АУДАНДЫҚ СПАРТАКИАДА
Бүгін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Сарысу ауданы әкімдігінің ішкі саясат пен спорт және денешынықтыру бөлімдері ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметкерлер арасында аудандық спартакиада өтті.
Ауданда бұқаралық спортты дамыту, мемлекеттік қызметшілердің спорт нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз ету басымдықтарын жүзеге асыру, Жолдауды насихаттау, мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтымен дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде айналысуға тарту, мемлекеттік қызмет имиджін қалыптастыру мақсатын көздеген шараның салтанатты рәсімі аудан әкімі Марат Сұлтанғалиевтің құттықтау сөзімен ашылды.
— Бүгінгі іс-шарамыз мемлекеттік қызметшілер арасында өткелі отыр. Бұл, әрбір мемлекеттік қызметшілер арасында ынтымақтастық және ұдайы, тұрақты түрде спортпен шұғылдануға жетелейтін іс-шара.
«Дені саудың – жану сау» – демекші, осындай денсаулықты нығайтуға бағытталған шараларды көптеп өткізу жөн болады. Аудандық спартакиаданы ашық деп жариялаймын, – деген Марат Қырғызәліұлы жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
Мемлекеттік Гимн орындалған соң, қатысушыларға төрешілер мен жарыстың тәртіп – ережелері таныстырылды.
Жарысқа қатысушы он команда алты ойын түрінен сынға түсті.
Соның ішінде үздік болып бірінші орынды Жаңатас, екінші орынды аудандық полиция бөлімі, үшінші орынды төтенше жағдайлар мен қорғаныс бөлімдері жеңіп алды.
Ал, ынталандыру сыйлығына прокуратура және ұлттық қауіпсіздік комитетінің аудандағы бөлімі, Игілік, Байқадам, Жаңаталап ауылдық округтері ие болды.
Сондай-ақ, шахматтан Әділет Исмайлов, дойбыдан Заңғар Сейдалиев, гір көтеруден Әкімбек Түлеков, қол күресінен Асқар Айбосынов, бильярдтан Жандарбек Смағұлов, арқан тартудан Нұржан Әбжаппаровтар үздік ойыншы деп танылды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылар тағайындаған Кубок, медальдарімен және Грамоталармен, жеңімпаздар мен ынталандыру сыйлығы «Жамбыл адалдық алаңы» жобалық офисінің қаржылай және аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің сыйлықтарымен марапатталды.
Сарысу ауданы