек күні орталық ипподромда ұлттық спорт ойын түрлерінен жарыс ұйымдастырылып, Қазақ хандығының 550 жылдығы монументінің алдында Шымкент қаласының шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасы көпшілікке ұсынылатын болады. Кешкісін Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала концерт өтетін болады.
Қала мерекесінің құрметіне орай жеті күн бойына орталық «Қажымұқан» атындағы стадионда ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылуда. Мұндағы тауар бағалары дүкендегілерден, базардағылардан әжептәуір арзан. Әр ауданнан келген сатушыларға тиімді жағы қарастырылған. Олар үшін жайлы орындар бар. Ал осында келіп, өз өнімдерін саудалағаны үшін ешқандай салық салынбайды. Әрі жәрмеңкеге әкелінген әр тауар сапасы қатаң қадағалауда болады. Жәрмеңкенің алғашқы күні Ордабасы мен Түркістан дихандары жұртшылыққа өз өнімдерін ұсынды. Бұл күні тұтынушылар бал татыған қауын-қарбыз, ет, сүт, шұжық өнімдерін сатып алып, мәре-сәре болды. Тұрғындар осындай арзан бағадағы жәрмеңке ұйымдастырғаны үшін қала әкімдігіне алғыстарын айтуда. Жәрмеңкеде апта бойы екі ауданнан өз өнімдерін ұсынатын болады. Оған 97 кәсіпкер мен 10-нан астам компания қатысуға ниет білдіріпті.
Шадияр Молдабек