Нұрлан Ноғаев Шетпе ауылындағы карьерлер туралы: Кәсіпкерлер халықтың наразылығын тудырмай жұмыс істеуі керек

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Маңғыстау ауданына барған сапарында бірнеше жылдан бері Шетпе ауылының тұрғындары мен қиыршық тас өндіруші кәсіпкерлер арасында дауға айналған карьерге барды,- деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Екі тарапты тыңдаған облыс әкімі карьер иелеріне жұмыстарын қатаң заң талаптарына сай, халыққа зиян келтірмей істеу керек екенін атап өтті. Осыған дейін ауыл тұрғындарынан карьердегі жарылысқа, шаң көтерілуіне, жүк тиелген көліктердің автожолға келтіріп жатқан зияны жөнінде шағым түсірген еді.

 

 

— «Маңғыстау облысының әкімдігі» Telegram чат-арнасы ашылғалы бері Шетпе тұрғындары бұл мәселелерді күн сайын көтеріп келеді. Мемлекеттік орган басшылары аталған мәселені шешу үшін ұсыныстар әзірлеу туралы тапсырма алды. Кәсіпкерлердің жұмысын бақылау маңызды, олар қолданыстағы заң талаптарын сақтай отырып, халықтың наразылығын тудырмай жұмыс істеп керек. Кәсіпорындар жұмыс орындарын құрып, жергілікті бюджетке салық төлеуі тиіс. Бұл жұмыстар өркениетті жүргізілуі керек, — деді Нұрлан Ноғаев.

 

Сондай-ақ, кездесуде өндіріс маңына онлайн-бейнекамера орнатып, шыға беріс жолға жүк көліктерінің салмағын өлшеп, қозғалысты бақылайтын пунктер қою және т.б. ұсыныстар айтылды.
Аталған ұсыныстардың барлығын облыс әкімінің тапсырмасы бойынша құрылған жұмыс тобы жинап, пысықтайтын болады.